Мен мақалаларынызды үзбей оқып тұрамын. Өткен нөмірлерінде «Ордабасылық мектептен шыққан жанжал министрлікке дейін жетті», «Ұстаз даукес болса… Ордабасылық ұстаздардың дауына нүкте қойылар емес», – деген мақалалар жарық көрді. Қарап отырсам, басында «25 мың теңгеден жинады» деп басталған түсінбеушіліктің арты үлкен дауға айналыпты. Ақша не үшін жиналған? Егер ол білімді жетілдіру үшін болса, не себепті түбіртек берілмейді? Мектеп басшысы көпшіліктің алдында мұғалімге «ақшаларыңды бере салайын» дегені нені білдіреді? Бұл оның сол ақшаны алғанының дәлелі емес пе? Ақшаны алмаған адам оны не үшін қайтаруы тиіс? Ол неше адамнан 25 мың теңгеден жинаған? Алдын сертификаттың көшірмесін берген екен, сол кезде түпнұсқасы қайда еді? Неге сертификаттардың сериясы бірдей? Сотқа тартылған ұстаздардың сөзіне қарағанда ақшаны директор жинатады, ал сертификатты берген адам бүгінде бақилық болғанға ұқсайды.
Директор «тексеру болған, бірақ ештеңе анықталмады» дейді. Ондай қорытындыны кім берген? Сертификатты берген адам өлсе, мекеме бар емес пе? Мекемеде әрбір берілген сертификат тіркеледі. Демек, сол мекеменің шығыс құжаттарын көру керек. Берген адам өлді деп, істі қысқарта салған дұрыс емес. Осы жердің өзінде сыбайластықтың исі сезіледі. Менің ойымша, бұл жерде әлдекімдер қылмыстың ашылмай, істің қысқарып кетуіне мүдделі болып отырған сыңайлы.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева мен аудан әкімінің орынбасары Аңсарбек Әбдіқұлов арыз иесіне не себепті мәліметті толық бермеген? Ш.Нұрабаева өз сөзінде директор туралы: «Талапшыл басшы, мін тағатын ештеңе көрмедім», – депті. Міні жоқ болса неге ұжымдағы ұйымшылдықты сақтаудың орнына қол астындағы ұстаздарды сотқа сүйрейді? Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, аудан прокуратурасы, ішкі істер бөлімі неге Г.Шотаеваның шағымына әділ жауап бермейді? Әлде басшылардың арасында қандай да бір сыбайластық байланыс бар ма?
Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының мамандары келіп, дауласушыларды татуластыра алмапты. Ауыл ардагерлерінің әрекетінен де ештеңе шықпаған. Себебі жағдай шиеленісіп кеткен. Асқынған ауруды қарапайым дәрігерлердің емдей алмайтыны секілді, бұл жерде де жағдай ауыл деңгейінен өтіп кеткен. Ақсақалдар бұл мәселемен екі-үш жыл бұрын айналысуы керек еді. Ендігі әрекеттерінің кеш екенін сезіп отырмын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңды күшейткені белгілі. Жемқорлық қылмыстың үлкен-кішісі болмауы керек. Бәрі жасаған қылмысына сай, жазасын алуы тиіс. Соңғы кездері жемқорлық дерті білім мен денсаулық саласында да асқынып барады. Соның салдарынан ұстаздар бір-бірімен соттасып жүр. Олардың орны сот залы емес, мектеп қабырғасы, сынып бөлмесі ғой. Соны түсінетін уақыт жетті. Бұлай жалғаса берсе, келешек ұрпақтың жағдайы не болмақ?