Дәрігерлерді ақ халатты абзал жандар деп дәріптейміз. Иә, бас ауырып, балтыр сыздағанда кімнің де болса бірінші кезекте медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінері анық. Сол үшін де оларды ел сыйлайды. Бірақ неге екені белгісіз, соңғы кездерде дәрігерлерге қатысты сын көбейіп кетті. Ақ халаттылардың жуырда Атырауда дүние есігін енді ашқан шақалақты тоңазытқышқа салып о дүниеге аттандырғанын естігенде жаға ұстамаған адам қалмаған шығар.
Сейсенбі күні кешкісін бізге Шымкент қаласы Азат ықшамауданының тұрғыны Әлия Сәбитова хабарласты. Оның сөзіне қарағанда анасы Айсұлу Меңлібаеваға дәрігерлер дұрыс қарамаған болса керек. «Сейсенбі күні анамның қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақырттым, – дейді Әлия Сәбитова. – Сағат 11-лер шамасында жедел жәрдем көлігі анамды қалалық жұқпалы аурулар аураханасына алып барған, кейін ол жерден алып шығып, «Фосфорный» аталып кеткен ауруханаға жеткізді. Ондағы дәрігерлер анама дұрыс қарамай, әр сылтауды бір айтып жүріп алды. Дене қызуы 38-39 градусқа көтерілгенде «система» салып, үйге қайтаратындарын айтты. Анам қалшылдап, дірілдеп жатыр. Орнынан тұра алмайды. Дұрыс диагноз да қоя алмады ғой. Сол жерде «Сендерге ақша бермеген адам өле беру керек пе?» деп айқайлауыма тура келді. Қырсыққанда қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының телефонын таба алмадым. Бұл жағдай туралы әлеуметтік желіге де жаздым. Осылай жүгіріп жүргенде сағат тілі кешкі алтыны көрсетті. Дәрігерлер 6-7 сағат бойы көмек көрсетпей, анамның қиналуына жол берді.
Содан біреулерге хабарласып жүріп анамды қайтадан жұқпалы аурулар ауруханасына алып бардық. Ол жердегі мамандарға рахмет, дереу қолдан келген көмектерін көрсетті. Бірақ әрлі-берлі жүріп шаршағандықтан анамды жансақтау бөліміне жатқызуға тура келді. Қазір анам сол жерде, мен есігінің алдын күзетіп отырмын. Түнде жақсы болса таңертең палатаға ауыстыратындарын айтып еді. Бүгін кезекші дәрігер «анаңыз әлсіз, жата тұрсын, анализдері дұрыс емес» дегеннен басқа ештеңе айтпады.
Мені қинайтыны – дәрігерлер неге мұншалықты қатыгез болып кеткен. Өзі ауру адамды сандалта бергенше бірден жатқызып ем көрсеткенде анам мұншалықты қиналмас еді».
Жылап тұрып осылай деген Әлияны не деп жұбатуды білмедік. Бірақ әлі үміт жоқ емес. Мүмкін анасы айығып, орнынан тұрып кетер. Қалай дегенде де дәрігерлер өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарауға дағдылану керек. Әрбір науқасқа жете көңіл бөліп, қайғылы оқиғаның орын алмауына себепкер болса екен. Ал мына жағдайға байланысты Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы тарапынан мәселе бақылауға алынуы тиіс.