Журналистердің жұмысына кедергі келтірсеңіз…

Айыппұл төлеуіңіз мүмкін

Иә, дәл солай. Бірақ, бұл біздің емес, көрші Өзбекстан мемлекетінде заң жобасына енгізіліп отырған талап. Ендігі жерде Өзбекстанда журналистердің іс-әрекетіне кедергі келтіргендер жауапқа тартылуы мүмкін. Осы мақсатта Әкімшілік кодекске өзгерістер енгізіліп, қоғамдық талқылауға шығарылды.

Құжатқа сәйкес, журналистің кәсіби қызметіне тосқауыл қойғандарға (журналисті өз келісімінсіз ақпарат таратуға мәжбүрлегендер, аккредитация беруден негіссіз бас тартқандар, ақпарат алу құқығын бұзғандар және журналистің материалдары мен техникалық құралдарын тартып алғандар) 46 000 сумнан 1,1 миллион сумға дейінгі ($4,8-$115) көлемде айыппұл салынады. Заң жобасына қоғамдық талқылау 28 қаңтарға дейін жүргізіледі.

Мұндай заң қабылдау біздің мемлекет үшін де маңызды. Өйткені, қазіргі кезде шындық іздеп шырылдаған журналистердің жұмысына кедергі келтіріп, ақиқаттың су бетіне шығуына тосқауыл қоятын, айыбын ашып алмау үшін олардың кәсіби құралдарын зақымдайтын жайттар жиі кездеседі. Және де осындай құқықбұзушылыққа барғандар жазасыз қалып қояды. Бұл елде сыбайлас жемқорлықтың, заңсыз әрекеттердің «өркендеуіне» жол ашатыны түсінікті. Журналистерді қоғамның санитары десек, олардың белсенді жұмыс істеуіне ешкім де кедергі келтірмеуі керек.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған