Қазақстанның шекарасын қуыршақ күзетеді ме?

Түркістан облысы шекаралық аймақ болып есептеледі. Өзбекстанмен шектесетін бірнеше ауданның адамдары бұрын ауылы аралас, қойы қоралас жататын. Әр мемлекет өз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана екі ортада шекара сызығы белгіленіп, тікенек сым тартылды.

Шекараны қорғауына алған әскерилер ендігі жерде бұл аралықтан адам түгілі малды да өткізбейтін болған. Әрине, мұның барлығы ел қауіпсіздігі үшін атқарылған шаруа. Былайша айтқанда – заңдылық. Қару асынған сарбаздар расында да сұсты көрінеді. Сондықтан шекарадан заңсыз өтуге ешкімнің жүрегі дауалай қоймас. Рас, бұрындары түрлі айла-тәсіл қолдану арқылы шекарадан өтудің амалын білетіндер кездесетін. Бірақ тез арада шара көрудің пайдасы тиіп, бүгінде ондай заңбұзушылықтардың жолы кесілді деп айтуға негіз бар. Дейтұрғанмен олқылықтар толықтай жойылды деп айтуға әлі ертерек секілді.

Бәлкім көршілерден келер қауіп жоқ деп ойлағандықтан болар, Қазақстанның шекара қызметі қанша жерден қырағы болғанымен, әлі де немқұрайдылықтар кездесетіні жайлы ел арасында аракідік әңгіме айтылып қалады. Бұл қандай әңгіме? Шардара мен Жетісай ауданын байланыстыратын жаңа жолмен ұдайы қатынайтын азаматтар шекарадағы қарауылханалардың (наблюдательная вышка) үстінде қуыршақтар тұрғанын көріп: «Сонда Қазақстанның шекарасын қуыршықтар күзетеді ме? Бұл масқара ғой. Қарсы бетте Өзбекстанның шекарашылары қару асынып, әрлі-берлі жаяу да, атпен де жүреді. Ал біздікілер қарауылхананың үстіне қуыршақ тұрғызып қойыпты.

Әдетте мұндай қуыршақты (чучела) дихандар егінді құстардан қорғау үшін іліп қоятын. Біздің шекарашылар оны шекара қорғауға пайдаланып жүрген тәрізді. Оны өзбек шекарашылары суретке түсіріп алып, қазақстандықтардың жағдайы осы деп келеке қылып, әлеуметтік желі арқылы әлемге әйгілемесіне кім кепіл? Бұл біздің қорғану қауқарымыздың әлсіздігін көрсетпейді ме? Әлде расында да еліміздің қауіпсіздігі қуыршақтарға тапсырылған ба?

Бұрын шекарадан Өзбекстанның малы бізге өтетін. Бүгінде қазақстандықтар малды Өзбекстанға шекарадан заңсыз өткізетін болды. Оны айтасыз, шекара қоршауына арналған тікенек сымдар әлдекімдердің ауласында шарбақ қызметін атқарып тұр. Сонда бұл сымдар сатылып кеткен бе, сатса оны кім сатып жүр?» – дегенді айтады.

Ауыл тұрғындарының бұл сөзін негізсіз деп назарсыз қалдыруға болмайды. Себебі осы жағдайға байланысты Елордаға барып, мәселе көтеріп жүргендер де бар екен. Халық айтса, қалт айтпайды. Ендеше бұл жайт тиісті органдар тарапынан терең зерттеліп, зерделеуді қажет етеді.

Өткен аптада Шардара мен Жетісай ауданын жалғап жатқан осы жолмен біз де жүріп өттік. Көлікте отырған Андрей есімді орыс жігіті: «Біздің шекараны қуыршақтар күзететін болған, ұят-ай», – дегеннен кейін ол көрсеткен жаққа қарасақ, расында да қарауылханада шекарамызды қабырғаға сүйеніп тұрған қуыршақ «күзетіп» тұр. Бұрын құлақпен есітіп жүргесін бұл әңгімеге онша сеніңкіремей жүрген едік, енді көзбен көргеннен кейін сенбеске амал қалмады. Көрші елдің солдаттары шекараны қарумен күзетіп жүрсе, Қазақстанның шекарашылары өздерінің орнына қуыршақты тұрғызып қойыпты. Бұған не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Шекара – мемлекеттің қауіпсіздігі дейтін болсақ, мемлекетіміздің қауіпсіздігінің қандай дәрежеде екені және кімдерге сеніп тапсырылғаны осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па? Сол қуыршақ тұрған қарауылханадан сәл ғана әріде Арнасай су бөгеті орналасқан. Оның қаншалықты маңызды және қауіпті нысан екенін оқырманға тәптіштеп түсіндіріп жатудың өзі артық.

Өзбекстанның біздің елмен достық қарым-қатынаста екені баршаға аян. Дегенмен ол мемлекетте экстремистік ағымдағы адамдардың көп екенін, қала берді Ауғанстан, Тәжікстан арқылы қаншама есірткі заттарының, өзге де заңсыз тауарлардың шекара асуы мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Сол үшін де шекараны қас-қағым сәтке де бақылаусыз қалдыруға болмайтыны түсінікті.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазығұрт тауында шетелдіктердің жасырынып келген тобы талқандалғаны сөз болды. Демек ондай арам пиғылды адамдардың Жетісай мен Шардараға келмесіне ешкімнің кепілдік бере алмасы анық. Ал бұл өңірде еліміздегі ең үлкен су бөгеттері бар екенін ескерсек, бақылау керісінше бірнеше есеге артуы керек емес пе? Солай жасаудың орнына біз шекараны қуыршаққа күзетіп отырмыз.

Бәлкім осыдан кейін: «Қазір технология дамығандықтан шекараны алыстан отырып бақылауға болады», – дейтіндер табылуы мүмкін. Әрине, Қазақстанның ондай технологияны сатып алуға әлеуеті жететінінде талас жоқ. Әйтсе де қуыршақ – жаңа технологияға жатпайды. «Қазақстанды қуыршақ күзетеді екен» деген әңгіме әлем назарына іліксе, дұшпанның санасына қандай ойлар келетіні бір Аллаға ғана аян. Қазақта «сақтықта қорлық жоқ» деген мақал тегін айтылмаған. Алла да «сақтанғанды сақтаймын» демеуші ме еді?!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған