Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » «Қамқорлық» кедейшілікті жоя ала ма?

«Қамқорлық» кедейшілікті жоя ала ма?

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев кезекті бір аппарат жиынында «Нұр Отан» партиясының басшылары мен аудан әкімдеріне тұрмысы төмен отбасыларды қамқорлыққа алу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы нұсқау бойынша қазір облыс аумағында «Қамқорлық» жобасы жүзеге асып жатыр.

«Қамқорлық» жобасы аясында әкімдер ауыл-ауылды аралап, тұрмысы ауыр отбасылардың тізімін алды. Оларға қандай көмек керек екендігі зерттелді. Сол бойынша қамқоршылар анықталып, атқарылуы тиісті жұмыстар белгіленіп берілді. Бұл өте құптарлық бастама болды. «Жарлының бір тойғаны шала байығаны» демекші, ертеңгі күніміз қалай болар екен деп алаң көңілде отырғандар үшін бір қап ұн, бес литр май, күріш, макарон, шекер, басқа да азық түлік себетін алудың өзі үлкен көмек болары анық. Соның өзіне марқайып, масайрап қалады.

 

Аудандарда жүріп жатқан акцияға өзіміз де қатысып, әкімдермен бірге тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне барып көрдік. Сол кездегі байқағаным, аталған отбасылардың өздерін жағдайы төмен, дағдарыстағы отбасы, көмекке өте шұғыл отбасы деген топтарға бөлген екен. Шыны керек, көмекке мұқтаж отбасылардың тұрмыс-тіршілігін көзбен көргенде әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ұмтылып отырған елде өмір сүріп отырғанымызға сенгім келмеді. Ауылдарда ыстық тамақтың өзін тойып ішу арманға айналған, кедейшіліктің соңғы сатысында ғұмыр кешіп отырған отбасылар аз емес екен. Ауру баласын емдетуге қаржы таппай отырғандар қаншама? Қара нан мен қара суға қол жеткізу үшін көшеге қол жайып шығып кеткендердің санын ешкім білмейді. Оларды көргенде жаның ашиды, көңіл-күйің құлазиды. Көз алдыма Астанадағы қыршын кеткен бес бүлдіршіннің тағдыры елестеп кетті. Әкімдердің табалдырық аттап, хал-жағдайын сұрауға келгендерін көргенде көпшілігі көз жастарына ерік берді. Бәлкім, олар биліктен мұндай қамқорлық күтпеген болар? Әлде оалар қоғамның қамқорлығынан күдер үзіп үлгергендер ме екен?

Қиындықты бастан өткермеген адам үшін ақыл айтудан оңай шаруа жоқ. Бәлкім көпшілігіміз «неге олар атаулы көмек алмайды, неге жұмыс істемейді» деп бар кінәні өздеріне оп-оңай аудара салып, өзіміз шеттеп қалуға құмартамыз. Ал көмектесуге келгенде құлықсызбыз. Өкініштісі сол, ел айтып жүргендей тойханасы, дүкені, қосқабатты үйлері бар азаматтар алған мемлекеттік жәрдемақыға шын мұқтаж жандардың көпшілігі қол жеткізе алмай жатыр. Әрине, мұның себебі сансыз болса керек. Мәселен, Ордабасы ауданының орталығы – Темірланда тұратын Сәденова Әйгерімді алайық. Мүгедек бір баласы бар. Ұлы жиі есін жоғалтып ала беретіндіктен мектепке қабылдамайды, үйде оқытуға мәжбүр. Сол себепті оны үйде жалғыз қалдырып, жұмысқа да шыға алмайды. Мүгедек баламен бірге тастап кеткен бұрынғы күйеуі айына 10 мың теңге алимент төлеп тұрады екен. Ұлының мүгедектігіне 42 мың теңге және оған қарап отырғаны үшін өзі де осынша сомада жәрдемақы алады. Бұл ақшаның көп бөлігі баланың қымбат дәрілеріне жұмсалады. Өзі не жылуы, не суы, не газы жоқ пәтерді жалдап тұруға мәжбүр. Осы Әйгерім атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жазғанда табысы шекті сомадан асып кеткендіктен жәрдемақыдан шеттеп қала берген. Сонда жоғарыда айтқан тойханасы, дүкені, қосқабатты үйлері бар азаматтар қалай алып кеткен?

«Көршісі аш отырып, өзі тоқ жүрген адам бізден емес» деген хадис бар емес пе? Осыны ескерсек, Өмірзақ Естайұлының бастамасымен бүгінде қызу қолдау тауып отырған жобаны әкімдер ғана емес, ел ішіндегі жүрегі жомарт, тұрмыстық жағдайы жақсы барша азаматтар жалғастырып әкетуі тиіс деп ойлаймыз. Және бұл бастама науқандық болып қалмауы керек. Тізімге алынған отбасылар қашан өз қолдары өз ауыздарына жеткенше қолдап-демеп жіберу қажет-ақ. Ата-бабаларымыз қиын-қыстау кезеңде бауыр түгілі басқа ұлттың өкіліне қоржын тамнан орын беріп, бүтін нанды бөліп, жарты нанды жарып жеген жоқ па еді? Біз неге олай ете алмаймыз? Алладан «бергендердің берекесін асыра гөр» деп тілейміз.

Әрине, жалғыз «Қамқорлық» жобасы кедейшілікті түбегейлі жоя алмасы анық, дегенмен, жақсы істен жарысуға, сауап іске септесуге себеп болса екен дейміз.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика