Төребай ақсақал он жасында үйленуге мәжбүр болған
Атам қазақ ер азаматты 13-те отау иесі деп таныған. Мұның, әрине, пайдалы тұстары өте көп. Қазір ер азаматтардың үйлену уақыты ұзарғандықтан, ерте шаңырақ көтеру мәселесі ерсі көрінетіні талассыз. Дегенмен, алысқа бармай-ақ, өткен ғасырдың өзінде жігіттердің ерте жастан отау құрғаны тарихи шындық.
Бүгінгі өлшеммен алғанда «бесіктен белі шықпай жатып» отбасы жауапкершілігі мойнына артылған жанның бірі – Төребай Сатылды есімді кейіпкеріміз. 1910 жылы дүние есігін ашқан ол он жасында өзінен бес жас үлкен қызға үйленуге мәжбүр болған. Екеуінің некелесуінен бір қыз туылған. Кейін бәйбішесінің келісімімен өзінен 25 жас кіші қызды тоқалдыққа алып, одан алты перзент өрбіткен.
«Біздің ата қонысымыз – Қызылорда облысының Жалағаш ауданы, – дейді бізбен әңгімесінде Төребай ақсақалдың кіші қызы Дана Төребай. – Бертінде бұл аумақ Өзбекстанның меншігіне өтіп кетті. Атамыз Сатыбалды өте бай кісі болған екен. Әкем: «Енді-енді ес біле бастаған кезімде үкіметтің адамдары малымызды, киімдерімізді тартып алып кетіп жатқанын білемін. Анам амалсыздан алтындарын тығып кетіп, кейін оны қайта іздеп тауып алған», – деп отыратын. 1920 жылдары атамыз Сатыбалды мен әкемнің ағасы Тұрлыбекті (Тұрдыбек болуы да мүмкін) ақгвардияшылармен соғысу үшін әскер қатарына алып кеткен. Содан екеуінен де жылт еткен хабар болмаған. Менің ойымша оларды бай-құлақ деп ауыр жұмыстарға жеккен болуы мүмкін. Сол кезде әкем небәрі он жаста ғана болғанына қарамастан, оған бір әулеттің жүгін көтеруге тура келіпті. Елде төңкерістен кейін ұры-қары мен басмашылар, ақпатшаның қашып жүрген сарбаздары көбейген. Біреудің малын тартып алып, бойжеткен қыздарын алып кету, абыройын төгіп зорлап кету асқынған. Сондықтан әкемді өзінен бес жас үлкен, бөлесі болып келетін Гүласыл есімді қызға үйлендіріпті. Одан Жаңагүл есімді әпкеміз дүниеге келген.
Әкем өз басынан өткен қиын кезеңдер мен қызықты сәттерді ұдайы айтып отыратын. Соның бірі – қызды алып келуге барған сәті екен. Сол кездегі қалыптасқан салт бойынша күйеу қыздың аулында бір күн түнеп, әркім шама-шарқынша құдалық жасап, қызды ұзататын болған. Қызық болғанда қыз аулына ұрын барған күйеу қонақтар арасында көрінбей қалған ғой. Адамдар шарқ ұрып кеп іздесін. Барлығы жас күйеуді қашып кетті деп ойлап, ауыл сыртын іздеп жүрсе, әкем жергілікті өзі қатарлы балалармен асық ойнап жүр екен. Үйге келіншекті алып келгеннен кейін де бірталай қызықтар болған деседі. Бірақ біз оның көпшілігін біле бермейміз.
Атамызды соғысқа алып кеткендіктен отбасыны асырау жас үйленген әкемнің мойнына жүктелген. Кіп-кішкентай баланың қолынан не келсін? Әйтеуір сексеуілді өртеп, одан пайда болған көмірді түйеге артып, ауыл адамдарына еріп, Самарқан мен Бұхара базарларына тасыпты. Түскен ақшаға қайтарында азық-түлік сатып алып, жан сақтаған екен. Бұл оқиға жайында әкем естеліктерінде былай дейтін: «Өзбектер менің жастығымды пайдаланып, түйеме жабысады. Сондағы ниеттері – мені түйеден аударып тастап, заттарыммен қоса тартып алу еді. Мен жас болсам да бойшаң, ірі денелі едім. Ерте есейгендіктен ешкім он жасар бала деп ойламайтын. Өзбектер жақындағанда айбалтамды қолыма алып, «Кетіңдер сарттар, жоласаңдар шабамын», – деп айбат шегетінмін. Амалдап базарға жетіп алсақ, онда қазақтардың көптігінен ешкім тиісе қоймайтын».
Екінші дүние жүзілік соғыс басталғанда әкем 31 жаста екен. Бірақ, не себепті екенін білмейміз, әйтеуір оны соғысқа алмапты. Әкемнің бірінші әйелін біз әже дейтінбіз. Сол Гүласыл әже 1932 жылы қыз босанған. Одан кейін құрсақ көтермеген. Осы жайт себеп болса керек, әжеміз екінші әйел алуға өзі рұқсат берген. Сөйтіп 1952 жылы біздің анамыз Рыстымен тағдыр қосып, алты перзентті болды. Үлкеніміз – Тазагүл, одан кейін Тойша, Құрманғазы, Серғазы, Айна және кенжесі менмін. Әкем анам екеуі қой баққан, ал бізді оқытып, тәрбие берген әжеміз болды.
1976 жылы өз анамыз дүниеден өтті. Араға алты жыл салып әжеміз Гүласыл, келесі жылы әкем бақилық болды. Олардың көзі тірісінде үшеуінің арасында күндестіктен туған қандай да бір кикілжіңнің болғанын көрген емеспіз. Тату-тәтті ғұмыр кешті. Әрине, күнделікті күйбең тірлікке қатысты түсінбеушіліктер әрбір шаңырақта болып жатады ғой. Жалпы, әкемнің мінезі қатал болатын. Екі әйеліне де қатал қараған. Айтқаны орындалмаса «алапат дауыл» басталатын. Бірақ, төркінге қашу, үйден кетіп қалу деген ұғым мүлдем болмаған. Ең бастысы, әкем екеуіне де тең қарап, әділ болған. Әжем мен өз анам да суретке мүлдем түспейтін. Бір рет болса да суретке түсейік деп қанша қолқалағанымызбен «шайтанның бейнесі» деп өзімізге ұрсып тастайтын. Әйтеуір әкемді қалаға барғанында әпкесі қоймастан, немерелерің көріп жүреді деп бір рет суретке түсіріп алған екен. Біздің қолымызда жалғыз сол сурет қана сақталған».
Иә, ата-бабаларымыздың өмір сүру дағдысы бүгінгі жастар үшін ертегі секілді елестейтінін рас. Әйтпесе, он жасар бала дегеніміз бүгінгі 5-сыныптың баласы емес пе? Қазіргі кезде 5-сыныптың баласы үйленіпті десе, төбеден жай түскендей болмайды ма? Ал ол кезде өмірдің өзі соған мәжбүрледі. Алуан түрлі қиын заман, ауыр тағдыр бала біткенді ерте есейтті. Өмір жүгін ерте арқалатты. Жаратқанға шүкір дейік, қазіргідей бейбіт заманда балаларымыздың мойнына артылар бар жауапкершілік – білім алу ғана ғой. Ал ата-аналар үшін өз перзентіне сапалы білім мен саналы тәрбие беру ең басты міндет болып тұрғаны талассыз. Осы екеуін еңбекпен ұштастыра білсек, ата-анасына, отбасына, еліне адал қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеген болар едік. Лайым, болашағымызды баянды ететін осындай ұрпақ қалыптаса берсін деп тілейік!