Шөкеев не деді, шаруалар не дейді?

Күздің соңғы айы басталды. Бұдан былай ауа-райының құбылып, кез келген уақытта жаңбырдың соңы қарға ұласып кетуі ғажап емес. Ал мақта теру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Әдетте бұл уақытта шаруалар үш терім жасап үлгерсе, биыл мақта бағасының нақтыланбауы салдарынан енді ғана екінші терімге кірісіп жатқандар бар. Мақта жаңбыр астында қалса оның сапасы нашарлап, бағасы төмендейді. Ал ақ ұлпа қардың астында қалатын болса, шаруаның жыл бойғы еңбегі еш кетіп, шығынға шаш етектен батты дей беріңіз.

Сонымен биыл мақта бағасы қанша болмақ? Бейресми мәліметтерге жүгінсек, биыл «ақ алтынның» бағасы 150 теңгеден көтерілмейтінге ұқсайды. Өткен жылы диқандар мақта келісін 185 теңгеден өткізіп, отбасылық бюджетінің бүйірін толтыруға мүмкіндік алған еді. Биылғы жағдай басқаша. Ол туралы Шардара ауданы Қызылқұм ауылының тұрғыны, газетіміздің тұрақты оқырманы Қанатәлі Бегалиев  былай дейді.

«Шаруалардың мақта бағасының төмендігі туралы шағымына байланысты Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Мақта өңдейтін зауыттар өнімнің әр тоннасына 120 мың теңге төлейміз деп айтқан болатын. Біз араласып, 150 мың теңгеге көтердік. Одан әрі көтеру мүмкіндігі жоқ. Жалпы, мақта туралы талай айтып келе жатырмын. Мақта егуді қысқарту керек. Өйткені өте тиімсіз дақыл болып тұр қазір. Оның орнына көкөніс, бау-бақшаны көбейтуіміз керек. Осы мақсатта жиі-жиі семинарлар өткізіп жатырмыз. Келесі жылы бір бетбұрыс болады деп ойлаймын», – депті.

Бұл сөзді қарапайым адамның аузынан естісем «айтты да, қойды» деп, жылы жаба салуға болар еді. Бірақ бұл сөз облыс әкімінің аузынан шықты және онысы дұрыс болмады деп ойлаймын. Енді шаруалар қанша жерден шырылдап, дабыл қаққанымен, мақта бағасының бұдан әрі көтерілуі қиын-ау.  Егер Өмірзақ Естайұлы шаруаның қамын ойлаған болса, бағаны былтырғыдан төмен емес, керісінше көтеруге атсалысуы қажет еді. Қазір енді мақта қабылдайтын зауыттағыларға жақсы себеп табылды. «Облыс әкімі айтты» дейді де отыра береді. Шаруа теріп алған мақтасын қамбасында немесе қорасында сақтай алмайтыны белгілі. Осыдан келіп мәжбүрлікпен монополистердің белгілеген бағасына өткізеді.

Облыс әкімі «Мақта егуді қысқарту керек. Өйткені өте тиімсіз дақыл болып тұр» деді. Негізі мақта тиімсіз дақыл емес. Егер оны шикізат ретінде ғана сатып қоймай, өзімізде өңдеп, дайын тауарға айналдырсақ, қыруар табыс табуға болады. Жер бетінде мақтамен-ақ экономикасын көтеріп отырған мемлекеттер жоқ емес. Мәселен, көрші Өзбекстанда мақта кластері жақсы дамып, тоқыма саласының тамырына қан жүгірді. Біз де осы жолға түсіп, керісінше мақта шаруашылығын барынша дамытқанымыз жөн.

Өмірзақ Естайұлы тағы бір сөзінде «Мақтаның орнына көкөніс, бау-бақша өсіруге ден қоюымыз керек», – деген пікіріне егін шаруашылығымен қырық жылдан бері айналысып келе жатқан маман ретінде қарсы уәж айтқым келеді. Бізге мемлекеттің қаржысын шығындап, «қайта-қайта семинар өткізіп», көкөніс, бау-бақша егуді үйретудің қажеті жоқ. «Бау-бақшаны көбейтеміз» дейді. Оны көбейтіп қайтеді, қазірдің өзінде мұндай дақылдар алқаптарда шіріп жатыр емес пе? Қол ұшын созғылары келсе диқанға жиналған өнімді сату жағын ұйымдастырып берсін. Мен биыл жылдағыдан аз, дәлірек айтқанда, 10-ақ гектарға қауын-қарбыз ектім. Соның өзінде өнімді қайда сатарымызды білмей қалдық. Салдарынан аяқ жағында піскен өнімдер егіс алқабында қалды. Оны жинату қауын мен қарбыздың өзіндік құнынан асып кететін болды.

Дайын өнімді сатып алуға келгендер он трактордың тіркемесінің үшеуін жарамсыз деп тастап кетеді. Олар өте үлкенді де, шағынын да алмайды. Оның барлығын жеп тауысу мүмкін емес. Таныстарға тегін де таратып үлгере алмайыз. Ақыры іріп-шіріп жатады. Қызанақ пен қияр егетін таныстарым бар. Менің басымдағы жағдай оларда да кездеседі екен. Сондықтан бүгін облыс әкімі айтты деп көкөніс пен бау-бақша еккендер, кейін оны да сата алмай қалатын қаупі бар. Бұдан шығар бір ғана жол бар. Шаруаның өнімін сатып алып, одан әрі сатумен мемлекет айналысу керек. Егін еккен шаруа ертең тауарымды қайда сатамын деген уайыммен өмір сүрмеуі тиіс. Қазір ауылдағы екінің бірінде өнімін шетел былай тұрсын, солтүстік пен батысқа апарып сататын мүмкіндік жоқ. Тіпті мынау тұрған Шымкенттің базарына шығара алмайды. Мұндай жағдайда бәсекелестік туралы қалай сөз қозғаймыз? Барлық өнім өзімізде өңделуі тиіс. Неге мақтадан мата өндіріп, киім тікпеске? Осы секілді мәселемен басы қатып жүрген ешкімді байқамадық».

Қанатәлі Бегалиевтің сөзінен кейін біз Келес ауданында көкөніс егумен айналысатын Балтабай Әлімбеков деген азаматқа хабарластық. «Мен үш гектарға қырыққабат егемін, – деді Б.Әлімбеков. – Соның өзін толық өткізіп үлгере алмадық. Басында келісін 170 теңгеден сатсам, баға бірте-бірте төмендеп, 10-20 теңгеге дейін түсіп кетті. «Жинағанымен, бағасын ақтамайды» деп қырыққабатын егіс алқабында қалдырып кеткендер қаншама? Негізі әр аймақтың топырақ құнарлығына, су жағдайына, ауа-райына байланысты өзіне қолайлы егісі болады. Оған жергілікті шаруалар да ата кәсібі ретінде қарайды, дақылдың сол түрін өсіруге маманданады. Ал оны өзгертсе шығынға ұшырауы мүмкін. Айталық, бұрыннан мақта егіп жүргендер кенеттен қызанақ немесе қырыққабат егуге көшсе немесе көкөніс егетіндер мақтамен шұғылданса не болады? Оны қалай баптау керек екенін білмегеннен кейін пайда былай тұрсын, шығынға жұмыс істейтіні түсінікті жайт. Сондықтан әркім өзі үйренген егістен айнымағаны, орта жолдан бағытын өзгертпегені дұрыс».

Қазақта «торғай сойса да, қасап сойсын», – деген аталы сөз бар. Ендеше, диқандардың да өздері үйренген шаруаларымен айналысқандары жөн. Басшылар айтты екен деп, жоспарын өзгертер болса, үлкен қателікке ұрынары анық. Мұндай келеңсіздіктер бұрын да орын алған. Қателікті қайталауға болмайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған