Шүкір, қазір балаларды балабақшаға орналастыру бұрынғыдай қиындықтар тудырмайды. Ал, денсаулығында ақауы бар балаларды балабақшамен қамту қандай деңгейде? Иә, дәл осы денсаулығында ақауы бар балаларды балабақшамен қамту жайын қолға алған Ордабасы ауданының тұрғыны Қуанышгүл Ахметованың жақсы бастамасы жергілікті басшылар тарапынан қолдау таппай отырған жайы бар. «Президенттің шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты берген тапсырмасынан кейін Шұбарсу ауылынан денсаулығында кемістік бар балаларға арнап балабақша аштым, – дейді Қуанышгүл Қайыпқызы. – Он бестей бала жиналды. Оларды қарапайым балабақша қабылдамайды. Мен бір ғимаратты жалға алып, ішін ретке келтірдім. Қазір логопед, дефектолог, тәрбиеші, күтуші, аспаз, мейірбике, күзет пен жүргізушіге жалақы беріп отырмын. Барлығын өз қалтамнан төлеймін.
Осы ісіме мемлекеттен аз да болса жәрдем, қолдау керек. Осы мақсатта Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы Ш.Нұрабаеваға барғанымда ол кісі «мұны қаржыландыру әлеуметтік салаға жатады» деп сонда сілтеді. Содан аудандық жұмыспен қамту орталығына бардым. Орталық мамандары құжатымды алып қалды. Бірақ көп ұзамай «серіктестігіңіз Шардара ауданына тіркеліпті, біз қаржыландыра алмайды екенбіз» деп, бар құжатымды қайтарып берді. Енді не істерімді білмей отырмын. Балабақшаны жаба салайын десем, әлгі балаларға обал, оның үстіне қанша адам жұмыссыз қалғалы тұр. Ата-аналар тарапынан да балабақшаны сақтап қалуға үлкен өтініштер айтылуда. Жалғастыра берейін десем, сонша адамға жалақы тауып беру маған да оңай болмай тұр».
Осы мәселе жөнінде біз Шұбарсу ауылының тұрғыны Жамила Рысбаевамен де сөйлестік. «Аталған балабақшаға менің сіңлімнің баласы барады, – дейді ол. – Өте қолайлы. Бұрын үйден шықпаған бүлдіршіндер қазір өзге балалармен араласып ойнайды. Өздерін жақсы сезінуде. Рас, ауылдан осындай балабақша ашылады дегенде алғашында сенбегенбіз. Жаздан бері жұмыс істеп келеді. Сенімді ақтады.
Жап-жақсы-ақ басталған бастама орта жолдан тоқтап, балабақша жабылуы мүмкін деген әңгімені естігелі біз де уайымдай бастадық. Бұрын балаға қарап отырған сіңлім жуырда жұмысқа шығып еді, енді балабақша жабылса қайтадан үйде отыратын болды. Дені сау балаларға арналған балабақшалар көп. Қуанышгүл апамыз халыққа бір жақсылық жасағысы келген еді, өкінішке қарай ол кісіні аудандағылар қолдамапты деп естіп жатырмыз. Қайта осындай балаларға қолдау керек емес пе?»
Ордабасы аудандық жұмыспен қамту орталығының әрекеті қаншалықты заңды? Аудан басшылығындағы азаматтар осы сауалға зерттеу жүргізулері керек секілді. Өйткені, бір ауданда тіркеліп, екінші бір ауданда балабақша ашып, жұмыс істеп жатқандар кездеседі. Сонда олар қандай заңға сүйенген? Денсаулығында ақауы бар балаларға көмек қолын созғысы келген Қуанышгүл Ахметоваға жергілікті атқарушы билік тарапынан көмек керек. Дені сау балаларға балабақша көп, ал мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайын кім ойлайды?