Көңілді күпті етіп отырғаны – баға мәселесі
Қазақстан бойынша мақта Түркістан облысында ғана өсіріледі. Онда да барлық ауданда емес. Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Ордабасы, Кентау өңірлерінде шаруалардың негізгі табысы осы мақтаға тікелей байланысты.
Осыдан бірнеше жыл бұрын шаруа қауымы ала жаздай баптаған «ақ алтынды» қайда өткізерін білмей, өткізгендерінің бағасын төмендетіп, әбден әбігерге түскені естен шыға қоймады. Бірақ соңғы жылдары бұл өнімнің бағасы әжептәуір көтеріліп, шаруалардың шекесі шылқымаса да қарыздарынан құтылып, біраз қоң жинағаны бар. Бұл мақтаға деген қызығушылықты арттырып, нәтижесінде биыл егістік көлемі бұрынғыдан да артты.
Өткен жылы зауыттар бір келі мақтаға 180 теңгеден төлеген. Шаруаларда биылғы баға да осыдан төмен болмас деген үміт болған. Бірақ бүгінде оларда «үмітіміз ақталмайды ма» деген күдік басым. Себебі мақта бағасы әлі күнге белгіленбепті. Осы жайт көңілді күпті етіп отыр. Қазіргі кезде Жетісай мен Мақтаарал өңірлерінде бірінші терім аяқталуға жақын.
Біз осы мәселеге орай Шардара ауданының тұрғыны Кәдірбек Ахметов деген азаматқа хабарласып көрдік. «Мен жүз гектарға мақта ектім, – деді К.Ахметов. – Қазірге дейін терілген 60-70 тоннадай өнімді зауытқа өткізіп қойдық. Енді 25 гектар жердің мақтасы комбайн жетіспеушілігіне байланысты терілмей тұр. Баға әлі белгісіз. Әзірге зауыттар мақтаны қабылдап, қолымызға тоннасы ғана көрсетілген қағаз және әр тоннасына аванс ретінде 100 мың теңгеден беруде. Онда да әрбір тоннадан 150 келі салмақты қоқыстары үшін деп қысқартып қалады. Былтыр бұл уақытта мақта бағасы 175-180 теңге болып белгіленген болатын. Қазір мақтамен айналысатын әрбір адамда «баға қандай болар екен?» деген күдік-күмәнді сауал бар. Зауыттар мақтаны қабылдап болғаннан кейін бағасын түсіріп жіберсе не болмақ? Әйтеуір, «көппен көрген ұлы той» деп өткізіп жатырмыз. Өзімнің бес баламнан тараған жиырмадан аса немерем бар. Әулетімізбен негізгі нәпақамызды осы мақтадан айырамыз. Егер оның бағасы төмен болса таза шығынға батамыз».
Шардаралық шаруаның сөзінен кейін біз тағы да бірқатар азаматтардың пікірін білуге асықтық.
Дінмұхамед Аязбеков, Мақтаарал ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі: – Ауданымызда бірінші терім аяқталуға жақын. Екінші терімді бастап жатқандар да бар. Ауа райы қарасар болса, үшінші терімнен үміттілер де жоқ емес. Былайша айтқанда, өнім жаман емес, алайда, әлі баға белгіленген жоқ. Бұл бойынша жұмыстар жүргізілуде. Шындығын айтқанда, мақта бағасына әкімдік араласа алмайды.
Талғат Әліқұл, Шардара ауаны әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің басшысы: – Бізде бірінші терім әлі аяқталған жоқ. Жаппай терім басталды. Бірақ, бағаны нақтылай алмай отырмыз. Осы мәселеде көпшілік әкімдікке қарайды. Біз бағаны белгілей алмаймыз. Тіпті оған араласуға да құқымыз жоқ. Дегенмен шаруалардың зиян шеккенін қаламаймыз. Сондықтан жұмыстар жүргіземіз. Тоннасына 100 мың теңгеден «аванс» ретінде беріп жатыр екен.
Шынын айтқанда, біз былай тұрсын, бағаны облыс та белгілей алмайды. Мақта құны – Ливерпуль биржасындағы бағаға тәуелді. Қала берді халықаралық жағдайлардың да өзіндік әсері барын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Қытай мен АҚШ-тың арасындағы алауыздық жағдайдың тауар бағасына әсер етуі ғажап емес. Дегенмен, алдағы бір аптаның шамасында баға көтеріледі деген болжам бар. Қымбаттаған жағдайда үстіндегі ақысын береді. Қарап отырмыз, индекс өсіп жатқан сыңайлы. Бұл бағаның көтерілгенін көрсетеді. Бағаның жоғары болғанына біз де мүдделіміз.
Мамандардың пікірі осындай. Өткен жылы бұл уақытта мақта бағасы 180 теңге болып, шаруалар қуанып қалған. Биыл жағдай басқаша. Мақтаның өнімділігі жаман емес, тек бағасы көңілді толқытып тұр. Қазақта «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі», – деген сөз бар. Сол айтқандай, халықаралық аренадағы алпауыт елдердің өзара алауыздығының да кесірі Түркістан облысындағы шаруаларға тиіп жүрмесе болғаны.