Көлік күтіміне жауапты адам болуы тиіс

Жаңа жыл қарсаңында Шымкент қалалық Полиция департаменті 109 жаңа көлікпен толықты. Дұрыс. Егер ол шынымен халықтың мұқтажы үшін қызмет етер болса қуану керек. Өкінішке қарай, халыққа қызмет көрсету үшін сатып алынған сол көліктерді пайдалануда кейбір тәртіп сақшылары тарапынан ұқыптылықтың, жанашырлықтың жоқтығын байқауға болады. Бұған көліктердің жөндеу жұмыстарына қаражат мемлекет есебінен төленетіндігі себеп болса керек.

Жуырда Түркістан облысында бір ауданның полиция басқармасын басқарып отырған азаматтың қабылдауында болдық. Сұхбат барысында ол кісі көліктердің барлығы ескіргенін айтып қалды. Сөзіне қарағанда зауыттан шыққанына 5-6 жыл болған көлікті полицейлер ескі деп басшылықтан жаңартуды сұрап отыр екен.

Рас, тәртіп сақшыларының жұмысы қауырт, көлікпен ары-бері жүрісі де көп. Дегенмен, пайдалануға берілгеніне енді ғана 5-6 жыл болған көліктердің жарамсыз күйге түсуі – жанашырлық пен ұқыптылықтың жоқтығынан емес пе? Осындай көлік жекенің меншігінде болса, ол әлі су жаңа есептелер еді. Өйткені, ол өзінің меншігіндегі көлік. Сол себепті ұқыпты қарайды. Ал полицейлер ондай көлікті ескірген санайды. Жөндеу жұмыстарына қаражатты өз қалталарынан төлемегесін жауапкершілікті сезінбейтіні де рас.

Жаңа жыл қарсаңында Шымкенттің Тәуке хан даңғылында жол полициясының екі бірдей көлігі соқтығысып қалды. Бұл оқиғада мамандар полиция қызметкерінің кінәлі еместігін дәлелдеуде. Солай-ақ болсын, бірақ бір мезгілде бір жерде екі бірдей полиция көлігі не істеп жүр?

Әрине, тізбектей берсең, жауабы жоқ мұндай сұрақтардың көбейе берері белгілі. Сондықтан бұл көліктер халық игілігіне дұрыс пайдаланылса дегеннен басқа айтармыз жоқ. Ол үшін әрбір көлік полиция белгілі бір қызметкерлерінің жауапкершілігіне бекітіліп берілуі тиіс. Бұзылса жөндеуді де соған міндеттеу қажет. Сонда ғана ол көлікті күтіп жүргізуге деген жауапкершілік артады. Қанша дегенмен қазынаның қаржысы ағын су емес қой. Тіпті, судың да сұрауы бар емес пе?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған