Шешімін күткен түйткілдер де жетерлік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік орган қызметкерлері халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, халыққа барынша жақын болуды тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты бүгінде Шымкент қаласында аудан әкімдері жыл басынан бері атқарған жұмыстары туралы есеп беруде. Өткен аптада Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов БАҚ алдында брифинг берген болатын. Сол жиында нендей мәселелер талқыға түсті? Төменде аудан әкімі Абзал Шымкентбайұлының баяндамасынан алынған маңызды мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз.
«Ауданда 47202 жеке тұрғын үй болса, оның 37511-і тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылған. Аудан аумағындағы тұрғын үйлердің 38142-сі қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің балансындағы, ал 9060 үй жекеменшіктегі электр трансформаторлары арқылы электр жарығын пайдалануда. Бүгінгі таңда Сайрам аумағы Тассай бөлімшесі мен Қайтпас, Нұртас шағынаудандарындағы 594 отбасы сапалы электр жарығымен қамтылды. Асар-2, Достық шағынаудандары мен Тассай, Шапырашты, Өтеміс тұрғын алаптарында электр жарығымен қамту құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы 6146 отбасы толық сапалы электр жарығымен қамтылатын болады. Ал, Қайнарбұлақ тұрғын алабын сапалы электр жарығымен қамту жұмыстары 2020 жылға жоспарланған.
Ауданымыздағы барлық үйлердің 74,3 пайызы табиғи газбен қамтылған.
2019 жылы санитарлық тазалау жұмыстарын атқаруға 180,6 миллион теңге бөлініп, 3740 куб күл-қоқыс шығарылды. 79 шақырым ирригациялық арық және бордюр жанын тазалау жұмыстары атқарылды. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 1110 шақырымды құрайтын 1272 көше бар. Оның 481 шақырымына, яғни, 375 көшеге асфальт, 518 шақырымды құрайтын 751 көшеге шағал тас төселген. Ал, 110 шақырымды құрайтын 146 көше топырақ көшелер.
Аудан аумағында 392 көп пәтерлі тұрғын үй болса, оның 315-і орталық, қалғандары автономды жылу жүйесін тұтынады. Тұрғын үйлер 152 аулаға біріктірілген. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 57 аулаға біріктірілген 139 көпқабатты тұрғын үй аулаларына заманауи үлгідегі сапалы балалар ойын алаңдары және спорттық жаттығу тренажерлары мен 20 ашық спорт алаңшаларын орнату мен күтіп ұстау жұмыстары бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 1,4 шақырымды құрайтын Тассай тұрғын алабындағы екі көшеге аяқжол орнатылды. Сонымен бірге, Нұрсәт, Азат, Достық, Бозарық, Ақжайық, Қайтпас, Нұртас шағынаудандары мен Қайнарбұлақ, Тассай, Таскен, Өтеміс, Шапырашты тұрғын алаптарындағы 66 орынға жаңа аялдама орнатылды.
Бүгінгі таңда қауіпсіздік басты мәселеге айналып отырғаны белгілі. Сондықтан көпқабатты тұрғын үйлер мен көше бойларында қылмыстардың алдын алу мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 67 орынға бейнебақылау камераларын орнатуға қалалық полиция департаментіне ұсыныс жолданды. Сондай-ақ орталық маңызы бар 79 көшені жарықтандыруға ұсыныс берілді.
Өткен он айда белгіленбеген жерлерде сауда жасаушы тұлғаларға Қаратау ауданы ЖПҚ қызметкерлерімен 541 хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Қала келбетіне сай келмейтін 683 заңсыз жарнама анықталып, ретке келтірілді. Өз бетінше орналасқан он бір дүңгіршек және екі киіз үй иелері оларды өз еріктерімен алып тастады. Әр жексенбі күндері Нұрсәт шағын ауданындағы «Рахима-плаза» сауда үйінің жанында 175 кәсіпкердің қатысуымен азық-түлік жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізілуде».
Жер көлемі жағынан қаладағы ірі аудандардың бірі есептелетін Қаратау ауданында жалпы алғанда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен, шешімін күткен түйткілдер де жеткілікті. Жарыққа жарымай, жол, қоғамдық көлік азабын тартып жүргендер қаншама. Сонымен қатар, шеткі елді-мекендер мен тұрғын алаптарында балалар мен жасөспірімдер үшін жоғарыда айтылған балалар алаңшасы, спорттық кешен секілді нысандар жоқ есебі. Міне, ауданның жаңа әкімі Абзал Шымкентбайұлы тұрғындардың осындай ұсыныстарына да құлақ түріп, нәтиже шығарғаны дұрыс болар еді.