Төтеншеліктер тәспісінен жаңыла бастаған ба?
Әлеуметтік желілер жанданған тұста жалған ақпараттарға жиі жол берілетін болды. Онысы үшін жауапкершілікке тартылып жатқан азаматтар да аз емес. Ал осындай шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерге мемлекеттік мекемелер де жол берсе ше?
Біз мұны неге айтып отырмыз? Осы жылдың ерте көктемінде, дәлірек айтқанда, ақпан айының соңғы күндері Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізген баспасөз мәслихатында өңіріміздегі жалпы жағдайды, алдағы орын алуы мүмкін табиғи құбылыстарға дайындық барысын баяндаған болатын. Сол мәслихатта департамент басшысы тарапынан төмендегідей мәтінде мәлімдеме жасалған-ды: «Төтенше жағдайлар департаментінің негізгі басты міндеті – төтенше жағдайлардың алдын алу. Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында су тасқыны жағдайы қалыпты, тұрақты бақылауда. Тұрғындарға келер қауіп жоқ. Облыста ауа райының қолайлы болуынан және болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шараларының дер кезінде сапалы орындалуынан су тасқыны және су басу жағдайлары 2019 жылы орын алған жоқ.
Облыс аумағында су тасқыны жағдайы Сырдария бассейіндік өзенімен тікелей байланысты болғандықтан қатаң бақылауға алынған. Сырдария өзенінің төменгі ағысына 66 м3/сек су жіберілуде. Жалпы облыс бойынша су қоймаларының орташа толуы 45-50 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда өзеннің арнасында судың ағысы қалыпты, жағалаудағы елді мекендерге қауіп жоқ».
Сондай-ақ, тасқынға қарсы іс-шараларға байланысты қапталған 53 тонна құм, 584 шатыр, 4622 кереует, 36 мың адамға арналған төсек орын дайындалғаны, 26,9 шақырым өзендерде жаға бекіту және арна түзеу жұмыстары жүргізіп, 29,9 шақырым қорғаныс дамбасы тұрғызылғаны, 25,2 шақырым каналдар механикалық тазартудан өткізіліп, 400 шақырым арық-атыздардың арнасы қоқыстан тазартылғаны айтылған-ды.
Әрине, жоғарыда аталған жұмыстардың атқарылғандығында ешкімнің дауы бола қоймас. Дегенмен, департамент басшысының өз аузымен су тасқынынан келер қауіптің жоқтығы нақты айтылғасын, халық та, әрине, қамсыз отыратыны түсінікті. Халық осылай қамсыз отырғанда нөсерлеп жауған жауынның салдарынан облысымыздағы Төлеби, Сайрам, Қазығұрт, Ордабасы аудандарының бірқатар ауылдарына зақым келді. Бірнеше көпір бұзылып, үйлерге су кірді. Мал шығыны да бар. Бұл төтенше жағдайлардың алдын алатын департамент мамандарының алдағы ауа райын болжау мүмкіндігінің әлсіздігін білдіреді ме, әлде мониторинг жасау сапасының төмендігін көрсетеді ме? Мүмкін төтеншеліктер су тасқын қаупінің Сырдария өзенінен ғана емес, таудан құлайтын өзендерден де келуі мүмкін екенін мүлдем білмейді ме? Білмеді деп біржақты жауап айтуға болмайды. Өйткені, әрбір азаматтың ұялы телефонына тоқтаусыз хабарлама жіберіп отырған осы саланың мамандары емес пе? Демек, бұл жерде төтеншеліктер тарапынан білместік болды деуден гөрі, олардың іс-әрекеттері халықтың қауіпсіздігіне деген салғырттыққа көбірек ұқсайтыны байқалады. Әйтпесе, тасқыннан келер қауіп алдын ала ескертілгенде, тұрғындар да қарап жатпай, қам жасар еді. Қалай болғанда да табиғи құбылыстардан келер қауіп жоқ деп халықты сендіріп, олардың өмірін қауіп-қатерге тігу тұтастай бір маңызды департаменттің жұмысы үшін үлкен сын екені айтпаса да түсінікті.
Тасқын су салдарынан келген шығын аз емес. Әрине, оның барлығы да бюджет қазынасынан өтелетін болды. Алайда, сол бюджет қаражатының өзі халықтың маңдай терімен жинақталған емес пе? Оны шығын етуге ешкімнің құқы жоқ. Департамент басшысының осы мәліметі үшін жауапкершілік қаралмайды ма? Егер төтеншедіктердің өзі халыққа шындыққа сәкес келмейтін мәлімет таратып отырса, онда мұндай құрылымның халыққа қаншалықты қажеті бар деген сауалдың туындайтыны заңды.