1 маусым – балаларды қорғаудың халықаралық күні. Осы күні өзін жарнамалағысы келген шенеуніктер болсын, депутаттар болсын балаларға сыйлық жасап, көңілін аулап қоятыны бар. Сонымен іс бітті. Ал шын мәнісінде бұл тақырып бір күндік емес, мәңгілік мәселе болуы тиіс.
Неге бұлай деп отырмыз? Өйткені, ел болашағының баянды болуын қаласақ, бала тәрбиесінен, оларға сапалы білім беруден, құқын қорғаудан бір сәт те қол үзбеуіміз, күн тәртібінен түсірмеуіміз керек. Өкінішке қарай, бізде олай емес. Рас, бала тәрбиесіне бірінші кезекте ата-ана жауапты болғанымен, қоғамның әсері де айрықша. Бала теріс мінезін үйден гөрі түзде көрсетуге бейіл. Сол себепті, бала тәрбиесінде қоғам мүшелеріне артылар жүк те салмақты.
Оқу жылы аясында балалар әйтеуір мектептің, мұғалімдердің бақылауында болады. Ал демалыстарда ше? Әсіресе, ұзақ болатын жазғы демалыста. Қоғам тарапынан бақылаусыз қалған балалар әр түрлі іс-әрекеттерге, амалдарға барады. Солардың ең қауіптісі – ұрлық-қарлық пен қайыршылық. Біздің бүгінгі қозғағалы отырғанымыз – балалар қайыршылығы.
Өзге ірі қалалардағы секілді Шымкенттегі базарлардың төңірегінде де қол жайып, қайыр сұрап жүрген балалар көп. Адам шоғыры қалың Орталық Қырғы базарға барғанымызда жер асты өткеліне кіре берісте отырған кішкентай қыз баланы көріп, қасына жақындадық. Жасы жетіде екенін айтқан Аниз есімді қыз әлі мектеп табалдырығын аттамағанын, қатарластары секілді сабақ оқығысы келетінін айтады. Ал лагерь дегеннің не екенін де білмейді екен.
Шымкентке жақын жатқан Леңгір қаласынан күн сайын анасымен бірге келіп, таңертеңнен кешке дейін базар алдында қол жайып отыруды кәсіпке айналдырған қыздың жанында ешкім көрінбеді. Бәлкім анасы оны сырттай бақылап жүрген болар. Бірақ біз кеткенше қыздың қасына ешкім келмеді. Сол төңіректе сусын сатып отырған келіншектен Аниз жайында сұрағанымызда: «Осында анасы жүр, келіп хабар алып тұрады ғой. Бұлар Леңгірден келгенімен ол жақтың тұрғылықты адамдары емес-ау. Күні бойы ыстық күннің астында осылай отырады, жағдайы аянышты. Бұл қыз мектепке баратын жастан асып кеткенімен, оқымайды. Өйткені, оқу жылы басталса да осында болады. Бір кездері жоқ болып кетіп, кейін қайта пайда болады. Соған қарағанда басқа базарларға да барып тұратын болса керек», – деп білгенін айтты.
Базар жағалап, қол жайып, қайыр сұрап жүрген жалғыз Аниз емес. Өкінішке қарай, мұндай балалар көп. Тұрмыстың тауқыметіне кішкентайынан жолыққан олардың бүгінгі жағдайы аянышты, ал келешегі не болмақ? Ауыр сынаққа төзе алмай, сағы сынып, өмірден баз кешіп кетеді ме, әлде кәнігі қылмыскерлердің қатарын толықтырады ма? Болашағын ата-анасы қамтамасыз ете алмағандықтан, оларға қоғам қол ұшын созуы керек. Қамқорлығына алып, дәріс берген жөн. Сонда біз жар басында тұрған оларды ту сыртынан итермей, құшаққа алған болар едік. Қамқорлық көріп өскен баланың өзі де айналасына қамқоршы болары анық. Ал қоғамнан қатігездік көрген бала… Дөп айтудың өзі қиын. Әлемдегі дамыған елдердің көшіне кішкентайы қайыршылықпен айналысып, жетімі жылап, жесірі қаңғып жүрген елдің ере алмасы анық.