Қала басшысы құрылыс қарқынына көз жеткізді
Көктемнің келуімен Шымкентте барлық салада жұмыс қарқын алды деп айтуға болады. Әсіресе, мамыр айы басталғалы қала әкімі Мұрат Әйтеновтың жұмыс кестесі қауырт істерге толы. Бұған, тіпті, әлемді алаңдатқан коронавирус індеті де кедергі болып отырған жоқ.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының ІV, яғни «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты тарауында «Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу» деп атап өткен болатын. Міне, мамыр айының алғашқы күнінен бастап мегаполис басшысының атқарған жұмыстарын сарапқа салар болсақ, осы салаларға көп басымдық бергенін аңғаруға болады.
Көркі қашқан үйлердің қайта сәні кірмек
Ай басында шаһар басшысы қала халқымен кездесу барысында Нұрсәт шағын ауданындағы №18, 19 көпқабатты үйлердің тұрғындарымен тілдесті. Олар 2016 жылы салынған тұрғын үйлердің қабырғалар
ының әрі көшіп, жауын-шашынға шыдас бермей түсе бастағанын айтып, шағымданды. Осы мәселеге байланысты Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов көпқабатты үйлердің құрылысын алматылық құрылыс компаниясы жүргізгенін мәлімдеді. Мердігердің тұрғын үйге 5 жылдық кепіл мерзімі аяқталмаған. Алайда, бүгінде аталған компания жұмысын тоқтатқан. Бірақ заңды түрде банкрот деп жарияланбапты. Сол себепті, қаланың құрылыс басқармасы мердігерді сотқа беріп жеңіп шыққан. Қала әкімі бұл үйлерді құрылыс компаниялардың, демеушілердің көмегімен болса да жөндетіп беруге уәде берді. Өйткені, мердігер компанияның сапасыз жұмысына тұрғындар кінәлі емес.
Қайтпас 1 шағын ауданының тұрғындары қала басшысына жарық жүйесіне, жол, ауыз су, газ, қоғамдық көлікке қатысты шағымдарын алға тартты. «Сіздердің қуаты әлсіз жекеменшік электр энергиясын тұтынып отырғандарыңыздан хабардармын. Кезінде осындағы 416 үйге жарық жүйесі жетпей қалған екен. Соны ескеріп, қуат жүйесін жүргізуге байқау өткізіп, мердігер мекемені анықтадық. Жуырда олар жұмысын бастайды. Құрылыс жұмыстарын күзге дейін бітіруге әрекет жасаймыз. Сонда сіздерде сапалы энергия болады. Ал, су, газ тарту мәселесіне келсек, жуырда жобалық сметасын жасаймыз. Биыл жұмыстарды бастауға тырысамыз», – деді Мұрат Әйтенов. Ал қоғамдық көлік жұмысына қайта зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Қала әкімі Асар шағын ауданына барғанда да осы тектес мәселелер алдан шықты. Айталық, мұнда да 2016 жылы салынған 5 қабатты 30 тұрғын үйдің көпшілігінің сыртқы қасбеті бұзылып, көркі қашқан екен. Қазіргі таңда сол үйлердің құрылысын жүргізген «АҚ Ордасы» құрылыс компаниясы кепілдік мерзімінің өтіп кеткеніне қарамастан өз қаражаттары есебінен жөндеу жұмыстарын бастап кетіпті. Бұл жағымды жаңалыққа байланысты тұрғындар алғыс білдірді.
Келесі кезекте Мұрат Дүйсенбекұлы «Ескі қала» шағын ауданы арқылы өтетін Қонаев көшесін ұзарту мақсатында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысқан болатын. Мұнда жол бойындағы тұрғын үйлердің дені сүріліп, топырағы алынып, тас төсеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жауапты басқарма өкілі құрылыстың бекітілген кесте бойынша жүріп жатқанын айтады. Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Баймендиевтің айтуынша, қала әкімі барып көрген бірінші құрылыс учаскесіндегі ұзындығы 580 метрді құрайтын аумаққа қазынадан 725 миллион қаржы қаралған. Биылға дейін оның 101 миллион теңгесі игерілген. Биылға 200 миллион теңге бөлініп отыр. Қалған қаражат алдағы уақытта берілетін болады. Қазір кәріз жүйесі мен электр бағаналарын, газ жүйесін алу бойынша жұмыстар жүргізілуде екен..
Жаңа мектеп – жаңа сапаға жетелейді
Қала әкімі Шымкенттегі жаңадан бой көтеріп жатқан білім ошақтарының құрылысымен де танысып шықты. Әкім алдымен Арғынбеков көшесінің бойынан салып жатқан 1200 орындық мектептегі құрылыс барысын көрді. Қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне жүгінсек, бүгінде «Атамекен корпорациясы» құрылысын жүргізіп жатқан ғимараттың қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылған. 3 гектар жерге орналасқан мектептің құрылысына 1 млрд. 900 млн теңге қарастырылған. Мердігер компания нысанды қыркүйек айында тапсыруды жоспа
рлап отыр. Ал, іргетасы қаңтар айында қаланған Асар-2 шағын ауданында бой көтеріп жатқан 1200 орындық мектептің құрылысы жыл соңына дейін бітуі тиіс. Сонымен қатар Самал-3 шағын ауданындағы №6 емхана маңынан бой көтеріп жатқан мектеп құрылысының барысымен танысқан қала басшысы оның да құрылыс сапасына көз жеткізді. Құрылысына бюджеттен 2 миллиардқа жуық қаржы бөлінген бұл білім ошағы санаулы күндерде комиссия қабылдауына ұсынылмақ. Бұйыртса, биыл Шымкентте 9 білім ғимаратын пайдалануға беру көзделіп отыр. Оның үшеуі 1200 орындық жаңа мектеп болса, бесеуі 300 орындық қосымша құрылыс. Тағы біреуі 100 орындық саз мектебі болмақ.
Жасыратыны жоқ, мегаполисте әлі де балалар санының көптігінен үш ауысымда білім алатын мектептер бар. Солардың бірі – Зоя Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейі. 1961 жылы 1480 орындық болып салынған мектепте қазір 4800 бала білім алып жүр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін негізгі ғимарат жанынан жапсарлас 300 орындық ғимарат салынуда. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Өмірзақ» құрылыс компаниясы нысанды тамыз айында тапсырмақ. Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар мұнда екі ауысыммен оқи бастайды.
Қосымша құрылыс барысымен танысқан қала басшысы келесі кезекте №49 «Жасұлан» балабақшасына да табан тіреді. Іргетасы сонау 1982 жылы қаланған нысанға күні бүгінге дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Биыл ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін қазынадан 300 миллионға жуық қаржы бөлінген. Бүгінде «АҚ ордасы» компаниясы бөбекжайда құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мердігер 280 орындық нысанды жоспар бойынша тамыз айында тапсыруы тиіс.
«Мұнан кейін қала әкімі Максим Горький атындағы №12 жалпы орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. 915 орындық білім ошағының қабырғасы 1984 жылы қаланған. Көлемі 2624 шаршы метрден асатын 3 қабатты мектепте «Лидер НК» мекемесі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба құны 252 миллион теңгені құрайды. Сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары жоспар бойынша тамызда бітуі керек. Мұрат Әйтенов Майлы қожа көшесінің бойына орналасқан 280 орындық «Алтын дән» балабақшасында да болды. Бөбекжайды «KazIntelGroup» құрылыс компаниясы күрделі жөндеуден өткізуде. Биыл қалада 6 балабақша мен 7 мектептің күрделі жұмыстарын жүргізу үшін қаржы қаралған. Сонымен қатар, бір мектептен тыс мекеме мен бір колледж ғимараты да биыл жөнделеді. Бұдан бөлек 17 спорт алаңы ағымдағы жөндеуден өтеді. Тағы 24 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Оның жетеуін келесі жылы жөндеу үшін жобалық сметалық құжаттары жасалатын болады», – деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
«Алақай, алаңша ..».
Өткен екі аптада жұмыс кестесі тығыз жасалған әкім Еңбекші ауданының тұрғындарымен де кездесіп үлгерді. Мұнда бірқатар үй тұрғындары ауыз суға қатысты мәселе барын айтты. Ресми органдардан тараған мәліметте 2020 жылы Еңбекші ауданында тұратын 2 мыңнан астам абонентке су тарту жұмыстарының жобалық сметасы әзірленіп жатыр екен. Аудан әкімі Ғалымжан Ілиясовтың айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жүргізілсе 2021 жылы Еңбекші ауданында ауыз су мәселесі толықтай шешімін табады. Ал сапалы энергиямен қамту көрсеткіші 88 пайызды құрайды. Қалғаны жекеменшік жарық жүйесіне тәуелді. Мәселені шешу үшін 2020 жылы 5 мыңнан астам абонентке қуат көзін тарту үшін құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Ауданды көгілдір отынмен қамту жағы да Бозарықтағы газ таратушы бекет (АГРС) құрылысының бітуіне қарай 2020-2021 жылдары шешілмек. Мұнан өзге Еңбекші ауданында осы жылы 53 шақырым жол салынады деп күтілуде. Нәтижесінде топырақ жолдарға толықтай тас және асфальт төселеді. Сонымен қатар ауданда бүгінге дейін 519 аула абаттандырылған болса, биыл тағы 64, келесі жылы 47 ауланы абаттандыру жоспарланған. Қала басшысы Мұнайбарлаушылар көшесіне салынған ойын алаңшасымен танысты. Мердігер компания ғарыштық үлгіде бой көтерген балалар алаңшасына құрылғыларды арнайы Ресейден алдырыпты. Маңында үш спорт алаңы да бар. Бүгінде тұрғындар ол жерге видео камера орнатуды ойластырып жатыр. «Бұрын ойын алаңшасының орнында тозған кәріз жүйесінен аққан сасық су көлдеп, Бадам өзеніне ағатын. Қазір жағдай жақсарды. Кәріз жүесі жаңарып, тәулігіне 24 сағат тіршілік нәрі беріледі. Өткен жылы электр жүйесі тартылды», — дейді Мұнайбарлаушылар көшесінің төбе биі Талиба Бурковецкая.
Бір мөлекауданда – 88 көпқабатты үй….
Президент Жолдауында айтылған маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы 2020 жылдан бастап жыл сайын нағыз мұқтаж 10 мың отбасы баспанамен қамтылатынын да нақтылап айтты. Міне, бұл саладағы жұмыстар да Шымкентте қарқын алып келеді. Мәселен, Шымкенттегі Тұран мөлтекауданының өзінде 88 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетін болады.
Бұл мөлтекауданда бүгінде 42 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып қойса, тағы 26 тұрғын үйдің жобасы әзірлену үстінде. Сонымен қатар, 20 көпқабатты үйдің жобалық сметасын әзірлеуге байқау жарияланып, мердігер мекеме анықталған. «Тұранда «Отау строй», «АРТ құрылыс», «АҚ ордасы» секілді 7 ірі мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде іргетас шұңқыры қазылып, бетондау жұмыстары жүріп жатыр», – дейді Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов. Қала әкімі іргетасы қаланып жатқан әрбір үйдің құрылысын аралап көрді. Жұмыс қарқынына көңілі толмаған Мұрат Дүйсенбекұлы құрылысшылар санын көбейтіп, жұмыс қарқынын күшейтуді талап етті. Салаға жауапты басшыларға бақылауды күшейтуді тапсырып, аптасын екі рет есеп алатынын ескертті.
Еліміздің көптеген аймақтарында карантин режимі жалғасатын болды. Бірақ, мұның бастау алған құрылыс жұмыстарының тежелуіне себеп болмайтынын қала әкімі өз көзімен көріп шықты. Кейбір құрылыс барысы саябырсыған нысандарға байланысты мердігер компания басшыларына ескертулер жасады. Ендеше, үшінші мегаполисте бастау алған ірі жобалар орта жолдан тоқтап қалмайды деген сенім бар.