Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мәселе » Каналдар тазаланып, су қоймалары бақылауда болады

Каналдар тазаланып, су қоймалары бақылауда болады

Төтенше жағдай тоқтағанда төтеннен келген топан су карантинде үйден көп ұзамайық деп отырған халықты әбден әбігерге салды. Тоқтаусыз төгілген нөсер жауын сай-сайды қуалап келіп, көшеге сел болып құйылды. Бір жақтан Мақтаарал ауданындағы тілсіз жау жағадан алғанда, екінші жақтан нөсерден пайда болған тасқын етектен тартты. Әрине, мұның қиындығын халықпен бірге атқарушы билік өкілдері де көріп отыр. Күндіз күлкіні ұмытып, көше кезіп, түнде уайымнан ұйқылы-ояу жүрген жайы бар. Әбүйір болғанда бұл тығырықтан шығуға қазақтың қанында бар қайырымды қасиет зор үлесін тигізуде. Жан-жақтан, еліміздің түкпір-түкпірінен қиналғандарға қол ұшын созған көрініс көк дөнен көңілді көкке көтереді.

  

      Әрине, апат айтып келмейді. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Кешегі қатты нөсерден келген тасқын судан кейін жергілікті атқарушы билік сақтық шараларын қатты қолға алды. Қауіп төндірген негізгі аймақ Төлеби ауданы болса, Шымкенттің бір қанаты осы ауданмен шектесіп, ауылы аралас, қойы қоралас жатыр. Міне, сол себепті Шымкентте де селден зардап шеккен отбасылар бар.

Ауа райының қатты құбылып тұрғанына байланысты Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осы аптада шұғыл іс-әрекетке көшіп, қала аумағындағы су жүретін каналдарды жаппай тазалауға тапсырма берді. Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мегаполисте биыл  ұзындағы 134,4 шақырым болатын 11 канал қайта жаңартылмақ. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтың сөзіне сенсек, қалада жалпы ұзындығы 241,24 шақырымды құрайтын 27 канал бар екен. Соның биыл 11-іне шұғыл түрде тазарту жұмыстары жүргізілетін болса, қазірдің өзінде ұзындығы 10 шақырымды құрайтын «Өтеміс» каналын жөндеу, тазарту жұмыстары басталып кетті. Оның сметалық құны 545 млн.тг құрайды.

Осы тұста айта кеткен жөн, «Шымкент қаласының өзен және канал арналарына механикалық тазалау бойынша сервистік қызмет көрсету» мемлекеттік жекешілік әріптестік жобалары бойынша 2020-2024 жылдарға 850 млн. теңге қаралған. Яғни, жалпы ұзындығы 117,3 шақырымды құрайтын тағы 16 канал арнасын механикалық тазалау көзделіп отыр. Жалпы алғанда, жауынның суының көше бойлап ағып, үйлерге кіруіне осы каналдардың, су жүретін арық-атыздардың уақтылы тазаланбауынан екені дәлелдеуді қажет етпейді. Бұл мәселеде атқарушы билікпен қатар жергілікті тұрғындардың өздері де жанашырлық танытып, арық-атыздарды жыл сайын тазалап отыруға әдеттену өте маңызды. Үйіміздің су алмауын қаласақ, өзіміз де бейқам болмауымыз қажет.

Тасқын су жайы сөз болғанда су қоймаларының да жағдайы еріксіз ойға оралатыны шындық. Өйткені, қойма қараусыз қалса, оның зардабы орасан болары түсінікті. Әсіресе, биылғыдай жаңбырлы көктемде қоймалардағы жағдай бір сәтке болса да назардан тыс қалмау керек. Алайда, Шымкент қалалық әкімдігі таратқан мәліметке жүгінсек, қала аумағындағы су қоймаларынан келер қауіп жоқ екен. Су мөлшері қалыпты. Лайым, солай болғай.

Шымкент қаласының аумағында 4 су қоймасы орналасқан. Шымкент қаласы әкімінің төрағалығымен өткен аппарат отырысында қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков төмендегі мәліметтерді келтірді. 1983 жылы салынған Текесу су қоймасының қазіргі сыйымдылығы 481 млн. текше метр. Бүгінде онда жиналған су мөлшері 50 пайыз екен. Ал, Абай ауданы аумағында орналасқан «Ақжар» су қоймасы 723 млн. текше метр суды ұстап тұруға қауқарлы болса, ол бүгінгі таңда 68 пайызға толыпты. Сонымен қатар, Елтай елдімекені маңында орналасқан «Бадам» су қоймасының сыйымдылық мөлшері 61,5 млн. текше метр. Қазір онда толған су 90 пайыздан асқан. Жағдай мамандардың тұрақты  бақылауында. 4,6 млн. текше метр су жинай алатын «Тоғыс» су қоймасына қазіргі таңда 19 пайыз ғана су келген.

Иә, оңтайлы пайдалана алсақ, мұндай су қоймаларының ауылшаруашылық саласын өркендетуге пайдасы орасан. Ал оларды қараусыз қалдырудың қаупі жоғары. Оған кешегі Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының жағдайы нақты дәлел бола алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында табиғи құбылыстар мен апаттарға да айрықша ден қойып, азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғау мәселесіне баса мән беруге үндегені көрегенділік іспетті. Осы тапсырма жергілікті атқарушы билік өкілдерінің ұдайы жадында болуы қажет. Қанша дегенмен, сақтықта қорлық жоқ екені дәлелденген дүние.

 

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика