Жаңа үй, ескі еден…

Ордабасы ауданындағы олқылыққа кім жауапты?

Кез келген тапсырыс беруші тапсырыс берген дүниесін қабылдап аларда оның сапасына айрықша назар аударуға міндетті. Сапада кінәрат болса, ол қабылдауға жатпайды. Егер су жаңа ғимараттың сапасы жыл өтпей сыр берсе, ол жерде сыбайластықтың исі аңқитыны анық.

Өкінішке қарай соңғы кездері мемлекеттік қабылдаудан өткен ғимараттардың арада 1-2 жыл өтпей жатып-ақ қабырғасы жарылып, едені шіріп, қолайсыздық тудыратын көріністер жиілеп кетті. Мұның зардабын, әрине, бірінші кезекте қарапайым халық тартады. Ондаған жылдар кезекте тұрып, баспанаға енді ғана қол жектіздім дегенде зарығып жеткен үйдің құрылысы сыр беріп жатса кім-кімге болса да оңай соқпасы анық. Сөйтеді де ол әділдік іздеуге бел буады. Ал мұндай кезде кінәліні тауып, етегінен ұстап, талапты орындату… Әй қайдам, мүмкін емес дүниеге айналып барады. Кепіл етілген мерзім ішінде мердігер компания тұрғындарды жылтырақпен алдандырып отырады да соңынан сағым секілді ұстатпай кетеді. Ал сол ғимаратты қабылдап алған мекеме «ештеңе білмедім, сүттен ақ, судан тазамын» деп қол қусырып отыра береді. Осыдан келіп қарапайым халық үшін баспана бақыт емес, бітпес бас ауруына айналып шыға келеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістан облысындағы бір ауданда осындай келеңіздік орын алып, жаңа үйдің қабырғасы жарылған болатын. Ал жуырда Ордабасы ауданынан хабарласқан Оразбек Көлбаев есімді азамат Темірлан ауылында пайдалануға берілгеніне екі жыл енді болған үйлердің едені қалай қопарылып жатқанын көріп кетуге шақырған болатын. Жұма күні барып, оқырманымыздың айтқанын өз көзімізбен көрдік.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында екі жылда салынып біткен жаңа үйдің кілті қолымызға 2017 жылы тиді, – дейді Оразбек Көлбаев. – Сол кезде мен, яғни қызымды үш жасынан бері жалғыз тәрбиелеп келе жатқан жалғыз басты әке үшін өмірімдегі үлкен қуанышты сәттердің бірі болғанын жасырмаймын. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. Қоныстанғанымызға 2-3 ай өтпей жатып едені сыр бере бастады. Себебі еденге төселген ағаштар ескі ғимараттан бұзылып алынған болуы керек. Қағаз секілді үгітіліп жатқан ағаштардың беттерін бояп қоя салған. Бұдан асқан көзбояушылық болады ма?

Осындай жағдай жаңадан берілген 28 үйдің барлығына тән деуге болады. Менде әйтеуір еден 20-30 пайызға жарамсызданды. Едендері түгел шіріген тұрғындар да бар. Олар бүгінде еден орнына тас төгіп, оның үстіне киіз төсеп отыр. Бұл жағдайды тиісті мекеме басшылары көрді. «Мердігер компанияны сотқа бердік» дегенді айтады. Тіпті айыппұл да төлегенін алға тартады. Бұл мәлімет шындыққа жанасады ма, жоқ па, ол да белгісіз. Құжаттарын көрмедік. Алайда, олардың айыппұл төлегенінен бізге не пайда? Осыны айтқанымыз үшін «бәлеқор» атандық. Мен бәлеқор емеспін. Бірақ мынадай заңсыздықты, сорақылықты көргенде тыныш отыра алмайтыным бар.

Осыған ұқсас әңгімені Бибігүл Сәдуақасова есімді азаматшадан да естідік. «Үйге 2017 жылы кірдік, – дейді ол. – Еденнің сынған ағаштарын ауыстыру үшін ашқанда өз көзімізге өзіміз сенбедік. Еденнің астына тіреу ретінде қойылатын ағаштардың арасы тым алшақ, әр жерге бір қойылған. Олар да қарайып, шіріп кеткен. Едені жарамсызданған екі бөлмеге төсеу үшін жеті ДСП әкеліп берді. Күн жылынғанда өзіміз төсерміз деп алып қалдық. Есік-терезелері де дұрыс орнатылмаған. Қатты жел тұрса ашылып кете береді.

Осы олқылық жөнінде Ордабасы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Болат Әлішевке хабарластық. Бірақ ол кісі бәрінің дұрыс екенін, кемшілік болса, мердігер компания кепілдік мерзіміне сай жөндейтінін айтумен ғана шектелді. Бөлім басшысының бұл жауабын мән-жайдан бейхабар деп топшылаймыз ба, әлде «жаныашымастың қасында басың ауырмасынның» кебі ма? Бәлкім мұның жауабын аудан әкімі Әліпбек Өсербаев беретін болар?

Жалпы, кепілдік мерзімін сапаға толыққанды жауап береді деп айту қиын. Өйткені, бес жыл сылап-сипағанымен, негізгі проблема сол бес жылдан кейін басталатынын болжау қиын емес. Ал ол кезде жауапты ешкім болмайды. Содан бітпейтін проблема басталады. Сонда биліктің қарапайым халыққа жасаған жақсылығы осы болғаны ма?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған