Ауруы асқынған ол көмекке зәру
Бала біздің болашағымыз. Бұл сөз үлкен мінберлерде әдемі айтылғанымен, кейде іс жүзінде қолдауға ие болмай, өкініштердің өзекті өртеп жататын кездері болады. Сөйтеді де бір әулеттің үкілі үміті болып өсіп келе жатқан жекіншек кенеттен мүгедек болып шыға келеді. Және оған себепші болған ақ халат киген дәрігерлер екенін білгенде әттеген-ай дейсің. Үй бүлінсе қайта тұрғызуға болады, жеміс ағашын да жаңадан өсіресің, бірақ бүлдіршіннің бүлінген тағдырын түзей аламыз ба?
Жуырда редакцияға Қазығұрт ауданы Айнатас ауылынан бірнеше жігіт хабарласты. Олар ауылдарында Дәулет Өрісбай есімді баланың бес жыл бойы сырқатпен арпалысып, жеңе алмай жүргенін, оған көмек керектігін айтты. Баланың әкесі Өмірбай Усмановтың телефонын да берді.
«Үш балам бар. Үлкені осы Дәулет еді, – дейді сырқат баланың әкесі. – Қатарластары секілді өсіп келе жатқан. Балам 2015 жылы сырқаттанып, Қазығұрт аудандық ауруханасына түсті. Дәрігерелер олай-бұлай қарап, аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына жолдады. Онда бір күн бойы тексерістен өткізіп, нәтижесінде жұқпалы дертке шалдықпағаны анықталып, қайтадан аудандық ауруханаға жөнелтеді. Шымкенттен көмек сұратып, санавиация он сағаттан аса уақытта әрең жетті. Сөйтсек, балам соқырішек болған екен. Уақыттың созылып кетуіне байланысты соқырішегі жарылып, ішкі ағзаларына жайылып кетіпті. Дәрігерлердің біліксіздігі салдарынан асқынған дертпен бес жыл бойы күресіп келеміз.
Осы кезге дейін алты ота жасалса, соңғы төртеуі 24 ақпаннан бергі уақытта жасалды. Бұл кішкентай баланың ағзасына ауыр соғатыны айтпаса да түсінікті, бірақ басқа амал жоқ. Бірақ, мұнымен де біз күткен нәтиже болмады. Ендігі үміт алматылық дәрігерлерде дегенді естідік. Бірақ онда бара алмай жатырмыз. Бір жағы карантиннен шыға алмасақ, екіншіден, қаржы мәселесі де қолбайлау болуда. Ал партал ашу созылып барады.
Қазір ұлым үш айдан астам уақыт Шымкенттегі балалар ауруханасында анасымен бірге жатыр. Дәріден мезі болды, иммунитеті де төмендеген. Жұбайым неше жылдан бері осы Дәулеттің қасында. Өзім үйде көлік жөндеймін. Ауылда тапсырыс та аз. Қалаға кетейін десем, балалардың қасына біреу керек. Дәрілердің бағасы удай, бір жақпа дәрінің өзі 12 мың теңге тұрады. Онысы екі аптаға әрең жетеді. Қалаға жиі барып ұлымнан хабар алып тұрамын, оның бәрі қаржы. Осындайда көмек қолдарын созған ауылдастарыма рахмет айтқым келеді. Сол кісілер материалдық та, моральдық тұрғыдан да жәрдемдерін аяп жатқан жоқ».
Иә, Алла ешкімді де баламен сынамасын деп тілейік. Ал басына түскендерге оңай емес. Өмірбайдың осы жанайқайынан кейін біз Қызылқия ауылдық округінің әкімі Асан Нөсеновке хабарласып, көмекке мұқтаж Дәулет туралы не білетінін сұрадық. «Бұрын естуші едім, суретін көргенде танымай қалдым, – деді округ әкімі. – Әзірге біздің қолдан келетін көмек – қаржылай қолдау ғана. Ауыл тұрғындары бұл мәселеде аянып қалып жатқан жоқ. Әркім шама-шарқынша үлес қосуда. Тіпті, көрші ауылдағы таныстарынан да көмек сұрауда. Біржан Мақсұтов есімді бауырымыз облыс әкімдігіне, қоғамдық денсаулық басқармасына, басқа да ірі меценаттарға хат дайындап жіберді».
Әрине, кішкентай Дәулеттің денсаулығы түзеліп, достарымен бірге ойнап кетуі үшін ата-анасы мен ауылдастары аянып жатқан жоқ. Дегенмен, әлі де болса жаны жомарт, қайырымды жандардың көмегіне зәру. Сондықтан қасиетті Рамазан айында Дәулетке кандай да бір көмек қолын созғысы келетіндер болса, Өмірбай Усмановтың +77057701011 телефонына тіркелген «Каспий Гольд» картасына ақша аударса болады. ИИН: 8601 0530 2907.