Редакциямызға тұрақты оқырманымыз Амангелді Әдіш ақсақал хабарласып, тағы бір ойын ортаға салды. Біз оқырманымыздың пікірін тиісті мекемелердің назарына ұсыну үшін газет бетінен орын бердік.
– Қазір қалада болсын, аудандарда болсын көптеген өзгерістер орын алып, жаңашылдықтар қолға алынуда. Негізінде сондай өзгерістерге себеп болатын – жаңа идеялар. Сол үшін лауазымды қызметтерге, әсіресе халықпен тікелей байланыста жұмыс істейтін орындарға идеясы көп азаматтарды тартқан дұрыс.
Идеясы көп басшылардың бірі ретінде Дархан Мыңбайды айтсам болады. Ол кезінде Түлкібас ауданын басқарып отырғанда үлкен тас жолдың бойын неше түрлі нақыл сөздермен толтырып тастады. Әрбірін оқыған сайын ой түйіп, кейбірінен нәтиже шығаруға тырысасың. Тағы бірде ол көше бойына тұғыр орнатып, соның үстіне жол апатынан жарамсызданған күйге түскен көлікті қойып қойды. Оны көрген жүргізуші автоматты түрде аяғын газдан алып, тежегішке басады деп ойлаймын. Өйткені, жылдамдық асырудың ақыры осыған жеткізері санасына жетеді. Шымкент қаласын бірнеше рет басқарған Анарбек Орман да сондай идеяшыл, іскер басшылардың бірі болды. Қазір де сол кісінің меншігіндегі қалалықтарды ауыз сумен қамтитын мекемеге барар жолда тәрбиеге тұнып тұрған нақыл сөздердің неше түрлісін оқуға болады.
Шымкент қаласының қазіргі әкімі Ерлан Айтаханов та шаһар көшелерінің бойындағы билбордтарға елімізге танымал ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау мақсатында іліп қойғызды. Ол әрі насихат, әрі тәрбие. Оларды оқып өскен ұрпақтан жамандық күтуге болмайды.
Енді менің ұсынысым мынау. Шымкент қаласында Шәмші Қалдаяқовтың есімін иеленген көше бар. Сол көшенің биыл жөнделетіні айтылып жүр. Жөндеу жұмыстарынан кейін сол көшенің бойына – басынан аяғына дейін қазақ вальсі королінің туындыларын билборд ретінде іліп қойса жөн болар еді. Бұл бір жағынан ТМД елдерінің мәдени астанасы жылын өткізгелі отырған Шымкент үшін талантты жерлесіміздің туындыларын насихаттаудың тамаша мүмкіндігі болса, екінші жағынан қазіргі жастардың рухты оятар әндерді жаттап өсуіне себеп болар еді. Өскелең ұрпақ не мән-мағынасы жоқ, не әуені жағымсыз шетелдің әндеріне елітіп өскенше, өз әндерімізді әуелетіп, төл мәдениетімізге сусындап өскендері дұрыс емес пе? Біле білсек, музыка да тәрбие құралы.
Амангелді Әдіш ақсақалдың ұсынысы көңілге қонымды. Жалпы Шымкентте көше есімін иеленген азаматтың кім болғаны, оның елі үшін қандай қызмет атқарғаны көшенің екі басына қысқаша жазылып, көше бойына сол азаматтың ұрпағына қалдырған өсиет сөздерін іліп қойса кейінгі ұрпақ төл тарихымызбен сусындап өскен болар еді. Шындығына келгенде Шымкенттегі көп көшелердің есімін иеленген азаматтардың кім болғанынан, қандай қызмет атқарғанынан жастар түгілі аға буын өкілдерінің де көпшілігі бейхабар екені талассыз.