Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Ұстаз даукес болса…

Ұстаз даукес болса…

Ордабасылық ұстаздардың дауына нүкте қойылар емес.

Өткен нөмерлерінің бірінде «Ордабасылық мектептен шыққан жанжал министрлікке дейін жетті», – деген тақырыппен мақала жарияланған болатын. Онда Ордабасы ауданы Қайнар ауылындағы М.Әуезов мектебінің ұстаздары мен директоры арасындағы дау-дамайдың ақыры соттасуға дейін жеткені туралы айтылған-ды.

 

Сол мақаланың соңында облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының мамандары екі жақты татуластыруға жасаған әрекетінің нәтижесіз болғаны туралы жазғанбыз. Ал кешегі сенбіде аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева бастап, ауылдың биі, мектепте ұл-қыздары, немерелері оқып жатқан ата-аналар мен әкелер комитетінің төрағасы, қоғам белсенділері қоштап өткізген кездесуде екі тарап тағы да келісімге келе алмай тарқасты. Бұл жолы мектеп директоры Ділбар Сапарымбетова келісімге келу туралы ниет танытты. Тіпті ол: «Әңгіме қылып жүрген 25 мың теңгелеріңді бере салайын», – дегенді де айтты. Бұған қатысты бүгінде басшымен дауласып жүрген мұғалімнің бірі Сәуле Сардарова директорға қарап: «Мен де кешірем. Бірақ сіз кінәңізді мойындаңыз», – десе, тағы бір ұстаз Гүлдана Шотаева: «Сотқа берген мен емес, директор. Енді дау төрелігін сот айтсын. Егер кінәлі болсам, жазамды өтеуге дайынмын», – деп ымыраға келе алмайтынын білдірді. Осылай қариялар араласқан әрекет те аяқсыз қалды.

Әрине, даудың сотқа дейін шешілмеуінің негізгі себебі – екі тарап та өздерін кінәсіз санайтындығынан болатыны белгілі. Бірақ бір тараптың кінәсі басымдау болмаса даудың мұншалықты ушығуға ұласпасы тағы рас. Ендеше, сырт көз не дейді? Олардың да пікіріне құлақ түрейік.

Шұға Нұрабаева, Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы: – Ділбар Сапарымбетованың осы мектепті басқарып отырғанына 7-8 жыл болған. Ал менің ауданның білім саласының тізгінін ұстағаныма екі жыл болды. Осы аралықта директордың жұмысында кемшілік болған емес. Талапшыл басшы. Мектептің көрсеткіштері де жоғары. Осы кезге дейін ол басқарып отырған білім ұясына 2-3 рет барып көрдім. ҰБТ-ға дайындықтарын бақыладым. Мін тағатын ештеңе көрмедім. Білімділігі ұнады. Осы дау-дамай басталғанда ұжымды жинап, өкпе-реніштеріңіз болса ашып айтыңыздар деп сұрағанымда ешкім ештеңе айтпап еді.

Даудың екінші жағында тұрған мұғалімдердің де жұмысын жаман дей алмаймын. Кемшілік көрмедім. Мәселе жұмыстарында емес басқада, дәлірек айтқанда араларында бұрыннан келе жатқан бас араздық бар секілді. Бірақ, жеке бастың бас араздықтары білім сапасына кері әсер етпеуі керек еді. Өкінішке қарай олай болмай тұр.

Назар аударатын тағы бір мәселе – Г.Шотаева Алтын белгіден үміткер қызының математика пәнінен бірінші тоқсанда төртке шыққанына наразы. Осы мәселе бойынша мен мектепке арнайы бардым. Алты оқушыдан тест алдым. Бірақ ол қызын тестке қатыстырмай алып кетті. Неге бұлай еткені мен үшін түсініксіз болды. Осы кісінің өтініші бойынша математика пәнінің мұғалімін басқа сыныпқа ауыстырдық. Дегенмен дау әлі тоқтайтын емес.

Үміт Жорабекова, М.Әуезов атындағы мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы: – Гүлдана Шотаеваға тағар ешқандай кінәм жоқ. Ол кісі белсенді. Берілген тапсырманы, айтылған жұмысты уақытында орындайды. Кәсіподаққа 51 адамның атынан арыз түскенге дейін Г.Шотаева туралы талқылау болған емес. Арызға байланысты өткен жиналыс аяғына жетпеді. Себебі арызға қол қойған әлгі 51 адам жиналысқа рұқсатсыз, бейнекамералын алып, баса-көктеп кіріп келді. Г.Шотаева бұған наразылық білдіріп, шығып кетті.

Жалпы, 51 адам қол қойған арыздың шикілігі бар секілді. Өйткені, қол қойғандардың арасында жұмысқа әлі қабылданып үлгермеген азаматтар да жүр. Арызды алып келген Жорабековаға: «Қол қойғандар тізімінде неге бізде жұмыс істемейтіндер, «больничныйда», «декретныйда» жүргендер бар?», – дегенімде мұның 3-4 ай бұрын басталған ұйымдасу екенін жасырмай айтты. Сонда адамдар өздерінің жұмысқа кіретінін 3-4 ай бұрын біліп отыратын болған ба? Осы секілді түсініксіз жайттар бар.

Зүбәйра Керімбекова, директордың бастауыш сыныптар бойынша орынбасары: – Мектебімізде 21 бастауыш сынып бар. Гүлдана Шотаева 4 «б» сыныбына сабақ береді. Оның жұмысқа кіргеніне сегіз жылдай болып қалды. Соңғы жылдары жетістіктерімен көзге түсе бастады. Биылғы оқу жылының басында бастауыш сынып мұғалімдері арасында өткен аудандық байқауда екінші орын алса, облыстық байқауда бірінші орынға ие болды. Гүлдананың жеке басыма артық сөз айтқан кездері жоқ. Мен одан жұмысты талап етемін. Ол сабаққа, берілген тапсырманы орындауға келгенде, яғни өз жұмысына өте тиянақты. Сабақ уақытында бір жерге барып арыз жазып немесе сабақтан кешігіп, өз ісіне немқұрайдылық танытқан кезі жоқ.

Міне, бұл М.Әуезов атындағы мектептің директор Д.Сапарымбетова мен бастауыш сынып мұғалімі Г.Шотаеваға қатысты ұжымдастарының айтқан пікірлері. Әдетте қызметкерлердің басшының атына көбірек мақтау айтып, соның сөзін сөйлеуге, ал қызмет сатысында төмен тұрған адамға қатысты сын айтуға бейім тұратыны бар емес пе? Бірақ, бұл ұжымда ондай пиғылды байқамадық. Директорды «көкке көтермеді» немесе жерден алып, жерге салған да жоқ. Қатардағы қызметкердің атына да жасқанбай жылы сөздер айтып отыр. Былайша айтқанда, дауласып отырған екі тарапқа да тас атудан аулақ. Сонда бәрі жақсы болса дау қайдан шығып отыр? Әлде Ш.Нұрабаева айтпақшы екеуінің арасында жеке бастарына қатысты араздықтары бар ма екен? Олай болса жеке бас араздықтарын жұмысқа араластырып, ұжымның сиқын бұзудың қажеті қанша?

Өмір бар жерде күрес те бар, дау да болады. Бірақ, өмірін ұрпақ тәрбиесіне, олардың сауаттылығын арттыруға арнап отырған ұлағатты ұстаздардың өзара дауласуы кімге үлгі? Мұғалімдер бірін-бірі сотқа сүйреп, ешкімнің ақылына құлақ аспаса олар оқытып отырған оқушылар қандай тәлім-тәрбие алады, қандай жолға түседі? Ұрпақ болашағын ойлаған ұстаз болса жеке бас араздығын жинастырып қойып, ортақ мүддеге жұмыс істеуі керек емес пе? Әлде біздің ұстаздар даукес ұрпақ тәрбиелеп, оқушыларды болашақта бірін-бірі сотқа сүйреуге үйретіп отыр ма? Осыдан кейін аға буын өкілдері жастар тәрбиесі жайында қалай сөз қозғамақ? Мұғалім – әлемді өзгертуге атсалысады деген сөз бар. Сонда олар әлемді қай жағына қарай өзгертуге ықпал етіп отыр?

Мағжан ақын «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деп, ұстаздан артық мәртебелі мамандық жоқ екенін айтып кетіп еді. Осы мәртебені ұстаздардың өздері түсіріп жүрген жоқ па?

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика