Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Тауқымет тартқандардың мұңы да ащы

Тауқымет тартқандардың мұңы да ащы

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес өткен аптада Жетісай ауданында «Қамқорлық» бағдарламасы бастау алды. Соңғы жинақталған мәліметке сүйенсек, әрбір ауылдық округтер мен Жетісай қаласын қоса есептегенде әлеуметтік жағынан аз қамтылып, көмекке зәру болып отырған 173 отбасының бар екені анықталған. Ол отбасыларда 1059 адам өмір сүреді. Ауыл әкімдері мен аудандық бөлімдердің мамандары елді мекендердегі тұрмысы ауыр отбасыларға жеке кіріп, шынайы жағдайларын көздерімен көрген. Қандай көмек керектігін сұрап біліп, кесте жасаған. Сол бойынша әрбір отбасыға бір-бір адам бекітілген. Сондай-ақ ол отбасылар жеке кәсіпкерлердің қамқорлығына тапсырылған. Алдағы уақытта сол бекітілген жауапты мамандар аталған отбасылардан хабар алып, жұмыссыздардың жұмысқа орналасуын бақылауға алады. Тіпті, жеке кәсіп ашуға жағдай жасап, оның жолға қойылуына көмектеседі.

Қасиетті жұма күні аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев пен «Нұр Отан» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауов төрт ауылдық округтегі сегіз отбасының жағдайын өздері барып көрді. Әр барған үйде әкімге өтініштер аз айтылмады. Біреулер жұмысқа орналастыруды сұраса, екіншілері кәсіп ашуға көмектесуді, үшіншілері баспанаға қол жеткізуге жәрдем беруді өтінді. «Басқа баратын жеріміз жоқ, осы отырған үйді иесі сатпақшы. Ешқандай жағдайы болмаса да осыны алып беруге көмектесіңізші», – деп көзіне жас алғандар да болды.

Өз кезегінде Жамантай Қанайұлы отбасыдағы жұмыссыз жүрген әрбір адамды жұмыспен қамту мекемесі арқылы жұмысқа орналастыруға жәрдем бере алатынын жеткізіп, тиісті сала мамандарына сол жерде тапсырма берді. Ал үй алып беруге бюджеттен қаржы қаралмайтынын, бірақ демеушілер арқылы ол мәселені де шешуге болатынын айтқанда тұрғындар қуанып қалды.

Ынтымақ ауылдық округінің Үшкөпір елдімекеніндегі Тәжібаев Сәрсенбайдың отбасына барғанда олардың да тұрмыстық ахуалдары өте төмен екеніне көз жеткізді. Әкімді көргенде төсек тартып жатқан отағасы Сәрсенбай көз жасына ерік беріп, сөйлей алмай қалды. Денсаулығы нашар ол бірнәрсе айтпақ болып кемсеңдегенімен, ешнәрсе түсіндіре алмады. Оны көрген отанасы Нәзира Киікбаева да жылап отырып, әкімге мұңын шақты. Өзі күйеуімен бірге мүгедек баласын бағып отырғандықтан, жұмысқа орналаса алмайтынын, баласы жиі ауырып, ұдайы аурухананың жансақтау бөліміне түсетінін жылап отырып жеткізді. Бұл отбасының жағдайымен мұқият танысқан Жамантай Қанайұлы сол жерде аурухана мәселесін шешуге, сондай-ақ жергілікті әкім мен сол ауылдың кәсіпкерлеріне осы отбасыны өз қамқорлықтарына алып, барлық мұқтаждығын жоюға тапсырма берді.

Жағдайы төмен отбасыларды аралау барысында мүмкіндікті пайдаланып, біз аудан әкімін сөзге тарттық. «Біз осылай іс-шараны үш күн бойы жалғастыратын боламыз, – деді әкім. – Әрине оның барлығына менің қатысуыма мүмкіндік жоқ. Бірақ «Нұр Отан» партиясы мен аудандағы бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері бүгін мен бара алмаған жердің барлығын өздері аралап шығатын болады. Менің қолымда ол отбасылардың тізімі, жағдайларының қандай екендігі туралы мәлімет бар. Біздің қамқорлық әрекетіміз мұнымен аяқталмайды. Кейін өзім біртіндеп болса да кіріп шыға беремін. Әрине, біздің қазір алып келген азық-түлігіміз бұл отбасыларды тығырықтан шығара қоймас, дегенмен белгілі уақыт аралығында көмегі тиері анық».

Осылайша облыс әкімінің тапсырмасымен бастау алған акция Жетісай ауданында жақсы жалғасын тауып, қамқорлыққа мұқтаж жандар өздерінің қоғамға қажет адам екенін сезінгендей күй кешті. Ал ол отбасылардың мүшелерін жұмыспен қамту жоспары толығымен орындалса, күн көру қарекеттері жеңілдейтіні анық.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика