Созақтық шенеуніктер жеке кәсіпкердің жүйкесін жүн еткен бе?
Жуырда Созақ ауданында болдық. Сол кезде әкімдік ғимаратының ішіндегі асхана жанынан өтіп бара жатып, «Қарызға сауда жоқ. Давлением бар» деген жазуды көзіміз шалып қалды. Бұлай не үшін жазылған? Әкімдік қызметкерлері қарызға тамақтанып, артынан ақысын бермей асхана иесін сандалтатын болғаны ма, әлде келген қонақтарды қарызға тамақтандыра беріп, жүйкесін жұқартады ма? Қалай болғанда да «давлениенің тектен текке көтерілмейтіні» белгілі ғой.
Асхана қызметкерлері де жеке кәсіпкерлер. Оларға азық-түлікті «сендер әкімдіктегілерге тамақ дайындайсыңдар ғой», – деп ешкімнің де тегін бермесі анық. Ал ақшаға келген тауарын тамаққа айналдырғанда оны қарызға ішіп кете беру кімнің де болса қан қысымын көтеретіні анық. Асханадағы біз сөйлескен қызметкерлер «Ішеді, жейді, ақысын төлемейді. Біз не істейміз», – дейді ашу шақырып. Расында асхана қызметкерлері әкімдіктің адамдарына садақа тарату үшін отырмағаны белгілі ғой. Олардың да бала-шағасы, баратын той-томалағы бар емес пе? Бүкіл ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге жауапты, кәсіпкерлердің құқы тапталмауына мүдделі, тұрмысы төмен отбасыларға қарайласуға міндетті әкімдіктегілердің өздері кәсіпкердің құқын аяқасты етіп жүрсе не деуге болады? Тамақтандың ба, ақысын төле, ақшаң жоқ па, үйден түстеніп кел. Бұл жерде басқа әңгіме болмауы тиіс.
Әрине, біз әкімдіктің ғимаратындағы жазуға қатысты емес, әкімдік қызметкерлерінің іс-әрекетіне наз айтқымыз келіп отыр. Айтқан жерден аулақ, қарызын жинай алмаған кәсіпкердің осы себепті қан қысымы көтеріліп, жазатайым жағдайға ұшыраса кім жауап береді? Әрі-беріден соң дәл әкімдік ғимаратының ішінде осындай біртүрлі жазудың баттыйып ілініп тұруының өзі түсінген, намысы бар адамға ұят емес пе? Теріскей төріне кімдер келіп, кім кетпейді? Солардың дені әкімдік ғимаратына бас сұқпай кері қайтпайды. Ақыл айтқанымыз емес, дегенмен, ішкен тағамдарының ақысын төлеу мәселесін біз аудан әкімдігіндегі адамдардың ар-ожданына қалдырдық. Аудан әкімдігі – ауданның айнасы іспетті.