Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Жалған ақпар жарға жығады

Жалған ақпар жарға жығады

Немесе жаңа арка төңірегіндегі шындық неге жасырылады? 

Қатардағы адам өтірік айтса, бір адамның жанын жаралайтын шығар, ал шенеунік жалған сөйлесе бүкіл елге зияны тиеді. Өкінішке қарай, Елбасы тарапынан да шенеуніктерге халықпен жақын болу, жалған сөйлемеу тапсырылғанымен, ол тасада қалып қоюда. Мұндай жайт жуырда Сайрам ауданы шенеуніктері тарапынан орын алды. Егер аудан әкімі Бақияр Мамаев бұл келеңсіздікті тез арада жоймаса, түбі жақсылыққа апармасы анық.

Сайрамдық шенеуніктерге қатысты не себепті бұлай деп отырмыз? Оқырманның есінде болса газетіміздің өткен санында «Арка үшін қыруар ақша шығындаудың қаншалықты қажеттілігі болды? Әлде Сайрам ауданында бұдан басқа маңызды шаруа қалмаған ба?» – деген тақырыпта мақала жазғанбыз. Тақырыбы айтып тұрғандай, әңгіме Қарабұлақ ауылының кіре берісіне салынып жатан арка туралы болған. Оны жазу барысында Сайрам аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақылбай Жақыпбеков пен Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Әбдіғапур Абдуқадыровке хабарласқан болатынбыз. Олардың берген жауаптарынан жаңа арканың салынып бітіп, ескісін ауылдың басқа тұсындағы қақпасына қойылғанын білдік.

Мақала газетке шыққан күннің ертеңіне Қарабұлақ ауылындағы қыруар ақша жұмсалып салынған су жаңа арканы өз көзімізбен көргіміз келіп, сол ауылға бет түзедік. Мәссаған, безгелдек. А.Жақыпбеков «салынып бітті» деген жаңа арканың құрылысы енді ғана басталып жатыр екен. Көңілде күдік болмас үшін біз Сайрам ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Жақыпбековпен телефон арқылы болған әңгімені сөзбе-сөз назарларыңызға ұсынайық. Бәлкім оның сөзін біз дұрыс түсіне алмадық па,әлде… Дұрысы, өзіңіз оқып көріңіз. «Ескі арканы да пайдаланады. Оны Қарабұлаққа төрт жерден кіреді ғой. Колхоз Жамбылдан кіреді шекарасы, потом ана не жақпен шекарасы, сөйтіп сол жерлерге де нелер орнатады. Ал мынау Батыс Қытай-Батыс Еуропа несі болғаннан кейін, үлкен трасса болғаннан кейін сол жерге көрінетін, не ғылатын болып, несі кішкене былай арка болғаны жөн. Бұрынғысы темірден еді ғой. Мен сіздерге ескі суретін жіберейін. Жаңасы бітті уже по моему, жаңасы бітті.

Қарабұлақтағыны өзгерткені, анау ескірген. Заманның талабына сай емес. Соны басқа жаққа ауыстырамыз деді да. Ол да пайдаланылады. Оны біреу неғып, құртып қойған жоқ қой. Кесіп алып, басқа жаққа орнатып қойды да. Ал мынаны жаңадан істетіп, көз тартымды болсын деп көзге неғылатындай қылып жөндеген ғой. Қанша тұратынын ЖКХ бөлімінен біліп берейін…».

Бөлім басшысының «ескі арканы кесіп алып, ауылдың басқа шетіне қойды» дегені мүлдем шындыққа жанаспайды. Темірден емес, кірпішпен өріліп тұрғызылғандықтан, ол бұзылып, төбесінен жүргізілген (бекемдік үшін болса керек) темір бүгінде Қарабұлақ ауылының ортасында көпір қызметін атқарып тұрғанын бізге жергілікті тұрғындар көрсетті. Сол жерде тұрып ауылдық округ әкімі Ә.Абдуқадыровқа телефон шалғанымызда: «Жұмыста емеспін, інішек той жасап жатыр еді. Бұрынғы қақпа Фахрадин Қаратаевтың әкім кезінде асар жолымен салынған. Сол бас болған. Сол организовать қылған. Қақпаға көп жыл болған. Бүгінгі таңда ол жол облыстық маңызы бар жол болғандығына байланысты, қақпаның арасы алты метр болып қалды да. Сонымен ол қақпа бұзылып, жаңасын мемлекеттік бюджеттен ақша қарастырылып, істеліп атыр. Барлық ауылдардың келбеттері жаңадан істеліп жатыр ғой. Таза іші 6-8 метр еді. Қазір оның арасын 20 метр етіп жасап жатыр. Ол кезде техника қазіргідей көп емес еді», – деп жауап қатты (сөзбе-сөз беріп отырмыз).

«Дұрыс екен» деп ойладық. Алайда, іргетасы әлі толық бұзыла қоймаған ескі арканың ұзындығын өлшеп кеп жібергенімізде ауыл әкімі айтқандай 6-8 метр емес, 12 метр екен. Бұған сол жерде жаңа арканың құрылысымен айналысып жүрген жұмысшылар да куә болды. Осы жайтты әкім Ә.Абдуқадыровқа қайта хабарласып айтқанымызда ол ескі әдетіне салып, «ескі арканың ұзындығы 6 метр, көп болса 8 метр, одан аспайды» дегенді қайталаумен болды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынан байқағанымыз және өзіміз фундаментін көріп топшылағанымыздай, ескі арканың қабырғалары өте сапалы, бекем тұрғызылған екен. Оның үстіне тым кішкентай да емес. Былайша айтқанда, әлі қаншама жылдар қызмет етуге әбден жарайтын екен. Жергілікті тұрғындар оны арнайы құралдармен бірнеше күнде әрең бұзғандығын айтады. Соған қарағанда ескі арканы бұзарда ауыл әкімінен бастап аудандағы тиісті мекеме басшыларына дейін оның көлемі мен сапасын арнайы келіп, көзбен көрмеген секілді. Әкімнің «арканың ұзындығы 6 метр» деген сөзіне сене салған ба, қалай өзі? Салдары не болды? Жарамды, дайын нысан бұзылып, жаңасын тұрғызуға қазынадан 15 миллионға жуық теңге жұмсалған. Дәлірегі, шығынға жол берілген. Ал бұл әрекет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «әкімдер бюджеттің әрбір тиынының мақсатсыз жұмсалғанына жауап береді» деген тасырмасына қайшы келіп отырған жоқ па? Бюджеттің қаржысын желге ұшыру – қылмыс. Егер осындай қылмысқа жол берілген болса (мұны құқық қорғау органдары анықтауы тиіс), демек құрылысқа қатысы бар лауазым иелерінен бастап, аудан әкіміне дейін жауап берулері тиіс.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы «жаңа арка үшін қазынадан қанша қаражат жұмсалғанын біліп беремін» дегенімен, ол уәдесінде де тұрмады. Кейін қанша хабарласқанымызбен, телефонын көтермеді. Сол себепті бұл мәліметке ресми емес адамдар арқылы қол жеткізуге тырыстық. Мердігер компания қызметкерлерінің сөзіне сенсек, жаңа арка үшін қазынадан 15 миллион теңгеге жуық ақша қаралған екен. Бір арка үшін осынша қаражаттың қаралуы тым көп емес пе деген күдікті оймен өзімізше қарапайым есепке жүгініп көрдік. Бірақ, (бәлкім маман болмағандықтан да шығар) бәрібір 15 миллион теңгенің шығынын есептеп шығара алмадық.

Қазақта «судың да сұрауы бар» деп тегін айтпаған. Жаңа арканың соғылуына қандай мәжбүрлік туындады және ол үшін қазынадан нақты қанша қаражат жұмсалды? Осы сауалымызға, Бақтияр Мамаев мырза, өзіңіз нақты жауап бермесеңіз, қарамағыңыздағы қызметкерлеріңіздің қай сөзіне сенерімізді білмей қалдық. Қысқасы, Сізден жауап күтеміз. Мәселенің мән-жайын өзіңіз ажыратып беріңіз. Ал жалған ақпар берген қызметкерлеріңізге қандай шара көруді өзіңіздің «патша көңіліңізге» қалдырдық. Бір ескеретіні – өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам екендігі. Оның соңы жақсылыққа апарған жері жоқ. Ал жалған сөйлейтін адамның бұл «қасиетін» бір-ақ күнде қойып кетуі қиын. Мүмкін емес десек те болады.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика