Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Ордабасылық мектептен шыққан жанжал

Ордабасылық мектептен шыққан жанжал

 министрлікке дейін жетті

Бірнеше жылдан бері мұғалім мәртебесін көтеру туралы қозғалған тақырып ақыры мәресіне жетті. Биылғы жылдың 11-қаңтарынан бастап «Педагог мәртебесі туралы» Заң күшіне енді. Әрине, жаңа заң педагогтардың мәртебесін барынша көтеруге қызмет ететіні талассыз, бірақ, мектептерде ұстаздардың өзара соттасуы тоқтамайынша олар қоғамда жоғары сый-құрметке ие болады деп айтуға ертерек секілді.

Біздің бұлай деуімізге Ордабасы ауданы Қайнар ауылы М.Әуезов атындағы мектепте осыдан төрт жыл бұрын басталған дау-дамайдың ақыры сотқа барып тірелгені себеп болуда. Басында «директор сертификат үшін 25 мың теңгеден жинады» деп басталған түсінбеушіліктің салдарынан бүгінде ұжымда береке кеткен секілді. Директор ұстазды сотқа сүйрелесе, мұғалім өз кезегінде аудан әкімі орынбасарының үстінен сотқа қайта-қайта шағым түсіруде. Бұл тартыста кімнің асығы алшысынан түсіп, мерейі үстем болары әзірге белгісіз. Бірақ әр тарап өзінің сүттен ақ, судан таза екенін алға тартуға тырысуда. Ата-аналар болса ұстаздар арасындағы өзара жанжал білім сапасына әсер етті деп балаларының болашағына алаңдаушылық танытып отыр.

Осы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлдана Шотаева (суретте) редакцияға үш беттік шағым түсірген болатын. Түсінікті болу үшін біз соның қысқартылған нұсқасын оқырман назарына ұсынып отырмыз. «…Мен осы аталған мектепте 2014 жылдан бері жұмыс істеймін. 2016 жылдан бері директор Д.Сапарымбетовамен арамыз жақсы емес. Себебі 2016 жылы «Өзін-өзі тану» пәні бойынша білім арттыру курсынан сертификат керектігін, ол болмаса тарифтен өтпейтінімізді айтып, оны оқып аласыңдар деп мәжбүрлі түрде 25000 теңгеден жинап алды. Сол күйі оқуға жібермеді. Қашан оқимыз, қашан сертификат аламыз деп жүргенімізде 2017 жылы наурыз айында мектебіміз аттестациядан өтетін болғандықтан, біздің қолымызға сертификаттың көшірмесін берді. Бір айдан кейін қолыма тұпнұсқа деп басқа сертификат ұстатты. Салыстырып қарасам көшірме мен түпнұсқа сертификаттарының тіркеу нөмері екі түрлі, біреуінде аты-жөні толық жазылмаған. Бірақ сериясы мен берілген күні бірдей. Маған жалған сертификат керек емес, оқуға жіберіңіз десем де жіберген жоқ.

Сертификаттың түпнұсқасын талап еткеннен бері маған тыныштық жоқ. Енді биыл мектеп бітіруші қызымның үміт етіп отырған алтын белгісін алуға кедергі жасап отыр. Осының салдарынан қызым психологиялық күйзеліске түсіп, дәрі ішіп, өзіне қол жұмсамақшы болды. Ата-ана ретінде сынып журналын көрсем, қызымның сабаққа келген күндеріне алгебра пәнінің мұғалімі “жоқ” деп белгі қойған. Сол күнгі басқа пәндерде “жоқ” деген белгі түспеген, баға қойылған. Сонда бұны қалай түсінуге болады? Мектептегі бейнебақылау камералары да талапқа сай жұмыс істемейді. Бұл шындықты жасыру үшін әдейі істеліп отырған әрекет пе?».

Осылай деп амалы құрыған Г.Шотаева аудан әкімінің орынбасары А.Әбдіқұловқа арызданады. Бірақ орынбасар тарапынан берілген жауапқа қанағаттанбайды. Сөйтіп Түркістан облыстық «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі» мен Ордабасы ауданының прокурорына шағымданған. Шағымданушының сөзіне қарағанда ол органдардан да әлі жауап ала алмай жүргенге ұқсайды. Әділдікке қол жеткізудің бір жолы – бұқаралық ақпарат құралдарына жүгіну деп топшылаған ол кезекті шағымын біздің редакцияға жазуды дұрыс көріпті.

Шағымда көрсетілген осы және басқа да мән-жайларды анықтау мақсатында біз сейсенбі күні аталған мектепке барып, директор Ділбар Сапарымбетованы сөзге тарттық. «Шағыммен толық таныспын, бұдан бұрын да талай жерге жазылған, – деді білім ордасының басшысы. – Бәрі жалған ғой. Олардың қолындағы қандай сертификат екенінен хабарым жоқ. Мүмкін өздері сатып алған шығар. Бұл жөнінде тексеру болған, ештеңе анықталмады. Сертификатты берген адам бақилық болған. Бейнебақылау камерасы туралы айтар болсам, ол біздің мектепке ресми түрде орнатылмаған. Мына тұрған камераны балалардың қауіпсіздігі үшін деп өз қаражатыма орнаттым. Бір қиындығы – бұзылған жағдайда қазынадан қаржы қарастырылмайтындықтан өзім жөндетемін.

Мені сабақ өтпейді дейді. Рас, мен сабақ өтпеймін, себебі тек директорлық қызметім үшін ғана жалақы аламын. Сабағым жоқ. Арнайы сыныптар жөнінде сұрап отырсыз. Оған да менің қатысым жоқ. Шымкентке барып, ата-аналары емдеу орындарынан анықтама алып келеді. Ондай балаларды бөлек оқытуымыз керек. Талап сондай. Денсаулығы түзеліп, оқу үлгерімі жақсарар болса, басқа балалармен қосылып оқиды. Қаласаңыз барып көріңіз.

Маған қатысты осындай сөздер айта берген соң ар-намысым мен абыройымды қорғау үшін екі мұғалімнің үстінен сотқа шағым түсірдім. Қандай шешім шығаратыны соттың құзырында. Менің мақсатым біреуді соттату емес, тек өзімнің таза екенімді, айтылып жүргеннің барлығы жала екенін дәлелдеу».

Байқап отырғандарыңыздай, екі тарап та өздерінің ақ екенін айтып, кінәні қарсы жақтан іздеуде. Сол үшін екеуі де әділдік деп сотқа жүгінуде. Бұл жерде екі жақтың бірінің сөзінде шикіліктің бары анық. Оны құзырлы органдар анықтауы тиіс. Бірақ олар жағдайды шиеленістірмеудің орнына жазылған арызға уақтылы жауап бермеуде. Ал, білім бөлімінің басшысы Ш.Нұрабаева орындап, аудан әкімінің орынбасары А.Әбдіқұлов қол қойған жауапта мәлімет толық берілмеген. Бұл бейқамдық немесе жауапсыздық па, мүмкін екінші тарапқа болысу шығар, ол жағын құзырлы орындар анықтай жатар. Сонымен қатар сериясы бірдей сертификаттардың көшірмесі бірнеше адамның қолында жүруі құзырлы орындарды қызықтыруы тиіс. Бұл жөнінде жалған құжат жасағандарды жауапкершілікке тартуға да болады. Бірақ ол үшін осы істің әділ шешілуіне септігін тигізер адам болуы қажет.

Шағымданушы Г.Шотаева айтқандай, сертификаттағы жазу мен директордың жазуының ұқсастығы да көңілге күдік ұялатады. Мұны анықтау сарапшылардың құзырындағы дүние. Қалай десек те Ордабасы ауданы М.Әуезов атындағы мектепте тұтанған бұл жанжалға нүкте қойылу керек. Ал біздің байқауымызша бұл жанжал керісінше ушығып, тіпті, білім министрлігінің лауазымды қызметкерлерінің құлағына да жеткен сықылды.

P.S.: Бет қатталып жатқанда аталмыш метепке Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының мамандары келгені белгілі болды. Олардың екі жақты татуластыруға жасаған әрекеті әзірге нәтижесіз болғанға ұқсайды.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика