Бәйдібектіктер жарықтың сапасына ренжулі
Бәйдібек өндіріс орындары жоқ есебі, халқының саны аз аудан болғанымен, әкім тәрбиелейтін шеберхана іспетті. Тәуелсіздік алған жылдан бергі кезеңде облысты басқарған әкімдердің тең жартысы осы ауданның түлектері. Осыған қарап, Бәйдібекті бар мәселесі шешілген аудан деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ, шындығында солай ма? Бұл сауалға бәйдібектік тұрғындардың өздері ғана жауап бере алса керек-ті.
Бәйдібек ауданы, Ағыбет ауылынан хабарласқан Бақытжан Жұмаділлаев ауылдарында жарықтың жиі сөне беретінін айтып шағымданды. «Электр бағандарының біразы тозып тұр, – дейді ол кісі. – Трансформатордың айналасы қоршалмаған, ашық-шашық және ескі. Соның салдарынан жел үп етсе болды жарығымыз жалп ете қалады. Осы мәселені алға тартып, өткен жылы аудан әкіміне барғанбыз. Ол шеше алмады. Жуырда аудан әкімі ауысты. Жаңа басшының назарына да жарық мәселесін ұсынбақпыз.
Өткен аптада «Оңтүстік Жарық» мекемесінің аудандағы басшысы Сәкен Досболаев пен аудан әкімі ішкі саясат бөлімінің басшысы Өскен Алдамжаров келіп кетті. Олар осы жайтқа ауыл адамдарының өздерін кінәлі етпекші. Жарықтың жиі сөнуі – өсіп кеткен ағаштардың салдары екенін айтады. Біз тұтынған жарықтың ақысын төлеп отырмыз, ендеше неге жарықпен қамтамасыз етуші мекеме оның сапасына жауап бермейді? Халыққа жаны ашыса, өз жұмыстарын білсін, тиісті орындарға талап етсін. Қалай да бізді сапалы жарықпен қамтамасыз етуге қол жеткізуі керек емес пе?
Ауылымыздың мәселесін жоғарыға жеткізу үшін Шымкенттен қоғам белсенділерін шақырып отырмын. Оларға ауылдың жағдайын айтсам деймін. Бірақ бүгін аудан әкімдігінен хабарласып, бір аптада кемшіліктердің жөнделетінін айтты. Көбіне шыдадық қой, тағы бір апта күтейік, жаңа әкім сөзінде тұратын шығар деп отырмыз».
Ауыл тұрғындарының осы жанайқайынан құлағдар болғаннан кейін біз де ауданға электр энергиясын таратушы мекеменің басшысы С.Есболаевқа хабарласып, мән-жайды сұрағымыз келді. Бірақ ол кісімен байналысу мүмкін болмады. Осыдан кейін Ағыбет ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы, іс басқарушы Біржан Сапарбековке хабарласқанымызда төмендегідей жауап алдық. «Ауданнан басшылар келіп, көріп кетті. Қателеспесем, 7 мамыр күні болса керек, жел тұрғанда ауылдағы 204 үйдің төртеуінде жарық сөніп қалыпты. Сол күні тиісті маман жарықтың сөну себебін анықтаған. Желдің салдарынан талдардың арасынан өткен бір сым үзіліп, бұтаққа ілініп қалған. Бірақ жерге түспеген. Сол күні жаңбыр жауып тұрғандықтан, қауіпсіздік ережесін сақтау керек болды. Ертеңіне таңертеңгі сағат сегізге дейін ол үйлерге жарық қосылды.
Бақытжан ағамыз айтқандай, жел мен жаңбырда жарықтың өшіп тұратыны рас. Ол ескі трансформатордың салдарынан болса керек. Кешегі аптада арнайы келіп көрген С.Есболаев трансформаторды жаңартатындарын, салбыраған сымдарды тартып беруге уәде етті. Бірақ ағаштарды кесуді бізге жүктеді. Біз ауылдағы жарыққа қатысты «проблемный» жердің бәрін көрсеттік. Ал ағаш кесу жұмыстарын тұрғындармен бірге атқарып жатырмыз».
«Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, Ағыбет ауылындағы жарық мәселесі қос тараптардың келісімен шешімін табатын болды. Нәтижесін күтіп көрейік. Жалпы, Цифрлы Қазақстанға бет бұрған мемлекетімізде бұл мақсатқа қол жеткізу үшін ең алдымен ауылдардағы жарық сапасын қалпына келтіру керектігі айтпаса да түсінікті. Оның үстіне қашықтан оқыту үрдісі тәжірибеге жаппай енгізіле бастаған кезеңде.