Жуырда редакцияға Отырар ауданының Қарақоңыр ауылдық округінің Бестораңғыл елді мекенінен хабарласқан Абай есімді азамат округ әкімі Сәкен Айсейітовтың жұмысына көңілі толмайтынын айтты. «Уақтылы қызмет орнында отырмайды. Ауылда қордаланған мәселені шешпейді. Шағын ауыл тұрғындары бір-бірін сотқа сүйрелейді. Жер дауы өршіп тұр. Әкім іскер болса осыларды бейбіт жолмен неге шешпейді? Ұсақ-түйекке бола ауданға жүгіре беруіміз керек пе? С.Айсейітов аудан әкімінің ауылымыздағы өкілі емес пе?», – деп шағымданады ол.
Әрине, оқырманымыздың жанайқайын түсінуге болады. Дегенмен, оқырманымыздың осы айтқандарының қаншалықты шындыққа жанасымды екені маңызды. Осыған көз жеткізу үшін аталған ауылға арнайы барғанымызда, бірінші назарымызға іліккені – кіре берістегі шатыры шайқатылған аялдама болды. Оның астына адам паналайтын болса, үстіне құлап, басып қалуы ғажап емес.
Орталықтан Құнанбай Исабай есімді тұрғынды кездестіріп, ол кісіден ауылдағы шешімін күткен мәселелер жөнінде сұрадық. «Ауылда мәселе көп, мен тек үйдің қасындағы балалар ойнайтын алаңдағы трансформатор жайын айтайын, – деді ол кісі. – Электр желілері тозған. Жел тұрса жарық сөнеді. Трансформатордың қоршауы жоқ. Электр энергиясын қосып-ажырататын тұтқасының қақпағы болмағандықтан беті үнемі ашық тұрады. Оның жанында балалар ойнайды. Көше кезген түйелер де сүйкенеді. Жылда жиналыста осы жайт сөз болып, уәде беріледі. Бірақ орындалмайды. Жерге таласып, дауласушылар көп. Осындайда әкімді іздесек, таба алмаймыз. Себебі, оның отбасы Шәуілдірде болғандықтан шығар».
Осы мәселені біз әлеуемттік желіде жарияланғаннан кейін Отырар аудандық әкімдігінен хабарласқандар «аудан әкімі аппарат жиынында С.Айсейітовке трансформаторды тез арада қоршауға алу туралы тапсырма берілгенін, ол жұмыстардың орындалғанын, ал аялдаманы жөндеу аудандық ТҮКШ мекемесіне тапсырылғанын» айтты. Алайда, бізге осындай мәлімет берілгенімен, шын мәнінде трансформатор қоршалмапты. Ашық тұрған әлгі тұтқаға ғана қақпақ қойылған. Аялдама да сол баяғы қалпы, желмен шайқатылып әлі тұр. Сонда жалған мәлімет ұсынудың қандай қажеттілігі болды екен?
Әбдіғали Жүнісов басқаратын ауданда қыруар жұмыс атқарылып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Аудан орталығына газ тартылды. Жолдар жаппай жөнделуде. Жаңадан салынып жатқан ғимараттар да аз емес. Ең бастысы, аудан экономикасында өрлеу бар. Бірақ осындай көрсеткіштерге Қарақоңыр ауылдық округіндегі кемшіліктердің көйлеңке түсіріп тұрғаны өкінішті. Мәселені аудан басшысының өзі бақылауға алмаса, жалған ақпар жарға жығатыны дәлелдеуді қажет етпейді.