Заңмен реттемейінше той мәдениетін қалыптастыру мүмкін болмай тұр.
«Жиған-тергенің тойға шашылсын», «Той – Тәңірдің қазынасы», «Тойдан кенде қылмасын», «Тойда жолығысайық», «Той десе қу бас домалайды»… Тойда тұрып осындай тілек айтатын тойшыл қазақтың соңғы жылдары тойдан шаршап жүргенін байқауға болады. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» демекші, кейінгі кездері кейбір ұсақ, шағын ортада ғана атап өтетін отбасылық қуаныштардың өзі даңғаза тойға айналып барады. Әр нәрсенің шегі бар. Мұны заңмен тоқтатпаса, не нәрсеге құнықсаң түбі соның зардабын тартасыңның кері келмесіне кім кепіл?
Біз той туралы ойланып-толғанып жүргенімізде көрші өзбекстандықтар нақты қадамға көшті. Өткен жылдың қыркүйек айында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев той бизнесін ретке келтіру туралы қаулы қабылдаса, жуырда жаңа заң да қабылданыпты. 1 қаңтардан бастап күшіне енген бұл заңда Өзбекстанда той өткізу ережесі тайға таңба басқандай нақты көрсетілген.
Жаңа заң талаптарына сәйкес енді ала тақиялы ағайындар жерлеу рәсімін қоспағанда отбасылық іс-шараларды тек бір күн, яғни күндізгі сағат 18:00- ден 23:00-ге дейін өткізіп үлгеруі тиіс. Сондай-ақ, қуаныш иелері кем дегенде бір апта бұрын тұрғылықты жері бойынша азаматтардың өзін-өзі басқару органына тойды өткізу туралы ескертуі қажет.
Бұдан бөлек, мынандай қосымша жерлеу рәсімдерін – жетісі, бейсенбілік, жексенбілік, жиырма, қырық күндері, ҳайит, жыл асы, ақша тарату, тауар үлестіру және үйлену той рәсімдерін – «келин навкари», «чорлар», «ота кўрди», «сеп ёйди», «қуда чақирди», «куёв чақирди», «келин чақирди», «тоғора юбориш» деп аталатын дәстүрлерді өткізуге тыйым салынған.
Отбасылық іс-шараларға 200 адамға дейін, ал екі жұптың тойы болғанда 250 адамға дейін қатысуға рұқсат берілген. Сонымен қатар, той кортежінде жүретін көліктердің саны үш жеңіл автокөліктен аспауы тиіс. Құжатта көрсетілген талаптардың орындалуын депутаттар, «Махалла» төрағалары мен ішкі істер органдарының алдын-алу жөніндегі инспекторлары қадағалайтын болады.
Өзбекстанда той-томалақтың қаншалықты жиі болатынын нақты білмейміз, бірақ, осы заңның өзі той мәдениетін сақтауға, даңғазалыққа бой алдырмауға жұмыс істейді. Ал бізде той бизнесі жылдан жылға белең алып барады. Тойдың көбейгені соншалықты кейде аптасына 4-5 тойға баруға тура келеді.
Тойдың көп болуының пайдасы мен зияны қайсы? Пайдасы – әйтеуір бүгінгідей уақыт тапшы заманда ағайын-туыспен араласып-құраласуға септігі тиеді. Ал зияны ше? Оны санау үшін екі қолдың саусақтарын түгел бүгуге тура келеді. Соның ішіндегі мені ең қатты алаңдататыны – ысырапқа жол берілуі. Бұл туралы бір танысымның айтқаны әліге дейін жүрегімді сыздатады. «Бір ағайынның тойы тәмам болар тұста тысқа шығып, шылым шегуді ойладым. Бұрышқа барғаным сол еді, қонақтарға қызмет етуші даяшылардың үзілген нан, тістелген бауырсақ, араласқан салат, жартылай желінген тамақтың қалдықтарын қоқыс тастайтын жәшікке әкеліп, төңкеріп жатқанын көргенде жүрегім ауырып кетті. Ашаршылық кезінде бір үзім нанға зар болып көз жұмған, соғыс жылдары бір уыс бидай аламын деп сотталып кеткен ата-бабаларымыздың әруағы алдында өзімді қатты кінәлі сезіндім. Обалдан қорықпайтын ұрпаққа айналып бара жатқанымызға жаным түршікті. Той тойлаймыз деп жүріп асты осыншалықты қорлайтынымызды байқамайды екенбіз», – деген еді әлгі танысым. Судың да сұрауы барын ескерсек, осы ысырапқа жол бергеніміз үшін әлі жауап беретінімізді ұмытпауымыз керек.
Бұл бір. Екіншіден, шақырылған тойға тоянасыз бара алмайсың. Оның «ставкасы» қазір 10 мың теңгеден төмен болмай қалды. Сонда аптасына 3-4 тойға барар болсаңыз, 30-40 мың теңгеңізді бала-шағаңыздың аузынан жырып, бөлектеп қоюға тура келеді. Жалақыға жарымай жүргендер бұл ақшаны қайдан табады? Ұрлық-қарлық, тонау, кредит секілді бас аурулардың асқынуына осы шектен тыс көбейген тойлардың да әсері болмасына кім кепіл? Күн аралатып тойға бару қаржылай қиындық тудырып қана қоймастан, адамның физикалық тұрғыда тынығуына да кері әсерін тигізері анық. Түнімен той тойлап, ішімдік ішкен адамның ертеңіне жұмысқа деген құлшынысының, мүмкіндігінің күрт төмендейтіні айтпаса да түсінікті.
«Соғыс кезінде «қара қағаздан қорқушы едік, қазір тойға шақыру қағазынан қорқатын болдық» деп жиі айтылатын әзілдің астарында шыңғырған шындық, үлкен зіл жатыр. Бұрындары тойдың түрі аз болатын. Негізінен екі жастың үйлену тойы тойланатын. Қазір тойдың көптігінен тіпті шатасатын жағдайға жеттік. Бұрындары тек әйелдер қауымы ғана үйде отырып өткізетін бесік тойды да қазір тойханада, 200-300 қонақтың басын қосып тойлау сәнге айналды. Құрдастар мен жақын жора-жолдастармен ғана үйде атап өтетін 30-40-50 жас секілді мерейтойлар да даңғазаға айналып барады. Той мақтангершілікке ұласып, түрлі шығынға жол беретін көріністер, іс-әрекеттер көбейіп барады. «Аттыға еріп, жаяудың таңы айырылыпты» демекші, бұл жағдайы төмен отбасылар үшін өмірін онан сайын қиындатып жүргені анық.
Мұның барлығы адамдардың әлеуметтік ахуалына, жүйкесіне кері әсер етпей қоймасы анық. Сол себепті де ел арасында той, оны өткізу мәдениеті жайында айтылатын пікірлер өте көп. Олардың дені тойды мүлдем тоқтатайық демесе де санын азайтуды қолға алу керектігіне мүдделі екенін жасырмайды.
Той өткізу мәдениеті жайлы жиі сөз қозғап, пікір білдіретіндердің бірі жазушы-журналист, белгілі қоғам қайраткері Мархабат Байғұт. «Мен жеті жылдан бері той мәдениеті туралы ұдайы айтып келемін. Сіздердің газеттеріңіз арқылы да осыған дейін тойға кешігіп келудің нағыз мәдениетсіздік екенін айтқанмын. Сол көзқарастан әлі өзгергенім жоқ. Өзбекстандағы қабылдаған заңды толық қолдаймын. Бізде де тойханалар жергілікті жағдайларға байланысты белгілі бір уақытта жабылуы қажет.
Той туралы Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасында прагматизм, даңғазалық, ысырапкершіліктің барлығын азайту керектігі айтылған. Сол орындалмай келеді. Байлардың құдалығында қыздың жасауы ретінде көш келетін болды. Түйелерді тізбектеп әкеледі. Мен ондай даңғазылықтың бәріне қарсымын. Әл-Фараби, Яссауи бабаларымыз айтқан ізгілік, кішіпейілділік, қарапайымдылықты қолдаймын.
Тойға қонақтарды көп шақырады. Шынын айтқанда адамдар бүгінде тойға шақырмаса қуанатын жағдайға жетті. Себебі әбден мезі болды. Бұрын әйелдер ғана баратын бесік тойға кеше біреу 400 адам шақырыпты. 30,40 жасқа толғандар да ас та төк той жасап жатыр. Бұл даңғазалық емес пе? Оның барлығын бір тәртіпке келтіру керек», – дейді жазушы ағамыз.
Жоғарыда айтқанымыздай, Өзбекстан той өткізуді ретке келтіру туралы заң қабылдады. Оның қандай нәтиже береріне уақыт төреші. Дей тұрғанмен бейберекет дүниені ретке келтіруге деген талпыныс бар. Осындайда шетелден үлгі алуды әдетке айналдырған біздің елде де той бизнесіне қатысты бір шешім қабылдамаса болмайтын секілді. Өйткені, қазір той жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман.