Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Бигалиевтің жұмбақ өлімі

Бигалиевтің жұмбақ өлімі

  бірталай былықты әшкере ететін секілді

Оңтүстік өңіріне жақсы танымал болған білікті дәрігер, қолы алтын хирург Мәди Бигалиевтің өліміне қатысты ел арасында әр түрлі алыпқашты әңгіме желдей ескені белгілі. Одан бері де жарты жылға жуық уақыт өтті. Жуырда марқұмның өмірінің соңғы сәттерінде орын алған оқиғаларға қатысты мәліметтерді жариялаған «Время» газеті жаға ұстатар деректер келтіріпті. Бигалиевтің жұмбақ өлімі бірқатар былықтарды әшкере ететін секілді. Біз осы басылымда шыққан журналист Михаил КОЗАЧКОВтың мақаласын қазақшаға аударып, назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.   

«Өмірінің соңғы сәттерінде Мәди Бигалиев өзінің кінәсін мойындап, жемқорлыққа қарсы күзет мекемесіне судьяға пара бергені жөнінде арыз жазған екен…

…Ақпан айының басында Шымкентте елді елең еткізген жайсыз хабар тарады: өмірден №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Мәди Бигалиев өтті. Өлімнің себебі – суицид. Тәжірибелі хирург өзіне жарақат салып, көп қан жоғалту салдарынан қайтыс болды. Өңірге танымал адамды мұндай қадамға баруға не нәрсе итермеледі? Біз дәрігердің өзін өзі өлтіру оқиғасының алдында оның өмірінде қандай жағдайлар болғанын білдік.

Мәди Бигалиевті Шымкенттегі ең танымал дәрігерлердің бірі еді деп айтуымызға толық негіз бар. Ол өзінің 40 жылдың еңбек тәжірибесінде тоғыз мыңнан астам ота жасаған. Науқастар оған алғысын жаудырып, журналистер сұхбат алу үшін кезекке тұратын. Әрине, ол басқарған аурухананы көшбасшы мекеме болды деп айту қиын шығар, бірақ дәрігер жеке меншік медициналық орталықтарда ем алуға мүмкіндігі жоқ қарапайым жандарды өте ауыр жағдайдан аман алып қалу үшін бар күш-жігерін жұмсайтын. Сол себепті дәрігердің кенеттен келген өлімі оны білетін және құрметтейтін жандар үшін ауыр соққы болғаны сөзсіз.

Хирургтың өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген жайтқа сыбайлас жемқорлыққа байланысты дау себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Редакцияға осы болжамды растайтын құжаттар келіп түсті.

Оқиға осыдан бір жыл бұрын басталыпты. Дәлірек айтқанда, 2018 жылдың тамыз айында және Шымкентте емес, Алматыда. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының жұмысына тексеру жүргізген прокурорлар басқарма басшысы Серікбол Мусиннің жұмысына қатысты заңбұзушылықтарды анықтайды. Осылайша басқарма басшысының басына қара бұлт үйіріледі. Осы кезде басқарманың бір қызметкері тексерушілермен келісімге келу жөнінде бастама көтереді. Нәтижесінде іс 25 мың доллармен шешілетін болып келісіледі. Алайда, бұл «келісімнің» ізін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері аңдып жүрген болып шығады. Нәтижесінде С.Мусин мен аталған басқарманың бірнеше қызметкері пара беру күдігімен қолға түседі.

Ұсталғандардың арасында Мәди Бегалиевтің күйеу баласы да болады. Міне, прокурормен арада делдалдық жасаған да осы кісі болып шығады. Белсенді қылмыс жасаушы сыбайлас ретінде күдікті болған ол тергеу изоляторына жабылады. Осыған уайымдаған дәрігер күйеу баласына көмектесуге бел буады.

Сөйтіп, бұрын судья болып істеген бір танысымен байланысып, одан күйеу баласына көмектесе алатын адам тауып беруін өтінеді. Қараша айының алғашқы күндері ол танысы көмектесуге келісім берген Марат деген бір кісінің телефон номерін береді. М.Бигалиев онымен кездесу үшін шұғыл түрде Алматыға ұшып кетеді. Алғашқы кездесуде бас дәрігер ең алдымен күйеу баласына қатысты қамау санкциясын өзгертіп, СИЗО-дан шығарып алу жөнінде өтініш айтады. Өз кінәсін мойындап келу арызында хирург Маратқа 10 мың доллар бергені және біршама уақыттан кейін күйеу баласына қатысты санкция қамақтан үйқамаққа ауыстырылғаны көрсетілген.

Арада бір апта уақыт өткеннен кейін Мәди Қожаұлы әлгі Маратпен оның көлік жүргізушісі арқылы қайта байланысады. Жүргізуші бастығының іссапарға кетуіне байланысты енді онымен Астанада кездесуге болатынын айтады. Сөйтіп олар «Хан Шатырда» шай ішуге келіседі. Дастархан басында көмектескені үшін рахмет айтқан бас дәрігер күйеу баласына қатысты қылмыстық істі біржолата тоқтатуға бола ма деп сұрайды. Дәрігердің айтуынша, Марат бұл мәселені 100 мың долларға шешіп беруге келіскен. Бірнеше күнде айтылған соманы жинаған бас дәрігер қайтадан астанаға ұшып барып, әлгі кафеде кездесіп, береді. Алайда, осы оқиғадан кейін арада бір айдай уақыт өткенімен, бас дәрігердің күйеу баласына қатысты мәселе шешіле қоймайды. Осыдан кейін дәрігер қайтадан Мараттың жүргізушісі арқылы жаңа кездесуге келісіп, осы жылдың 11 қаңтар күні астанаға тағы ұшып барады. Бұл жолы Марат әлгі ақшаның жетпей жатқандығын, тағы да 70 мың доллар қажет екенін айтады. Бигалиев бұл ақшаны да жинап, 25 қаңтар күні астанадағы әлгі кафеде сұрағанын береді. Алайда, бас дәрігердің не ойлағанын кім білсін, әйтеуір осы оқиғадан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне жүгініп, өз кінәсін мойындап барады. Өз кінәсін мойындау арызында осы жайттардың барлығын жіпке тізгендей етіп жазып береді.

Бас дәрігер бұл қадамға өз еркімен барды ма, әлде біреулер пара беру қылмысын мойнына жүктеймін деп қорқытып, мәжбүрледі ма? Әзірге бұл жайт құпия күйінде қалып тұр. Бір анығы – іс ресми түрде тіркелген. Тіркелген күннің ертеңіне-ақ жемқорлықпен күрес қызметкерлері астанаға ұшып барып, «Хан Шатырдағы» аталған кафедегі бейнебақылаудан бейнежазбаны алады. Осыған байланысты арнайы түзілген хаттамада 25 қаңтар күні сағат 12-ден 21 минут өткенде кафеге Мәди Бигалиев кіріп, екінші кабинкаға келіп отырғаны көрсетілген. Өзімен бірге қоңыр түсті сөмке немесе папка болған. Араға жарты сағат салып дәрігер отырған кабинкаға қолында ештеңе жоқ орта жастағы ер адам кіреді. Бес минуттан кейін қолына әлгі қоңыр түсті сөмкені ұстаған ер адам сауда орталығынан шығып кетеді.

Тергеу барысында олардың не сөйлескендері де белгілі болады. Олар алдымен шай мен кофенің қайсысының зияны көп екені талқыланады. Дәрігер өзі тәжірибеден өткізген оқиғамен бөліседі. Ал мәселе ақшаға ауғанда Бигалиев Маратқа әлдекімдердің тағы 50 мың доллар сұрап жатқанын айтып кеңес сұрайды. Мұның арандату болуы мүмкін екенін, сол үшін бас тарту қажеттігін ескерткен Марат бірнеше күннен кейін Шымкентке жаңалықпен ұшып келетінін айтады.

Тергеу осы кезге дейін 180 мың доллар алған әлгі Мараттың кім екенін де анықтады. Жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің болжамынша оның толық есімі – Марат Елемесов болуы мүмкін. Ол 2018 жылдың желтоқсан айының ортасына дейін Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы болып қызмет етсе, жыл соңында Алматы қалалық сотына судья болып ауысқан.

Өмірінің соңғы сәттерінде Мәди Бигалиевтің басында не жағдай болғанын қазір нақты айту қиын. Қалай болғанда да ересек адамның өз өмірін қиып тастап кетуі кездейсоқ оқиға емес. Оның өз қылмысын мойындап келу арызы қазір қаралып жатыр ма, ол жайында нақты мәлімет жоқ. Сол себепті жемқорлықпен күрес қызметіне арнайы сауал жолдадық. Ал Марат Елемесов қазірге дейін Алматы қалалық сотының судьясы қызметін атқарып жүрсе, М.Бигалиевтің күйеу баласы өз іс-әрекетіне өкінетіндіктен, қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Оның бұрынғы бастығы Серікбол Мусинов пара бергені үшін айыпталып, 40 миллион теңге айыппұл төлеуге үкім етілген».

 

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика