Кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс

Өткен нөмірінде «Жаңа үй, ескі еден… Ордабасы ауданындағы олқылыққа кім жауапты?» – деген тақырыппен шыққан мақаланы оқып, көңілім құлазыды. Жаңадан салынған құрылыстардың қирай бастауы масқара емес пе? Ондай құрылысты жүргізгендерге де, оны мемлекеттік қабылдауға алғандарға да сөгіс секілді жеңіл жаза тағайындауға болмайды. Оларды жұмыстан қуып, кемшілік өзгелер тарапынан қайталанбас үшін, тіпті, қылмыстық жауапкершілікке де тарту керек. Әйтпесе, мұндай келеңсіздікке тоқтам жасау мүмкін емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Сарыағаш қаласында жаңадан салынған спорт кешенінің төбесінен жаңбыр жауған сайын су сорғалап тұрды. Осы қалада жаңадан салынған бір мектептің жертөлесі әлі күнге суға толып жатады. Осының барлығы жауапкершіліктің жоқтығынан деп ойлаймын. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мысалы, Шардарада жаңадан салынған кәсіпкерлік орталығының қабырғасы қақ айырылып тұр. Отырар ауданында жаңадан салынған үйдің іргетасы отырып, қабырғалары құлаған.

Түркістан облысында ғана емес, сапасы сын көтермейтін құрылыстарды еліміздің кез-келген өңірлерінен кездестіруге болады. Қарағандыдағы «Бесоба» мен Алматыдағы жаңадан салынып жатқан көпірдің, Нұр-Сұлтан темір жол вокзалындағы құрылыстың құлағанын біздің ел ғана емес, ғаламтор арқылы бүкіл дүние жүзі куә болды. Былтырғы жылдың күзінде Қызылорда облысы Жалағаш ауданының орталығында құрылысы шілде айында басталған бір қабатты үй құлап қалыпты. Оқиға салдарынан сол төңіректе тұрған үш көлік зақымданған. Әбүйір болғанда адам шығыны жоқ. Осындайда біреуді мың теңге үшін жауапқа тартатын құзырлы орындар қазынаның миллиондары, миллиардтары жұмсалған құрылыс нысандары сапасыз шыққанда неге құлшына кірісіп, кінәлілерді жауапқа тартпайды деген сұрақ туындайды? Әлде ел аузындағы «олар да «доляда» болады» деген сөз шындық болғаны ма?

Париждегі әлемге әйгілі «Эйфель» секілді ғасырлық тарихы бар мұнаралары айпағанның өзінде еліміздегі барлық облыс орталықтарында Кеңес Одағы кезінде салынған үйлер, ғимараттар бар. Олардың арасында, тіпті, жүз жылдың жүзін көргендер де аз емес. Сол ғимараттардың кейбірінің іргетасының шөккендері болмаса міз бақпай тұр. Ол ғимараттар әлі де біраз жылға дейін пайдалануға жарайды. Облысымыздың аудандары мен Шымкент қаласында осыдан 20-30 жыл бұрын салынған ғимараттардың сыртын әрлеп, әспеттеу үшін өзгеріс енгізбек болғанда құрылысшылардың бұрынғы сылақтардың сапалылығына таңданғанына талай жерде куә болып жүрміз. Ал қазіргі салынып жатқан жаңа ғимараттардың жай-күйі 25-30 жыл өткенде қандай боларын бір Құдайым білсін. Елімізде 5-6 баллдық жер сілкінісі болмасын деп тілейік. Айтқан жерден аулақ, ондай жағдайда не боларын елестетудің өзі қорқынышты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған