Бұл қасқырға қой баққызғанмен бірдей емес пе?
Бір жылдан бері талқыланып келе жатқан мұғалімнің мәртебесiн анықтау шарасы мәреге жақындаған секілдi. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов көптен күткен «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісіне таныстырып, депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Алдағы уақытта бұл жоба мәжілісте, одан кейін Сенатта талқыланып, мемлекет басшысына ұсынылады.
Дайындалған Заң жобасы министрдің үстелінің үстінде жатқанда Ордабасы ауданының Шұбар ауылындағы Д.Қонаев атындағы мектепте оқыс оқиға орын алды. Осы мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі есірткі сатты деген күдікпен қамауға алынды. Әрине, бұл ауданның білім саласы үшін айтуға ауыз бармайтын, ашық күнде найзағай ойнағандай жайсыз жағдай болғаны шындық. Қазіргі таңда күдіктіге айып тағылып, тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты оқшаулау мекемесіне қамалды.
Әрине, біз бұл оқиғаға байланысты күдіктер дәлелін таппай, күдіктінің ақталып шығуына тілектеспіз. Алайда, күдік расталса ше? Бұл бүкіл ұстаздар қауымының атына кір келтіретін өте ауыр жағдай болғалы тұр. Өзгені былай қоғанда оқушыларды, яғни Сіз бен біздің балаларымызды салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақыратын адамның есірткі сатуы ешқандай да шеңберге сыймайтын, кешірімі болмайтын масқара емес пе? Сонда біздің балаларымызға кімдердің дәріс беріп жүргені?
Әрине, тауарын сатқысы, оның үстіне жасырын түрде саудалағысы келген адамның тұтынушы таңдамайтынын түсіну қиын емес. Бұл адам санасындағы күдікті одан сайын қоюлатады. Осы оқиғадан кейін көпшілік арасында «ол адам «өз тауарын» оқушыларға да сатпасына кім кепіл?» деген күдік-күмәнға толы сауал туындайтыны анық. Егер шынымен де мұғалімнің оқушыларға есірткі сату оқиғасы орын алған болса, онда еліміздегі бұл жүйенің әбден іріп-шірігенін білдірмейді ме?
Жалпы, бұл жайт өзгелерге де ащы сабақ болуы тиіс. Осындай ой маза бермеген соң біз аудандағы білім ордаларында есірткіге қарсы жұмыстардың қандай деңгейде жүргізіліп жатқанына көз жеткізу үшін журналистік зерттеу жүргізгіміз келді. Осы мақсатта сапарымызды мұғалімі есірткі саудасына қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген Ордабасы ауданына барып, білім бөлімінің бас маманы Мұхитбек Сәрсенбековтен сұхбат алдық. Мұғалімнің есірткімен ұсталғанын бұрын-соңды естімегенін мойындаған Мұхитбек Түймебекұлы мұндай жағдайдың тіпті, тарих үшін де жат екеніне қынжылыс танытты. Сонымен бірге мектептерде жоспарға сай кездесулер өткізіліп тұратыны, оған құқық қорғау орындары мен медицина саласының қызметкерлері қатысатынын сөз қылды. Мұны түсен кейін білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаеваның аузынан да естідік.
Бұл азаматтар өз сөздерін дәлелдеу үшін бөлімдегі осы салаға жауапты Раушан Досқара мен Ұлтусын Мұратбекті шақырып, тиісті құжаттарды беруді тапсырды. Олардың қолында «Жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және болдырмау мақсатында атқарылған іс-шаралар жоспары» бар екен. Онда қандай жұмыстың қашан атқарылуы керектігі, яғни орындалуы тиіс жұмыс жоспары нақты көрсетілген. Бірақ, осы қағазда көрсетілген жоба-жоспарлар іс жүзінде қаншалықты атқарылып жатыр? Бізді қызықтырған осы сауал болды. Осыған байланысты «нашақорлыққа қарсы іс-шара нақты қай мектептерде өтті» деген сұраққа Ұ.Мұратбек алғашында Шұбарсу ауылындағы мектепте өткенін айтқанымен, ойын жылдам өзгертіп, «Шұбар ауылындағы Қонаев мектебінде өтті, оған өзім қатыстым», – деп жауап берді. Бірақ өздерінде сол жиынның өткендігі туралы хаттама жоқ болып шықты.
«Дайын болмай қалды, мектепке барсаңыздар хаттаманы көруге болады», – деген соң, ат басын Д.Қонаев атындағы мектепке бұрдық. Мектеп директоры Жадыра Рахманқұлова ондай кездесудің ұйымдастырылғанын растады. Бірақ, бізге ол туралы нақты ақпар айтып бере алмады, іс-шараның ұйымдастырылғаны жөніндегі хаттаманы да қолымызға ұстатпады. Дәлірек айтқанда, директор аталған хаттаманы бере алмайтынын ашық айтты. Түкті де түсінбей қалдық. Мұғалімі есірткімен ұсталған мектепке журналистің өзі арнайы іздеп барып, нашақорлыққа қарсы атқарылған жұмыстарды жарыққа шығаруды ұсынып жатқанда қуана келісіп, атқарған жұмыстарын рет-ретімен баяндап берсе, өздеріне ұпай емес пе? Жоқ, олар өйтпеді. Ұпай жинайтын жерде құпияға беріліп, мәліметті жасырғысы келгені ақылынан алжаспаған адам үшін түсініксіздеу әрекет екен. Жоқ әлде ол хаттамада жазылғандардың барлығы шылғи өтірік пе? Бәлкім ол мұғалімі есірткі саудасына күдікті ретінде ұсталғаннан кейін толтырылған жалған хаттама ма екен? Құжатқа қатысты қандай құпия барын білмедік, әйтеуір мектептегі нашақорлыққа қарсы жүргізілген насихат жұмыстарының хаттамасын ақыры ала алмадық. Осыдан кейін-ақ есірткіге қарсы насихат жұмыстарының деңгейін байқауға болады емес пе?
Жалпы, Д.Қонаев атындағы мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі есірткімен ұсталды деген күдікке ілігудің өзі жақсылықтың нышаны емес. Демек Ордабасы ауданында бұдан кейін нашақорлыққа қарсы іс-шараны тек оқушыларға арнап емес, ұстаздарға қатысты да өткізудің іс-жоспарын түзген дұрыс секілді. Осындай олқылықтардың орын алуына басшы кінәлі ме, әлде бүкіл ұжым мүшелері ме? Оқушылардың тәрбиесімен басы қатып жүргенде енді мұғалімдер бір-бірінің де тәртібін түзетуге атсалысып жүрмесе болғаны. Қалай болғанда да «Мешкей деген жақсы ат емес» демекші, мұғалімнің есірткі саудасына қатысы бар деген сөздің өзі бұл саладағы жұмыстың ақсап жатқандығын білдірсе керек.