Ордабасыда «jumys.sitcen.kz» жұмыс істемей ме?

Жуырда Ордабасы ауданында бос жұмыс орындарына орналасқысы келген мұғалімдер «jumys.sitcen.kz» бағдарламасы бойынша тест тапсырыпты. Бірақ «емтихан» соңына дейін тапсырылмай қалғанға ұқсайды. Себеп – тест тапсыруға берілген лимит бітіп, байланыс үзілген. Ауданның 55 жылдық мерекесін ас та төк тойлап жүргенде әкімдіктің жауапты қызметкерлері тестке тиесілі 4,5 миллион теңгені төлеуді естен шығарып алған болса керек.

4,5 миллион теңге – аудан бюджеті үшін аса көп ақша емес. Алайда, қазынаның қаржысын аудару үшін ол мәслихаттың күн тәртібінде қаралу керек. Ал ол үшін сессия өтіп, депутаттардың мақұлдауы қажет. Бұл бір күнде біте салатын шаруа емес. Сол себепті үміткерлерге күтуден басқа амал қалмаған сыңайлы. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» демекші, «емтихан» қабылдайтын орталықтың мамандары мұғалімдерге «жұмыспен қамту орталығының анықтамасы арқылы мектепке баруға болатындығына» ақыл қосыпты. Бірақ, мектеп директорлары да ақымақ емес. Олар «jumys.sitcen.kz»  бағдарламасы арқылы тест тапсырмай, жұмысқа қабылдаудың заңсыз екенін, ол үшін ертеңгі күні сыбайлас жемқорлық әрекет ретінде жауап беруге мәжбүр болатынын біледі. Соның салдарынан қарапайым жұмыс іздеген адамдар әуре-сарсаңға түсіп жүр. Лимиті таусылған «jumys.sitcen.kz» жұмыс істемейді, мектеп басшылары үміткерлерді тест тапсырмайынша жұмысқа қабылдай алмайды. Ал, аталған жүйенің бойына «қан жүгіртіп, жан бітіретін» қаржының қашан бөлінетіні белгісіз. Тіпті келесі жылдың бюджеті еншісіне қалса да таңқалуға болмайды. Сонда жұмысқа орналасқысы келгендер «қашан қаражат бөлінеді» деп екі қолды қалтаға салып, күтіп жүре бермек пе? Бұл Мемлекет басшысының жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмасына қайшы әрекет емес пе? Жергілікті атқарушы орган қызметкерлері халықтың қызметшісі ме, әлде оларға кедергі келтіретін, кесірі тиестін адамдар ма?

Әрине, ауданның мерейтойын жоғары деңгейде атап өткен де дұрыс шығар, бірақ, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын шешпек түгілі, жоқ жерден проблема жасап берген мұндай әкімдіктен халыққа не үміт, не қайыр? Жыртық жамалмай, тесік бүтінделмей жатқанда той тойлау не теңің деген ой келеді. Тойды қазынамыз дейтін халқымыз үшін сол тойдың көптігі сорымызға айналмаса болғаны.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған