Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Тапсырма орындамағандар кресломен қоштасады – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Тапсырма орындамағандар кресломен қоштасады

Өткен жылы Астана қаласында бес сәбидің тірідей отқа оранып, қаза болғаны жекелеген адамдарға ғана емес, жоғарыда отырғандардың да санасын сілкігені анық. Алғашында «Өздері кінәлі. Жас балаларды неге тастап кетеді» деп кінәні қаралы отбасы мүшелеріне аударып, жауапкершіліктен құтылғылары келгендерімен, елде болып жатқан мұндай келеңсіздіктерге билік өзінің кінәсі бар екенін кейін мойындаған сыңай танытты. Содан бастап көпбалалы отбасыларға мемлекеттен берілетін жәрдемақыны көбейтудің жолдарын қарастыруды жолға қойды. Соның арқасында мыңдаған отбасы Үкіметтен қаржы алып, тұрмыстарын түзегенін жоққа шығаруға болмайды.

Үкімет жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын ойлап тапты. Оған да себеп жоқ емес. Ел арасында көпбалалы жағдайы төмен отбасыларға тиесілі жәрдемақыны мыңғырған малы, зәулім тойханасы бар байлар да алып жүр деген әңгіме тарап кетті. Кейін ол әңгіменің расталғаны да анықталды. Жалпы бұл салада кемшіліктердің жіберілгені ресми жоққа шығарылып отырған жоқ. Сондықтан болар жуырда Түркістан қаласында өткен алқалы жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев біршама басшыға ескерту жасапты. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі былай деп хабарлайды.

«Түркістан қаласында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиында атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі соңғы мәліметтер мен бұл тұста орын алған олқылықтар талқыланды. Мәжіліс отырысында Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндама жасады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, облыс халқының саны 2 011 628 адамға, яғни 344 мың отбасыға жеткен. Оның ішінде 86,6 мың көп балалы отбасы бар. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету барысында белгіленген нысаналы индикаторының бірі – күнкөріс деңгейінен төмен тұратын халықтың үлесі 16,5 пайыз болып белгіленген.

Биыл облыс бойынша АӘК көрсету мақсатында жалпы 70,8 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттің үлесі – 65,7 миллиард теңге. Атаулы әлеуметтік көмек жүз мыңнан астам отбасындағы 632,8 мың адамға тағайындалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге көп. Бұл мәселе төңірегінде орын алған олқылықтарға қайта есептеулердің уақтылы жүргізілмеуі, құжаттардың дер кезінде өңделмеуі, бюджет қаржыларының дұрыс жоспарланбауы (Ордабасы, Кентау, Түркістан) және алдын-ала бір жылдық АӘК төленуі (Кентау қаласы) себеп болған. Осыған байланысты аудан, қала әкімдері жылдың соңына дейін қаржының мақсатты және заң шеңберінде төленуін жіті бақылауға алып, қайта есептеп, бөлінген қаражатты мақсатты игеріп, АӘК алушыларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту қажет. Атаулы әлеуметтік көмекті көрсету мәселелері – халық арасында ұдайы талқыланып, сынға іліккенін облыс басшысы нақтылап айтып өтті.

Аймақ басшысының тапсырмасын осы жолы орындаудан тайқығандар кресломен біржолата қоштасатын болады. Өмірзақ Естайұлы осыны қатаң ескертті. «Бұл өте маңызды мәселе. Жүйелілігі жоқ жұмыстан шикілік шығады. Оған жол берген жауаптылардың кінәсін нақты фактімен дәлелдеп, жазалайтын боламыз. Қазір тың идеясы мен ақылы бар мамандарды аңдыған заман. Заманауи технологияның тілін игерген, идеялы азаматтарды жұмысқа тартыңдар», – деді аймақ басшысы жиналыс барысында.

Басқарма басшылығы әлеуметтік шиеленістердің орын алуына жол берген, тиісті жұмыспен қамту жұмыстарын жүргізбеген жұмыспен қамту орталық басшыларының жұмыстан босатылуын, тиісті жауапты мамандардың орындаушылық тәртібін қарауды ұсынды. Ауыл әкімдерінің, жұмыспен қамту орталықтары мен бөлімдері мамандарының біліктілігін анықтау мақсатында желтоқсан-қаңтар айларында тестілеу жұмыстары жүргізілмек».

Осылайша Үкіметтің көпбалалы жағдайы төмен отбасыларға берген жәрдемақысын дұрыс үлестірмегендер алдағы уақытта жауапкершіліктен құтылмайтынын біліп жүретін болды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған