Күзетшінің журналистің құқына қол сұғуға қандай қақысы бар?

Журналист болғаннан соң ел ішінде көп жүреміз. Әртүрлі лауазым иелерінің қабылдауында болуға тура келеді. Алайда, қазіргі таңда халыққа барынша ашық болуы тиіс мемлекеттік мекемелерде қызметкерлердің келушілердің құқын аяқасты ететін оқиғалар көбейіп барады. Өзгелерге сабақ болсын деген оймен кешегі аптада Ордабасы аудандық білім бөлімінде болған оқиғаны оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Қасиетті жұма күні қызмет барысымен Ордабасы аудандық білім бөлімі ғимаратының табалдырығынан аттадық. Түске дейін біздің ғимарат ішіне кіріп-шығуымызбен шаруасы болмаған кіре берістегі күзетшінің түстен кейін талабы өзгеріп шыға келді. Ішке кірейік десек, телефонымызды тастап кетуді талап етіп тұр. Біз жеке мүлкімізді ешкімге бермейтінімізді айтып, өтіп кеттік. Бірақ бөлім басшысы Шұға Нұрабаеваның қабылдау бөлмесіне жақындай бергенімізде соңымыздан келген әлгі күзетші қасымдағы жігіт пен маған айқайлап қоя берді. Мен әйел болғандықтан бата алмаса керек, қасымдағы жігіт журналистің жеңінен тартып, көкірегінен итеріп, сыртқа шығармақшы болды. Тіпті сыртқа шықсаң көресің деп қорқытқаны өте дөрекі болды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрайымы Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның ұялы телефондарға қатысты «Бұл бұйрық тек қана мемлекеттік қызметкерлерге арналған. Кейде жергілікті әкімдіктер журналистерге смартфон пайдалануға тыйым салады. Бұл қызмет бабын асыра пайдалану болып табылады және ешқандай заң талабына сай келмейді», – деген сөздерін дәлел ретінде көрсетуге тура келді. Алайда, күзетші Д.Назарбаеваның ондай сөздерімен таныс еместігін білдіріп, алған бетінен қайтпай, бізді ғимараттан сүйреп шығаруға тырысты. Білім бөлімінің бас маманы Мұхитбек Сәрсенбековтен бастап бірнеше адам оған басу айта алмады.

Біз күзетшінің бұл әрекеті «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң талаптарына қайшы екенін, біздің журналистік міндетімізді атқаруға кедергі келтіріп отырғанын түсіндіруге тырысқанымыбен, ол тыңдағысы келмеді. Заң алдында хан да, қара да бір. Сол себепті біз өздерін өзі істейтін мекеменің қожайынындай, ешқандай заң жүрмейтіндей сезінетін азаматтардың есіне төмендегі талаптарды салғымыз келеді. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 5-тарауы 20-бабында былай делінген: 1) Журналистің ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға; 2) мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға, жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданғаннан басқа жағдайда өзiн тiркеген орган өткiзетiн барлық шараларға қатысуға; 3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, жазбалар, соның iшiнде оларды дыбыс-бейне техникасын, кино-фото түсiру құралдарын пайдалана отырып жасауға құқығы бар».

Заң білместікті кешірмейді. Кімде кім бұл заңнан бейхабар болса, танысып алудың зияны болмас. Өйткені, олардың заң білмеуі журналистің кәсіби жұмысын атқаруына кедергісін келтірмеуі тиіс. Күзетшінің дөрекі іс-әрекеті туралы біз бөлім басшысы Шұға Нұрабаеваны құлағдар еттік. Ол кісі бір шешім шығарар деген ойдамыз.

Сол күні біз түске дейін бас маман Мұхитбек Сәрсенбековтың қабылдауында болғанбыз. Сол кезде күзетші ғимаратқа кімдердің кіріп, кімдердің шығып жатқанына назар да аудармады. Телефон туралы мүлде сөз қозғамады. Бәлкім бұл жағдайға аудандық білім бөлімінің басшысы Ш.Нұрабаеваның түске дейін Түркістанда жиналыста болғаны себеп болды ма екен? Әйтпесе, түске дейін түкпен ісі болмаған адамның түстен кейін бірден қатал болып шыға келуі мүмкін бе? Сонда күзетшінің міндеті не? Жалпы бөлімдегі қауіпсіздікті қадағалау ма, әлде бөлім басшысының жеке басын күзету ме? Сонда бөлім басшысына ешкім шаруа айтып келмеуі керек па? Шынтуайтына келгенде халыққа қызмет ететін мекемелерде халықтың маңдай терінен құралған қаржыны шығындап, күзетші ұстаудың қаншалықты қажеттілігі бар?

Мұндай жағдай тек Ордабасыда ғана емес, көп аудандарда кездеседі. Сол себепті күзетшілерді қысқартып, үнемделген қаражатты көп балалы аналардың мұқтаждығына жарататын кез жеткен секілді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған