Иә, биылғы бірінші қыркүйекте, яғни алғашқы қоңырау соғылатын білім күнінде Шымкент қаласында 4 жаңа мектеп оқушы қабылдап, жұмысын бастайтын болады. Бұл, әрине, үшінші мегаполис тұрғындары үшін әлеуметтік даму тұрғысындағы өте жағымды жаңалық. Дегенмен, Шымқалада демографиялық өсімнің нәтижесінде жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер саны 12 мыңға артып отырады екен. Осы жайтқа сәйкес мектептердегі үш ауысымда оқыту, оқушы орнының тапшылығы, ыңғайластырылған мектептер мәселесі өзектілігін арттыруда. Бүгінгі таңда 19 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Аталған мәселені шешу мақсатында мемлекет есебінен 15 мектептің құрылысы басталған болса, одан бөлек мектептерде жан басына қаржыландыру жүйесін ендіру, жекеменшік мектептерде оқыту мемлекеттік тапсырыс беру арқылы жүзеге асырылатын болады. Мәселен, бүгінде үшінші мегаполисте 11 жекеменшік мектепке 5 454 оқушы мемлекеттік тапсырыс арқылы орналастырылды. Жаңа оқу жылында 130 мектеп жан басына қаржыландыру жүйесіне көшеді. Осылайша жыл соңына дейін үш ауысымда оқытатын мектептердің 32 пайызы немесе 6 мектеп мәселесі шешілетін болады.
Жалпы алғанда, 2019-2020 оқу жылын Шымкент қаласы 253 мемлекеттік, 445 жекеменшік білім беру ұйымдарындағы 294 мыңнан астам білім алушылармен бастамақ. Бұл туралы кешегі аптаның бейсенбісі күні Шымкент қаласында «BILIM jane GYLYM» деген атаумен өткен тамыз конференциясында айтылды. Ұлағатты ұстаздар бас қосқан жиынға Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов, қалалық білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айгүл Текебаева, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген қонақтар қатысты.
Білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айгүл Текебаеваның баяндауынша, 2019 жылы Шымкент қаласының білім саласына 77 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, былтырғы жылмен салыстырғанда 35 пайызға артқан. Алдағы ең маңызды мәселелердің бірі – қысқа дайындық барысында білім мекемелердің жылыту жүйелері қысымдаудан өткізіліп, қатты және сұйық отын толық жеткізіліп, күзгі-қысқы мерзімдегі жылыту маусымына дайындық жұмыстары толығымен аяқталған.
Білім беру мекемелерінде әлеуметтік жағдайы төмен 30 697 бала тіркелген. 2019 жылы жалпыға міндетті білім қорына 1 миллиард 152 миллион 170 мың теңге қаралған. Ол қаржыға әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан 13 841 оқушы ыстық тамақпен, 7 241 оқушы жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалыспен қамтылды және 9 272 оқушыға «Мектепке жол» акциясы барысында көмек көрсетілді.
Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – бала тәрбиесі екені баршамызға белгілі. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы қылмыс өзектілігін жойған жоқ. Дегенмен, олардың алдын алу жұмыстарын жүйелендірудің, күшейтудің арқасында бірқатар нәтижелерге қол жеткізілуде. Айталық, Шымкент қаласы бойынша 2019 жылдың 7 айында 4 суицид оқиғасы орын алса, 2018 жылдың 7 айында осындай 13 оқиға тіркелген болатын. Жасөсіпірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мақсатында 2018 жылы жергілікті бюджеттен 60 миллион теңге қаржы бөлініп, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жобасымен жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде суицид көрсеткіші 70 пайызға төмендеді.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Қуанышұлы конференцияда бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Мәселен, газетіміздің өткен санында біз жазған мектеп формасына қатысты пікірін былай деп білдірді: «Жа
сыратыны жоқ, мектеп формасы жылда жаңа оқу маусымы басталғанда үлкен шудың басы болып келеді. Себебі, біздің тұрмысымызда әлеуметтік шиеленістер, жағдайы төмен отбасылар бар екенін жақсы білесіздер. Мектеп оқушыларының формасы әр мектепте әр бөлек. Мектептердің әрқайсысы өз формасын бекітіп алған. Мәселен, ата-ана үйінің жанындағы лицейге баласын оқытқысы келсе, ол лицейдің оқушы формасы тым қымбат тұрады. Әлеуметтік наразылық осындайдан туындайды. Бұл жерде мектеп оқушыларының да формасын бірыңғай жүйеге көшіру керек. Мектеп формасын бизнеске айналдырып, ақша табудың көзі қылуды доғару керек».
Сонымен қоса, балаларды кішкентайынан рухани құндылықтарға баулу қажеттігін айтқан Е.Айтаханов оқушылардың рухани дамуын жетілдіру, ұлтжандылыққа, мәдениетке тәрбиелеу мақсатында үш жылдық «Ұлттық тәрбие тұжырымдамасын» әзірлеуді тапсырды.
Жиын соңында бірқатар ұстаздар Білім және ғылым министрлігі мен қала әкімінің грамоталарымен, арнайы сый-сияпаттарымен марапатталды.