Селдің қаупі сейілген өңірде қауырт тірлік жалғасуда
Түркістан облысының әкімдігі үшін осы апта да қарбаласқа толы болды. Апта басында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған үкіметтік комиссия өңірдегі тасқын зардабын тартып отырған аудандағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Содан кейін нөсер жауыннан үйлеріне су кірген Төлеби ауданының тұрғындарымен кездесті.
«Вице-Премьер өңірге сапар барысында Мырзакент кентіндегі жеке меншік тұрғын үйлердің құрылысын салуға бөлінген 70 га жер учаскесіндегі жаңа шағын ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын тексерді. Үкімет резервінен тұрғын үй салу, инженерлік-инфрақұрылымдық шығыстарды қамтамасыз ету, су құбыры желілерін қайта жаңарту және қалпына келтіру, көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін қаражат көзделген.
Жаңа шағын ауданның құрылысына 32 мердігерлік ұйым тартылған, 313 үйде құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс алаңында 900-ге жуық құрылысшы мен 70 арнайы техника құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Роман Скляр зақымдалған үйлерді, көлік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін қалпына келтіру, су басқан аумақтардан суды сору жұмыстарының қарқынын төмендетпеуді тапсырды», – деп хабарлайды ҚР премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы ветеринариялық шараларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Арман Тағаевтың ұсынған мәліметіне жүгінсек, Мақтаарал ауданындағы топан суда қалған 5 ауылдан шығарылған мал өлекселері толығымен жойылды. Бұл аумақтарда мал ауру түрлерінің таралу қауіпі жоқ. Топан су басқан ауылдардан бас-аяғы 931 бас мал өлексесі шығарылса, оның 40-ы ірі қара, 876-сы уақ мал, 9-ы жылқы және 6-уы түйе. Мұның көпшілігі Өзбекстаннан ағып келген малдың өлекселері екен. Ал мақтараалдықтардың 46 бас малы мен 98 үй құстары шығын болғаны есепке алынған. Оны ақшаға айналдырғанда 10,6 миллион теңгені құраған.
Бүгінгі таңға топан су шайған аймақтарда аурудың таралуын болдырмау мақсатында 1 018,5 мың шаршы метр аумақ залалсыздандырылған. Бұл жұмыстарды атқаруға барлығы 39 маман мен 16 техника жұмылдырылыпты. Сондай-ақ, ауданда ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өлекседен тазартылған аумақтарды 3 пайыз каустикалық содамен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Түрлі қауырт жағдайларға қарамастан Түркістан қаласында жағымды жаңалықтар орын алуда. Соның бірі – облыс орталығында ашылған тарихи сәулет үлгісіндегі Шығыс моншасы. Былтыр іргетасы қаланған
жалпы аумағы үш мың шаршы метрден асатын нысан – Қызылорда облысының Түркістанға тартуы. Бұдан бөлек Түркістан қаласының көркін ашатын қаншама әсем нысандар бой көтеруде.
«Түркістан қаласында үздіксіз жүріп жатқан көріктендіру, абаттандыру, құрылыс жұмыстары облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бақылауында. Аймақ басшысы шаһардағы Бекзат Саттарханов даңғылының бойында салынып жатқан желілік саябақтағы жұмыс барысын тексерді. Жасыл желекке оранған желілік бақта демалыс аумақтары мен салт-дәстүрімізді дәріптейтін сәулет үлгілері орнатылған. Қалаға көрік берген «Парасат» саябағы да ерекше келбетімен саялы баққа айналып келеді. Қайта жаңарту жұмыстары аясында демалыс орнында жасанды көл мен көпірлер және 420 метр тасарық салынуда. Нәтижесінде, саябақ сумен қамтылып, қайта «Арыс-Түркістан» каналына жіберіледі. Ал, «Түркістан-Кентау» бағытындағы жолдың екі шетіндегі тасарықтың бір бөлігі «Парасатты» сумен қамтыса, екінші бөлігі жол бойындағы жасыл желекті суаруды қамтамасыз етеді», – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қасиетті Рамазан айында түркі әлеміне ортақ қасиетті қалада қайырымдылық іс-әрекеті де көрініс берді. Облыс орталығының Отырар мөлтек ауданында тұратын көп балалы ана мен тұрмысы төмен екі отбасыға көмек ретінде көгілдір отын толығымен тегін жеткізілді. Игі істі Қасиетті Рамазан айында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «КазТрансГаз» АҚ-ы жүзеге асырған. Ортақ газ құбыры ауласына келіп тұрса да қаржы қолбайлау болған олар бірер уақыттан бері газға қосыла алмай келген екен.
Түркістан қаласының көп бөлігі әлі көгілдір отынмен қамтылмағандықтан, қыс-күз мезгілдерінде жеке үйлердің мұржасынан будақтаған түтін ауаны ластайды. Мұны айналаны аппақ қар басып жатқан уақытта айқын аңғаруға болады. Бұл, біріншіден, азаматтардың денсаулығына кері әсер етсе, екіншіден, ауаны ластап жатады. Осы олқ
ылықты тоқтату, яғни шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында облыс, қала әкімдіктері газ таратушы мекемелермен бірлесіп, тұрғындарға табиғи газ жүйесіне қосылу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, қатты отын пайдаланатын барлық моншалар мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды газдандыру көзделіп отыр. Бұл бағытта да түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде әлеуметтік және кәсіпкерлік 9 нысан табиғи газға ауыстырылған. Жалпы, Түркістанды газдандыру мәселесі қала әкімімен қатар облыс басшысының да жіті бақылауында болмақ. Өмірзақ Естайұлының тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін Түркістан қаласын толықтай газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде қала тұрғындарының 41 пайызы табиғи газбен қамтылған.
Осылайша түркістандықтар алдағы қысты көгілдір отынмен қарсы алмақ. Бұл жергілікті тұрғындардың көп жылдардан бергі күткен қуаныштары еді.