Премьер-Минстр Асқар Маминнің кешегі аптадағы облысымызға сапары барысында Мақтаарал ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысын бақылаумен қатар ауылшаруашылық жайымен де танысты.
Үкімет басшысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, А. Мамин Түркістан қаласында жаңбырлатып суару технологиясын енгізу мен ауыл шаруашылығындағы ирригация желілерін жаңғырту және тұрғындарды ауыз сумен қамту жұмыстарымен танысты. Үкімет басшысы Түркістан қаласындағы жетекші ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің егіс алқаптарын, материалдық-техникалық базасы мен өнімдерін көріп, жергілікті фермелермен кездесуде өңірдегі агроөнеркәсіп бизнесін одан әрі дамыту бойынша жоспарды талқылады.
Жалпы, Түркістан аграрлы облыс есептеледі. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы осы салаға тікелей тәуелді. Сол себепті, «көктемнің әр күні – жылға азық» екенін жақсы түсінетін түркістандықтар үшін егіс науқанын ұйымшылдықпен өткізу өте маңызды. Алайда, көрші елдегі су қоймасының жарылысы мақтааралдық диқандардың егістігіне үлкен зиян келтірді. Дегенмен, бұл олқылықтың да орны толтырылуда. Төтенше жағдайға тап болған ауыл тұрғындары бүгінде су басқан егістік алқаптарды қайта қалпына келтіріп, шитті мақта егу жұмыстарын бастап жіберді. Бұл шаруаға көрші ел тарапынан жәрдем жасалуда. Дәлірек айтқанда, Мақтаарал ауданына Өзбекстан Республикасының Жызақ және Сырдария облыстарынан 40 арнайы техника мен 243,6 тонна мақта шиті жеткізілді. Оның 15-і чизель агрегаты болса, 11-і жүйекаралық қопсытқыш, 14-і дән сепкіш (сеялка) тракторлары.
Мақтаарал аудан әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудан аумағына кірген техникалар қазіргі уақытта суы тартылған елді мекендердегі шаруаларға көмектесіп, мақта дақылын қайта егіп беріп жатыр екен. Мәселен, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Қарақыр елді мекеніндегі «Жаманқұл» шаруа қожалығы өзбекстандық техниканың арқасында 7 гектар алқабына мақта шитін қайта сеуіп шықты. «Өзбекстандық техниканың көмегімен топан су басқан 7 гектар алқабыма мақта дәнін қайта сеуіп алдым. Көрші ағайындар техникадан бөлек, жанар-жағармайын, сұрыпты шитін де тегін беріп отыр. Бұл шығынға ұшыраған біз секілді диқандарға үлкен көмек екені сөзсіз», – дейді «Жаманқұл» шаруа қожалығының мүшесі Жандос Сапархан.
Ресми статистикаға жүгінсек, жалпы топан судан Мақтаарал ауданындағы 7 мың 500 гектар егістік алқап зардап шеккен болатын. Соның 5035 гектары Жаңажол ауыл округіне тиесілі. Өзбекстандық техникалардың басым көпшілігі де осы ауыл округіне бөлініп отыр. Бұдан бөлек, Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жаңа тұрмыс және Жантақсай елді мекендеріндегі жалпы аумағы 113,31 гектар егістік алқапты қайта өңдеу жұмыстарына да өзбекстандық техникалар бөлінді. Сонымен қатар, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Қарақыр елді мекенінде 61,8 гектар егістікке қайтара мақта дәнін себу жұмыстары жүргізілуде.
«Көрші мемлекеттен келген техникаларға деген сұраныс күн санап артып отыр. Өйткені шаруалар су шайған алқаптарына мамыр айының соңғы күндеріне дейін мақта егуге болатынын жақсы біледі. Сондықтан олар күндіз-түні тынбай егістік алқаптарын қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмылуда. Бір тәулікте шамамен 100 гектардан астам алқапқа күлте жүргізіліп, 100 гектарға мақта егілуде», – дейді Мақтаарал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Жарқынбек Мырзалиев.
Бұдан бұрын да Мақтаарал ауданында шаруалар 60 мың 926 гектар егістік алқапқа түрлі дақылдар отырғызу жұмыстарын жүргізіп жатқандығы айтылған болатын. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым Дүйсенбековтың айтуынша, ауданда жоспарлы жұмыстар жүйелі жүзеге асырылған. Айталық, осы кезге дейін ауданда 1689 гектарға дәнді және бұршақты дақылдар, 42043 гектарға мақта, 9893 гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары, 1620 гектарға мал азықтық, 449 гектар аумаққа күріш дақылдары отырғызылған.
«Ауданда әрбір гектардан түсетін өнім көлемін ұлғайту мақсатында бір жерден екі рет өнім алу жұмысы тиімді жүзеге асып отыр. Биылдың өзінде ауданымызда 84 шаруа қожалығы 349 гектар егістік алқапқа ерте пісетін қырыққабат дақылын егіп, бүкіл әлемдік карантинге қарамастан 5721 тонна қырыққабат өнімін еліміздің өзге аумақтары мен ТМД елдеріне экспорттау жұмыстарын жүргізді. Аталған 84 шаура қожалығының 10-ы өнімін жинап, екінші өнімге бақша дақылдарын егу жұмыстарына кірісіп кетті», – дейді Ғалым Мырзаханұлы.
Жалпы шаруалардың мол өнім алуына себеп болатын факторлардың бірі – мемлекет тарапынан берілетін жәрдем. Биылғы жылы мақтааралдық диқандар «Qoldau.kz» сайты арқылы мемлекеттік жәрдемдерді (субсидияларды) алуда. Бүгінгі таңға жеңілдетілген бағамен 20 мың тонна минералды тыңайтқыш үлестірілген. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 4160 мың тоннадай жанар-жағар май бөлініп, оның 1335 тоннасы шаруаларға таратылған.
Оңтүстіктің оңтүстігі саналатын Мақтаарал, Жетісай аудандарының табиғаты егіске өте қолайлы. Қысы қысқа, жазы ұзақ. Сол себепті мырзашөл өңірінің диқандары қыс мезгілінде де шаруадан қол үзбей, жомарт жерден несібе іздеумен айналысады. Нәтижесі жоқ емес. Өзге өңір диқандары қара топыраққа енді ғана тұқым сеуіп жатқанда, мырзашөлдіктер дайын өнімді сатылымға шығарып жатады. Бұл жергілікті шаруалардың әлеуметтік ахуалын оңалтуға тікелей септігін тигізіп келеді. Әрине, биылғы жылғы су тасқыны біраз шаруаның еңбегін еш еткенімен, оның орны толтырылуда. Бұйыртса, күзде күтілген өнімге қол жеткізу жоспарланып отыр. Еңбек еткенге жомарт жердің сыйы таусылмақ емес.