Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19-ды наурыз айында пандемия деп жариялағалы тәжтажалға немқұрайды қарағандар шындап ойлана бастады. Әлем елдері етек-жеңдерін жинап, шетелде жүрген азаматтарын кері қайтаруды қолға алды. Төтенше жағдай жариялап қана қоймастан, карантиндік режим енгізді.
Індеттің алдын алуға ерте қамданған мемлекеттердің қатарында Қазақстан да болды. Қатаң карантиндік режим елімізде жұқпалы кеселдің алдын алуға көмектесуі тиіс болатын. Өкінішке орай, олай болмай отыр. Ауру жұқтырғандар саны күн санап артып барады. Неге? Бұл сұраққа жауапты алыстан іздеудің қажеті жоқ. Карантин деп облыс, қала, аудан шекараларына блок-бекеттер қойылғанымен, қатынасты толықтай тоқтатылды деп айта алмаймыз. Блок-бекеттерден адамдар қалай өтіп жатыр? Ақша берсең өткізеді дегендердің уәжіне бекетте пара алу барысында ұсталғандар айғақ тауып бергендей болды.
Әрине, «бір құмалақ бір қарын майдың шіруіне» себеп болды деген уәж айтылуы да мүмкін. Шын мәнінде блок-бекеттердегі жағдай, тәртіп қандай? Мұны білу үшін қарпайым халықтың пікірі маңызды. Осы мақсатта Жамбыл, Түркістан облыстары мен Тараз, Шымкент арасын «шарлап» жүрген Өзбекстан азаматы Майрамбек Көнтайұлынан сыр суыртпақтап көрдік. «Карантин басталып кетіп, елге қайта алмай қалдым, – дейді ол кісі. – Алғашында карантин деп жұмыс орнымыздан шықпай жатқанбыз. Бірақ сұрастыру арқылы қатынас мүлде тоқтап қалмағанын білдік. Бір жерде жата беріп іш пысқан соң Тараз бен Қаратау қаласындағы туыстарым мен достарыма барып келдім. Жеткізіп тастауды өз міндетіне алған такси жүргізушілері тиын-тебен ұсынып, бекеттерден қиындықсыз өтіп кете береді екен. Әрине, сонысына орай жолақысы да жоғары, дәлірек айтқанда, әдеттегісінен 2-3 есе қымбат болады», – деп мән-жайды түсіндіргендей болды да сөзін әрі қарай жалғады. «Өткен аптада Өзбекстанмен шекара ашылды дегенді есітіп, жолға шықтым. «Жібек жолы» кедендік бекетінде 2 мыңдай адам тұр екен. Барлығы да Өзбекстан азаматтары. Жергілікті тұрғындарға рахмет, не әрі, не бері өте алмай тұрып қалған азаматтарға су, нан тарқатып жүр. Мен бір тәулік тұрып, өте алмағандықтан Шымкентке кері қайттым. Біз сонда тұрғанда Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінен бір жас жігіт барды. Ол Өзбекстанда өз азаматтарын қабылдайтын мүмкіндік болмағандықтан, екі елдің келісіміне сай шекарадан өте алмайтынымызды, бұған Қазақстан тарапының кінәсі жоқтығын, Өзбекстанның сұранысы бойынша осылай болып жатқанын түсіндірді. Өзбек елінің тәртібі бойынша шекарадан өткен әрбір азаматты арнайы автобуспен ауруханаға апарып, 14 күн карантинге жатқызып, жан-жақты тексереді екен. Адамдар ауруханаға сол себепті симай жатса керек. Амалдап шекарадан өтіп, 14 күн ауруханада жатып шықсам да тұратын жерім – Науайы облысына бара алмайды екенмін. Өйткені, қатынас жоқ. Ондағы блок-бекеттерден ақша беріп өту мүмкін емес дейді. Бекеттерді айналып өтпек болғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, көліктері тәркіленуі мүмкін».
Өзбекстандағы тәртіп, талап қатаң екен. Олар, тіпті, өз азаматтарын да шекарадан өткізбей отыр. Себебі халықтың денсаулығын бәрінен жоғары қояды. Ал біздегі жағдай қалай? Бұл туралы танысымыз Беконай Жұбаныш былай дейді: «Өткен аптада Рудный қаласында тұратын Ағыбай деген ағам Өзбекстаннан келді. Карантин басталмай тұрып Науайы облысының Ұшқұдық ауданына барған екен. Сол жақтан қайта алмай қалыпты. Шетелден келді деп ол кісіні жергілікті дәрігерлер 14 күн бойы үй бақылауында ұстаған. Шекарадан Қазақстан азаматтарын өткізу басталғанда жолға шығыпты. Ол үшін жергілікті дәрігер мен аудандық полициядан рұқсат алған. Сондай рұқсат жүргізушіде де бар екен. Шекарадан өткеннен кейін 2 күн Қабланбектегі ауруханаға жатқызып, тексеріпті. Үйге келген соң Астанаға индрайвер арқылы такси іздеген екен, 15-30 мың теңге аралығында жеткізіп тастайтындар оңай табылыпты. Төрт адам такси жалдап, Бетбақдала арқылы Рудныйға тез жетіп алған. Шетелден келдің деп оқшаулап жатқан ешкім жоқ».
Иә, жолаушылардың сөзіне сенсек, көрші отырған екі елдегі қалыптасқан жағдай, тәртіп, талап екі түрлі. Осыған байланысты індеттің таралу деңгейі де екі түрлі. Мәселен, 35 миллион халқы бар Өзбекстанда бүгінге дейін COVID-19 ауруын жұқтырғандар саны 3164 адамға жеткен. Оның 2565-і айығып шыққан. Көз жұмған адамдар саны – 13. Ал, 18 миллион халқы бар Қазақстанда сейсенбі күнгі мәлімет бойынша 8969 адам сырқат жұқтырған. Көз жұмғандар саны – 35. Тағы бір назар таударатын жайт – Өзбекстанда бұл індеттің алдын алуға жұмсалған қаражат біздің елдегі сомадан әлдеқайда аз. Тіпті, жер мен көктей деп айтсақ та болады. Сонда біз індетпен қаншалықты тиімді күресіп жатырмыз?
Батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды», – деген сөзі осындайда ойға оралады. Егер тәртіпке мойынсұнбай, бармақ басты, көз қыстыға көп жол берсек, індетті тоқтату мүмкін емес. Ал бұл ел экономикасына үлкен соққы болары сөзсіз.