Түркістанның облыс орталығына айналғаны – қаланың кезекті бір даму сатысына өткендігін көрсетеді. Жаңадан салынып жатқан ғимараттар осының бір ғана дәлелі. Қаланы көгалдандыру мәселесі де облыс басшылығының басты назарындағы дүние. Одан басқа жарық пен кәріз жүйесі жаңартылып, жолдар кеңеюде. Мұның барлығын көріп-біліп отырған қала халқы мен қонақтары бірнеше жылдан кейін Түркістанның адам танымастай жаңа кейіпке енетініне сенімді.
Түркістанды дамыту мәселесі облыс әкімінен бастап, Үкімет басшысы мен Президенттің де назарында тұрғаны – қаланың баянды болашағына деген сенімді одан әрі ұлғайтары анық. Қаланы дамыту мәселесін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев әр аптадағы аппараттық мәжілістерде міндетті түрде күн тәртібіндегі мәселе ретінде талқыға салуды үрдіске айналдырған. Нәтижесінде көптеген жұмыстар атқарылып, жаңа жобалар қолға алынуда.
Нақты мысал келтірер болсақ, қазір шаһардың тең жартысынан астам аумағында газ құбырлары жүргізілді. Осы кезге дейін түркістандық тұрғындар үшін көгілдір отынның қызығына кенелу арман болып келгені жасырын емес. Құзырлы мекеме қызметкерлеріне халыққа көмірден гөрі көгілдір отынды қолданған экологиялық әрі қаржы жағынан тиімді екендігін түсіндіру және қамтамасыз ету тапсырылды. «Қаланы секторларға бөліп, жылыту маусымына дайындықты күшейту керек. Түркістан қаласын газбен қамту, көгалдандыру және экологиялық жағдайын жақсартуды мықтап қолға алу қажет. Арыс тәжірибесін қолданып, сапасына қатысты талапты да дәл сол деңдейде жүргізуіміз керек», – деді облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы жиналыс барысында.
Арыс қаласындағы құрылыс және зардап шеккен үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Қараша айының басында құжат рәсімдеу және ішкі әрлеу жұмыстары да аяқталуы тиіс. Сондықтан ендігі күш Түркістан қаласын көркейтуге бағытталмақ. Өткен демалыс күндері Түркістан облысында жалпыхалықтық сенбілік өтіп, 22 мыңға жуық көшет отырғызылған. Өңірді көгалдандыру мақсатында Түркістан қаласының айналасында «Жасыл белдеу» қалыптасып келеді. Жалпы Түркістан облысы бойынша 1,3 миллионнан астам ағаш егіледі.
Мәжілісте экологиялық ахуал да сөз болды. Өмірзақ Шөкеев өңірді күл – қоқыстан тазартып, тазалықты сақтауды жергілікті басшыларға қадағалауды тапсырды. Жиында облыстағы орман және аңшылық шаруашылығына қатысты мәселелер ортаға салынды. Мамандар сексеуілдің сиреп бара жатқанына алаңдаулы. Бұл мәселеге қатысты алдағы уақытта нақты шаралар жүзеге асырылмақ.
Әлеуметтік желілерде Түркістанды көгілдір отынмен қамту мәселесіне сенімсіздік танытып жатқандар да жоқ емес. Әрине, оған себеп – осы кезге дейін қалада газ жүйелерінің болмауы шығар. Дегенмен, жергілікті атқарушы билік өкілдері жобаланған жұмыстардың бастау алғанын, оның жоспарланған уақытта жүзеге асатындығына сенім білдіріп отыр. Ендеше, жақсы іске тілеулес болғанға не жетсін. Бұйыртса, түркістандықтардың көмір жағып қиналып емес, газ жағып рахаттанып отыратын күн алыс емес деп ойлаймыз.