билікке айтар базынасы көп
Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан елдімекенінің соңғы кездері сиқы қашып бара жатқан секілді. Көптеген үйлердің сыртқы келбеті көнеріп, тозығы жетіп тұр. Әрине, үйлер жекеменшік болғандықтан, жөндеу жұмыстарын да тұрғындардың өздері атқаруы тиіс. Алайда, «жомарттың қолын жоқтық байлайды» емес пе?
Аудан былтыр құрылғанына 55 жыл толған мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Оған аз қаржының жұмсалмағаны түсінікті. Кейде сол қаржыға осындай үйлерді жөндесе дұрыс болар ма еді деген ой келеді. Бірақ мұндай ой әкімдердің санасын сығаламаған соң бәрі бекер екен.
Осыдан 7-8 жыл бұрын Отырар ауданында осыған ұқсас ұсқынсыз үйлер болды. Тіпті, бірінші қабаттың тұрғындары қабырғаны тесіп, жаппай сыртқа мұржа шығарып қойғанына да куә болғанбыз. Ауданға іскер әкім Бейбіт Сыздықов келгенде сол үйлерді жекеменшік деп көзден таса қылмады. Жылу кіргізді. Шатырын ауыстырды. Толықтай жөндетті. Ауланы абаттандырып, гүлзарға айналдырды. Әрине, оны әкім өз қаржысына істетпегені белгілі. Бірақ істің көзін тауып еді қаржы да табылды.
Ордабасы ауданының орталығындағы сыртқы келбеті сұрықсызданған сол үйлердің ішінде де мәселелер көп екен. Кейбіреулерінің әжетханасы істен шыққан. Сол себепті көршілеріне ақысын төлеп, әжеттерін өтеуге мәжбүр. Суды да көршілерінен сатып алатындар кездеседі. Ал ең қиыны – жылусыз отырған тұрғындар да бар. Олар бөлмені электр қуатымен жылытады. Ал жарық сөніп қалғанда, (айтуларына қарағанда ондай жағдай Темірланда соңғы кездері жиілеп кеткенге ұқсайды) бөлмені газ құрылғысымен жылытады екен. Яғни, жұртшылық «Иран пеші» атап кеткен қондырғыны газ балонға жалғайды. Бұл өте қауіпті есептеледі. Бірақ, басқа амал жоқ. Сонда үйде не су, не жарық, не жылу болмай, әжетхана істемей тұрса оны баспана деп айтуға болады ма? Бірақ, өз бастарынан өтпегесін мұндай қиындықтың адам баласы үшін қаншалықты азап екенін билік бишігінде отырғандар қайдан ұқсын?
Ордабасы ауданының қазіргі басшысы Ә.Өсербаевтың іскерлігін сөз етіп жүргендер аз емес. Олай болса әкімнің өзін көрсететін кезі келген секілді. Қалай боланда да соңғы кездері әкім тұрақтамай кеткен Ордабасыға оң өзгерістер керек екені анық.