Ендігі жетпегені Президенттің әжетханаға қатысты ескертуі еді…

Кейінгі жылдары Қазақстанда бір жағдай қалыптасты. Министрліктен бастап облыс әкімдеріне дейін Президент айтқанша «ай қарап» отыра береді. Мемлекет басшысы бір жиында мәселе көтергеннен кейін барып, жаппай шабылыс басталады. Қысқа мерзімде заң жобасы әзірленіп, қызу тірлік басталады. Асыққан сайтанның ісі демекші, асығыс жасалған жұмыстан кейін кемшіліктер шығады. Кез келген мәселені жергілікті билік өкілдері өздері атқара берсе болады емес пе? Міндетті түрде жоғарыдан нұсқау берілудің қажеті қанша?

Апта басында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Туризмді дамытуды айтасыңдар. Бірінші жолдағы әжетханаларды жөндемейсіңдер ме? Келген туристер қайда барады?» дегенді айтты. Расында бұл көптен көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе болатын. Осы әжетханалар жөнінде біздің газет те бірнеше мақала жазды. Бірақ билікте отырғандар бұл туралы Президенттің өзі айтқанша қозғалмады. Енді көкала шабыс басталады. Тіпті мұғалімдерді жинап, сенбілік, асар ұйымдастырса да таң қалмаймыз.

Осы әжетханалардың өте лас жағдайы турасында редакцияға шымкенттік Гүлжазира Жүнісқызы хабарласты. «Жексенбі күні қайынсіңлім құдайы тамаққа шақырып, отбасымызбен Тараз қаласына барып қайттық, – деді ол кісі. – Жиында адам қарасы көп болғандықтан, көпқабатты тұрғын үйдегі әжетханаға кіре алмадық. Қайтар жолда қаладан шыға берістегі арнайы тұраққа көлікті тоқтаттық. Ұлы сөзде ұяттық жоқ, әжетханаға кіріп, әжетімізді өтеп үлгермедік. Іші адам көргісіз жағдайда. Тесік толып, адамдар үлкен дәретке сыртқа отыруға мәжбүр болғаны көрініп тұр. Сасыған иістен кіргенімізден шыққанымыз тез болды. Соның өзінде ұшынып қалыппын. Бүгін екінші күн болды, бет-аузымды басқан жара салдарынан жұмысқа бара алмай жатырмын.

Бұл масқара емес пе? Әлде Жамбыл облысында жол бойындағы әжетхананың тазалығына жауапты мекеме жоқ па? Жолаушыларға қызмет көрету сервистерінің сиқы осы. Сөйтіп жүріп әкімдер мен министрлер шетелдік туристерді елге тарту туралы сөз қозғайды. Бұл тек Жамбыл облысында ғана емес, барлық облыстарда кездесетін келеңсіздік. Осындай жағдайдан кейін Қазақстанға кімнің саяхаттап келгісі келеді?».

Оқырманымыздың бұл наразылығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан Президент айтпаса орнынан қозғалуы қиын билік өкілдеріне ой салар деп оқырман пікіріне басылымнан орын бергенді жөн көрдік. Бүгінде Қазақстанның әлемдік аренада ойып тұрып орын алатын, абырой-беделден кенде емес мемлекет екені баршаға аян. Осындай елдің Президенті жоғары мінберден әжетхана туралы ескертуі айтқаны масқара емес пе? Ендігі жетпегені осы еді? Бірақ төмендегілер тапсырмасыз қозғалмайтын болса, Президент оны айтпағанда басқа не істейді? Президентті осыншалық төмен дәрежедегі мәселеге қатысты ескерту жасауға мәжбүрлеу – министрлер мен әкімдерге ұят емес пе?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған