Арыс қаласын қалпына келтіру барысы жайында тағы бір жағымды жаңалықты жұртшылық назарына жеткізгенді жөн санадық. Өткен аптада «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-ның төрағасы Сауат Мыңбаев Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Арыс қаласындағы басты көрікті жерлердің бірі – теміржол вокзалында болды.
С.Мыңбаев Арыс темір жол стансасындағы көлік инфрақұрылымы нысандарын қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесімен танысты. Шойын жол нысандарында жүргізілген барлық жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталған. Жарылыс салдарынан темір жол торабында орналасқан 60-тан астам қызметтік-техникалық ғимараттар, көптеген тұрғын үйлер зақымдалған болатын. Қысқа уақыт ішінде көне теміржол вокзалы толық қайта жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енген. Қала өміріндегі тарихи да маңызды нысанның күрделі құрылысын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүргізді.
Арыс – Орта Азия қақпасы, тоғыз жолдың торабы атанған теміржолшылар кенті. Халқының басым көпшілігі темір жол саласында қызмет етеді. Биыл Арыс қаласының 1-теміржол вокзалына 115 жыл толып отыр. Іргетасы 1904 жылы қаланған көне ғимараттың іші-сырты толық жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи сәулеті сақталып, ұрпаққа көне жәдігерлердің бірі болып қалмақ.
Сондай-ақ қаланың кіреберіс қақпасы – Арыс шаһарының тағы бір сәулетті туындысына айналды. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстарын мойнына алып, қаржыландырған – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы. Ашылу салтанатына федерация төрағасы Ералы Тоғжанов пен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, тұрғындарға құттықтау тілектерін білдірді.
«Өңіріміздегі сәулеттік жобалардың ұлттық нақышта болғаны құба – құп. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аумақты айшықтайтын көріністер жаңа жобаларда көрініс тапқанына назар аудару өте маңызды. Маусымдағы қайғылы оқиғадан кейін қолға алынған Арыс қаласын жақсылыққа бастайтын берекелі қақпа болады деп сенемін», – деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.
Сонымен қатар, аймақ басшысы өз сөзінде қақпаның құрылысын қолдап, көмек берген еліміздің Кәсіподақтар Федерациясы басшылығына алғысын білдірді. Кез келген шаһардың өзіне тән қайталанбас, айрықша келбеті болады. Осындай мазмұны мен мағынасы зор айтулы жобаға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы демеушілік жасаған. Арыс қаласының көркейіп, гүлденуіне бір кісідей жұмыла кірісу бүкіл елге ортақ іс болды. Қаланың Бас қақпасы соның тағы біл дәлелі болса керек. Салтанатты жиынға «Nur Otan» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы мен ардагерлер, қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Ашылған қақпадан алғашқы болып облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы бастаған топ жаяу жүріп өтті.
Жаңарған, жасарған Арыс қаласының кейбір нысандарында әлі де жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қорқыныштың арты қуанышқа, қайғының соңы жақсылыққа ұласқанын көріп-сезінген арыстық тұрғындар осы күнге шүкіршілік етіп отыр.