Марқұм Джордж Флойдтың соңғы сөзі
Соңғы аптада АҚШ-та болып жатқан халықтың наразылығы, көпшілік үшін маңыздылығы COVID-19-дан әсте кем түспеуде. Себебі адам құқын желеу етіп, басқа мемлекеттерді жаулап алатын, санкция салуға шебер елдің өзінде демократияның аяқ асты болып, адам құқының тапталуы кімді де болса қызықтырары анық еді. Сонымен демократияның отаны есептелетін Америкада бәрі дұрыс болса, халық неге көшеге шықты? Төтенше жағдай жариялайтындай олардың басына не күн туды? Мұның бәріне қара нәсілділердің өздерін ақ нәсілділер қорлайды деп шу көтергені себеп болған. Оған негіз де жоқ емес.
46 жастағы афроамерикалық Джордж Флойд дүкеннен темекі алып шығып, көлігінде отырғанда, оған полицейлер келіп, дүкеннен жалған ақшаға сауда жасадың деп айып тақса керек. Ол көліктен шықпағандықтан, полицейлер оған күш көрсетеді. Марқұмның өліміне себеп болған Дерек Шовин есімді полицей бұрын Флойдпен түнгі клубта бірге жұмыс істеген болып шықты.
Сол Дерек марұмның мойнынан сегіз минуттай тізесімен басып тұрған. Бұл туралы куәлер суретке де, бейнетаспаға да түсірген дәлелдер ғаламторда шарлап жүр. Тіпті бір куәгердің видеосында полиция көлігінің маңында жерде жатқан ер адамның «Мен дем ала алмай жатырмын! Мені өлтірмеңдерші!”, – деп айғайлап көмек сұрағаны байқалады. Тіпті ол адам іші мен мойны ауырғанын айтып, су сұраған. Көргендердің сөзінше, оның мұрнынан қан кеткен. Мыңдаған адамның наразылыққа шығуына себеп болған қайғылы оқиға 25 мамырда Миннеаполис қаласында болыпты.
Мұндай жағдайда полицейлер өздерін ақтауға тырысатыны белгілі. Олардың мәліметінше, офицерлер күдіктінің қолына кісен салған. Алайда олар жігіттің денсаулығында ақауы бар екенін байқап, жедел жәрдеммен Флойдты медициналық орталыққа жеткізгенімен, ол сол жерде жан тапсырған. Бірақ жағдай мүлде олар баяндағандай емес. Оған қайғылы оқиға кезіндегі ғаламторда тарап кеткен түрлі түсірілімдер дәлел.
Түсірілімде куәгерлер Дерек Шовиннен күдіктінің мойнынан аяғын алуды сұрайды. Бірақ ол құлақ аспаған. Марқұм үнсіз қалғанда: «Ол қозғалып жатқан жоқ, аяғыңды мойнынан ал!» деген сөздер бар. Сол жердегі тағы бір адамның «Сен оны өлтіріп қойдың ба?», – деген сөзін де естуге болады.
Осылайша афроамерикалық жігіттің өлімі жергілікті тұрғындардың наразылығын өршітті. Келесі күні қайғылы оқиға болған жерде Флойдты еске алуға адамдар көп жиналады. Мыңдаған миннеаполистік азамат полицияның үшінші округіне дейін барған. Осылайша бейбіт басталған шерудің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Ереуіл содан бері үздіксіз төрт күн бойы жалғасын табады. Тіпті оған Лос-Анджелес, Калифорния, Мемфис, Сент-Пол, Луисвилла, Нью-Йорк, Денвер, Альбукерк, Финикс, Колумбуста тұрғындары үн қосып, жаппай ереуілге шыққан. 28 мамырда Миннесота мен Сент-Полде 72 сағатқа, 30 мамырда Фултон округінде наразылық шараларына байланысты төтенше жағдай режимі жарияланып, президент Дональд Трамп Twitterдегі парақшасында бұл жағдайға бей-жай қарай алмайтынын жеткізген.
Бүгінде АҚШ-тағы наразылық ол елдің аумағынан шығып кеткені байқалуда. Тіпті Еуропаның Берлин, Лондон секілді ірі қалаларында да жалғасын тауып жатқаны көпшілікті алаңдатуда. Лондонда тұрғындар «Қара нәсілді адамның да өмірінің мәні бар», – деген ұранмен көшеге шыққан.
Халықтың наразылығынан кейін қала мэрі Флойдтың өліміне қатысты істі тергеуге қатысты комиссия құрған. Ал Дерек Шовин 29 мамырда күш қолданумен байланысты үшінші дәрежедегі кісі өлтіру қылмысы үшін қамауға алынып, полиция басшылығы Флойдты тұтқындауға қатысқан төрт полицейді де қызметінен босатқан.
Соңғы мәліметке жүгінсек, АҚШ президенті Дональд Трамп “бүкіл елге жайылған тәртіпсіздікті” доғару үшін құқық қорғау органдары мен әскери полицияның мыңдаған қызметкерін жұмылдыратынын мәлімдеді. Трамп әрбір штат үкіметіне Ұлттық ұлан сарбаздарын көшеде тәртіп орнатуға шығаруға кеңес берген. Қала немесе штат шара қолданудан бас тартса, онда бұл мәселені тез арада шешу үшін Құрама Штаттар әскері көмекке келеді деп ескертті Трамп.
Бірнеше штатта тіркелген жаппай тәртіпсіздікті Трамп “ішкі терроризм” деп атаған. Дональд Трамптың мәлімдемесі қарсаңында полиция Ақ үй маңына жиналған наразы топты көзден жас ағызатын газбен, резіңке оқтармен таратты.
АҚШ-тың банк, технология, сән және шоу-бизнес саласындағы ірі компаниялары нәсілшілдікке қарсы наразыларға қолдау білдірді. Стриминг қызметін ұсынатын Netflix компаниясы Twitter-де “Үндемеу сыбайлас болумен бірдей. Қара нәсілділердің өмірі маңызды. Біздің платформамыз бар, біздің қара нәсілді көрермендеріміздің, қызметкерлеріміздің, авторларымыздың, таланттарымыздың алдындағы жауапкершіліміз және бар” деп жазды.
Google компаниясы өзінің іздеу жүйесінде барлық нәсіл тең деп мәлімдеді. «Расизм әлі де қоғам ауруының қайнар көзі болып отыр. Осы жағдай өзгермейінше, Америкада сонша дәріптелетін еркіндік пен теңдік идеалдары қолжетімсіз қала бермек» деді Citibank-тің қаржы директоры афроамерикалық Марк Мэйсон өз блогында.
АҚШ-тағы ірі ретейлер Target қарсылық шеруі кезінде көптеген қалада дүкендері тоналса да наразыларды қолдады. Компания басшысы Джордж Флойдтың өлімі “жылдап жиналған жараны” ашты деді. Компанияның штаб-пәтері Флойд қаза тапқан Миннеаполис қаласында орналасқан.
Киімімен танымал Nike Twitter-де «Расизмге көз жұма қарамаңдар. Бізде бейкүнә жандарды өлтіретініне мойынсұнбаңдар. Желеуге жол бермеңдер» деген мәлімдемесі бар бейнеролигін жариялады. Nike-тің бәсекелесі Adidas осы твитті бөлісті.