Ащы деген суды әкімнің өзі барып ішіп көрді

Жыл жылнамасының ашылуымен қатар әртүрлі деңгейдегі әкімдердің жұмысында қарбалас басталды. Олар бірінші ауыл-ауылды аралап, жеке қабылдау өткізді. Одан кейін тұрғындар алдында есеп берулерін бастады. Өткен аптада Қазығұрт ауданы Сарапқана ауылында аудан басшысы Төлеген Телғараев пен ауылдық округтің әкімі Әбілқасым Тұрғараның тұрғындар алдында есебі тыңдалды.

«Жыл бойғы атқарылған жұмыстардың жобасымен танысып, алдағы атқарылар істеріміздің бағытын баяндай отырып, бірлесіп атқарылатын іс-шараларды белгілемекпін», – деп сөз бастаған округ әкімі одан әрі жетістіктерді тізбектей жөнелді. Айтуына қарағанда, шағын және орта бизнес ауыл экономикасын дамытуда өзінің орнықты орнын тауып, шағын кәсіпкерліктің белсенділігі едәуір артқан. Нәтижесінде халықты жұмыспен қамту, рынокты отандық тауар өндірушілердің тауарларымен толықтыру мен бәсекелестік ортаны қалыптастыру мәселелері оңынан шешіліпті.

Қазығұрт ауданы негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде астық, мал өнімдерін өндірумен айналысады. Өткен жылы ауылдық округ аумағында 6100 гектар егістік алқап игерілген. Масақты дақылдардан 9377,2, мақсарыдан 189,7 тонна өнім, 6 мың тоннаға жуық жоңышқа жиналған. Сарапханада жылыжай шаруашылығы да көркейіп келеді. Өткен жылы жылыжайдың жалпы көлемі 10,1 гектарға, олардан жиналған өнім көлемі 2626 тоннаға жеткен.

Сарапхана ауылдық округінде 2018 жылы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Жұртшылық табынға асыл тұқымды бұқа» бағдарламаларының аясында 278 мал сатып алынса, өткен жылы бұл көрсеткіш 325-ке жетіпті. Сонымен қатар былтыр үш шағын жанұялық сүт фермасы іске қосылған. Жалпы алғанда ауылдық округте биылғы жылдың 1 қаңтарына ірі-қара мал саны 6656, қой-ешкі 25176, жылқы 2862 бас, құс 5058 бірлікті құрап отыр екен.

Бүгінгі таңда тұрғындардың талабы жекеден ортақ мүддеге көтерілген. Сондықтан бірінші кезекте ауыз су, жол, жарық пен газ мәселесі күн тәртібіне көтерілді. Сарапхана ауылдық округінің Талдыбұлақ, М.Өтемісұлы елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысына қарастырылған қаржы толық игеріліп, жоспар орындалыпты. Ал, Майлыошақта ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысы басталған. Жалпы, округтегі 1281 отбасы ауыз суды құбыр арқылы пайдаланса, 144 отбасы тасымалдап ішеді екен.

Ауыл тұрғындары үшін ағын су да өте маңызды. Осы орайда Сарапхана ауылындағы Бұлбұл каналының бастауындағы су бекетінің бұзылғандығы, ол жөндеуді қажет етіп тұрғаны сөз болды. Ал М.Өтемісұлы ауылындағы Қожамұрат каналының басында басталған лоток құрылысы аяқталуға жақын екен. Одан әрі үш шақырымға лоток құюды жалғастырып, қалған жерлерін механикалық тазалаудан өткізіп беруге ауылшаруашылығы және су шаруашылығы бөлімдеріне хат жолданғаны айтылды.

Сарапхана тұрғындарының 83,4 пайызы табиғи газбен қамтылған. Қалған бөлігі әлі күнге дейін үйлерін көмір жағу арқылы жылытады. Өткен жылдары Майлыошақ, Талдыбұлақ, Бақабұлақ ауылдарын көгілдір отынмен қамту үшін құжат әзірленген. Сарапханалықтарды сапалы жарықпен қамтамасыз етуде де біршама жұмыстар атқарылған. Кезектегі және ағымдағы жұмыстар бойынша отыз бағана ауыстырылған. Махамбет елді мекеніндегі Ырыс көшесіне бір трансформатор қойылыпты. Биыл Инвест бағдарламасы бойынша Сарапхананың өзінде 5,2 шақырым электр желісі, 130 бағана ауыстырылмақшы. Ал жол қай жерде болмасын өзекті мәселеге айналып отырғаны белгілі. Дегенмен ауыл әкімі Сарапханада бұл салада біршама жұмыстардың атқарылып жатқандығын тілге тиек етті.

Жасыратыны жоқ, көпбалалы отбасыларға жәрдем беру бүгінде кең көлемде қолға алынуда. Сарапханада атаулы әлеуметтік көмек алуға 338 отбасы өтініш беріп, оларға шартты ақшалай көмек тағайындалыпты. Жалғызілікті бес қарияға және тұрмыстық жағдайлары нашар отбасыларға 65500 теңгеге, алты мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға 25000 теңгеге көмектер берілген. Бүгінгі таңда Сарапхана ауылдық округінде төрт мешіт, екі намазхана жамағатқа қызмет етеді. Ешкім шет мемлекеттерде діни дәріс алмағандықтан болар, теріс ағымды ұстанушы азаматтар тіркелмеген.

Ауылдық округ әкімінің баяндамасынан кейін мінберге аудан әкімі Т.Телғараев көтерілді. Ол кісі де жыл бойы ауыл мен ауданда атқарған жұмыстарға тоқталды. Сонымен бірге көпшіліктің қойған сұрақтарына жауап берді. Рахымберді Каленов ауылдық округтің бюджеті туралы сұраса, Айбарша Базарбаева ішіп отырған суларының ащы екенін айтты.

Кездесу барысында қойылған барлық сұраққа толыққанды жауап берілгеннен кейін аудан басшысы Т.Телғараев тиісті мамандарын жанына ертіп, ащы су ішіп отырмыз деген Айбарша апайдың үйіне барып, суды өзі ішіп көргісі келетінін айтқанда көпшілік күтпеген бұл әрекетке таңырқай қарағандар да болды. Әкіммен ілесіп айтылған жерге біз де бардық. Аудан басшысы ауыл тұрғындары пайдаланып отырған судан өзі де ішіп көрді, өзгелерге де ұсынды. Ауыз су айтқандай ащы емес. Оған сонда су ішкендердің барлығы куә болды. Соған қарамастан қарамағындағы қызметкерлерге тұрғындардың шағымы бойынша жұмыс істеу керектігін қатаң тапсырған Төлеген Телғараевтың бұл әрекеті көпшілікті тәнті еткендей болды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған