Ордабасылық Ж.Өтеген әкімдік ұсынған медальді қайтарып бермек
Қай кезде болмасын шектен тыс көбейген нәрсенің қадірі жоғалатыны жазылмаған заңдылық. Тіпті, атақ-дәреженің өзі де.
Соңғы жылдары түрлі дәрежедегі Алғыс хаттар мен Мадақтамалар және осы секілді марапат-мақтаулар, орден-медальдар шүлен таратқандай есепсіз үлестірілетін болған. Қалтаңызда қомақты қаражат болса мұндай марапаттарды олжалау оңай болып қалды. Ал оны қадағалайтын арнайы орган жоқ. Сондықтан да олардың орны төрден есікке, тіпті, қоқысқа ойысып барады.
Бүгінде аудандар мен қалалардың мерейтойлары кең көлемде аталып өтілетін болған. Сол мерейтойдың мәртебесін көтеретін бір көрініс – түрлі жолдармен атақ-абырой жинаған жергілікті азаматтарды, ауданда туып-өскен, қазір жырақта жүрген мақтаулы азаматтарды алыс-жақыннан шақыртып, омырауларына бір-бір медальдан тағып береді. Тіпті, араларында атағы дардай болғанымен, ауданға сіңірген еңбегі қандай екенін білмейтін азамматтар да аз емес. Медаль үшін бір-біріне ренжісіп, соңы кекшілдікке ұласатын жайттардың да кездесетінін қайтерсіз.
Дегенмен бес саусақ бірдей емес. Медаль-ордендерге құмарлармен қатар оны алуды қор санайтындар да бар екен. Солардың бірі – Ордабасы ауданының тумасы Жанысбек Өтеген Ордабасы ауданының 55 жылдық мерекесі қарсаңында берілген медальдан бас тартыпты. Бұл жөнінде Жанысбек мырзаның өзі былай дейді: «Мен Ордабасы ауданының тумасы ретінде осы ауданға қатысты көптеген мәселелерді көтеріп жүремін. Елбасының өзі Жолдауында «Туған жерге туың тік», – деген жоқ па? Мен де ауылымның көркейгенін қалаймын. Мақсатым – аудандағы әлеуметтік және коммуналдық мәселелердің оңды шешім табуына атсалысу. Бірақ жыл сайын әкімнің өзгергеніне қарамастан Ордабасы ауданының жағдайы түзеліп жатқанын байқай алмай жүрмін. Сол үшін тиісті жерлерде кемшіліктерді ғана емес, одан шығар жолдарды да айтамын.
Жуырда әкімдіктің бір өкілі хабарласып, ауданның 55 жылдық мерекесі қарсаңында маған медаль берілетінін айтты. Алғашында қандай еңбегім үшін беріп жатыр деген ой келді. Қызмет етсем – өз ауылым, өз ауданым. Мен оны міндетсінбеймін. Керісінше перзенттік парызым деп есептеймін. Дегенмен белгіленген күні Бөржар ауылына бардым. Ауылдық округ әкімі Ербол Алтынбаев он азаматқа ауданның 55 жылдығына арналған медаль тапсырды. Медаль тапсыру кезегі маған келгенде оны омырауыма таққалы жатқан әкімге: «Тағудың қажеті жоқ, оны өзіме бер сал. Мен бұл медальді алудан ресми түрде бас тартамын. Ауданда қордаланған, шешімін күткен мәселелер көп. Оны айтып та, жазып та жүрміз. Бірақ, шешілген емес. Солай бола тұра мен бұл медальді қалайша қабылдамақпын? Мен мұны үлкен бір жиында, көпшіліктің алдында ресми түрде қайтарып беремін», – дедім де қалтама салып қойдым. Бір реті келеді. Қоғамдық кеңестің отырысында немесе басқа бір жиында қайтарып беремін. Жәй қайтармаймын, ауылда қордаланған мәселелердің шешілмей жатқанын, оны айтып тыңдата алмай жүргенімді жеткіземін».
Осыдан 33 жыл бұрын Алматыда Желтоқсан оқиғасын басып-жаншуға қатысқан бір қырғызстандық азаматтың арада жылдар өтіп, тарих шындығы су бетіне шыққанда сол кездегі көрсеткен ерлігі үшін ұсынған медальді кері қайтарып беріпті дегенді естігенбіз. Мұндай ерлікке бару кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Сол секілді осы кезге дейін әкімдік берген медальдан бас тартқан адамды көру былай тұрсын, естімеген де болатынбыз. Бәлкім, медаль – мәселе көтеруден шаршамайтындарға арналған «ауызбастырық» па екен? Ендігі жерде медальдан бас тартатын азаматтардың қатары көбейіп жатса таң қалудың қажеті жоқ. Өйткені, ел арасында Жанысбек Өтегендей өтінішін өткізе алмай, жанайқайын жеткізе алмай жүрген жандар аз емес. Сол себепті әкімдер медаль бермес бұрын аудандағы, ауылдардағы түйткілді мәселелерге бір назар салып, алдымен солардың шешілуіне ықпал етіп, халықтың алғысын алудың артықтығы болмас еді. Ал медаль беру ешқайда да қаша қоймас.
Әй, қадірі кеткен қайран медаль ай! Халықтың мұң-мұқтажы шешілмей жатса, сенің орның – қоқыс болғаны да?