Миды ашытқан «медсервис»

Жақында денсаулығымды тексерту мақсатында бір медициналық орталыққа барғанмын. Сол жерде тиісті қағаздарды реттеген қызметкерлер мені екінші қабатқа жіберді. Ол жақта екі кабинетке кіруім керек екен.

Айтылған жерге барып, кезекке тұрдым. Бір кезде дәл қарсы алдымыздағы кабинеттен шыққан шашы жалбыраған бір қыз “қазір сіз жөнінде маған хабарласты” деп, кезегім келгенде ішке кіретінімді ескертті. Онсыз да кезегімді күтіп тұр емеспін бе? Жөнсіз ескертуіне мән бермей, «жарайды» деп тұра бердім. Бірақ, әлгі қыздың түсініксіз «қызметі» жүйкеге тие бастады. Ол біресе ана, біресе мына есікке әрлі-берлі кіріп-шығып, дәлізде тұрған адамдарға “сіз қазір былай етесіз, анда барасыз, мұнда келесіз” деп жөн сілтей берді. Негізі, оның көмегіне ешкім мұқтаж болып отырған да жоқ. Өйткені кім қайда, кімге баратынын өздері де жақсы біледі ғой. Керісінше оның айтқандары кейде дұрыс келмей жатты. Мысалы, менің алдымдағы бір егде кісіге “сіз енді мына есікке кіресі” дей беріп еді, осы кезде арғы жақтан келіп қалған мейірбике ол науқас адамның мүлдем басқа дәрігерге баруы керектігін түсіндіріп жатты. Сонда жаңағы “білгіш” қыз: “А-а, ну ладно!” – деп, түк болмағандай шаруасын жалғастыра берді.

Ол қыз бұдан кейін де маған екі рет келіп “ақыл” айтып кетті. Соңында шыдамадым. “Шырағым, мен жасы елуден асқан адаммын. Есім дұрыс, өз басымды өзім алып жүре алатын жағдайдамын. Сенің көмегіңе мұқтаж емеспін. Қай кабинетке, кімге кіру керектігін сенсіз де өзім жақсы білемін. Неге маған қайта-қайта ақыл айта бересің? Әлде мені есі дұрыс емес деп ойлайсың ба?” – дедім кішкене дауыс көтеріп. Сөйтсем ол: “Мен медсервистің бастығымын” дейді. Сөзінен ұққаным, оның міндеті – науқастарды кабинеттен кабинетке бағыттап, әркімге “ақыл” айту екен. О заман да, бұ заман, мынадай “қызмет” түрін өмірімде бірінші рет көріппін.

Содан не керек, біз кезек күтіп отырған сәтте қоларбада отырған бір науқастың жағдайы күрт нашарлап, тыныс алуы қиындады. Біреулер дереу дәрігер шақыртып жатты. Тағы бір кейуана қай есіктен кіріп, қай есіктен шыққаннынан шатасқан болса керек жан-жағына жәутеңдей қарап, демін басу үшін жанымдағы бос орынға отыра кетті. Ал жаңағы жұртқа ақыл айтқыш жалбыр шаш неге екені белгісіз, бұл кезде көрінбей қалды.

Сонда мұндай масқарампаз «медсервис» кімге, не үшін керек? Бәлкім, науқастарға жөн сілтейтін бір маман керек шығар, бірақ, дәл осындай миды ашытып, жұртты шатастыратын маман онсыз да жүйкесі сыр бергендердің берекесін қашырудан басқа пайдасы жоқ екені анық.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған