Бір ай бұрын Өзбекстандағы «Сардоба» су бөгетінің бұзылуы көпшілікті ой тұңғиығына тастағаны анық. Тапа-тал түсте болған бұл апат су қоймасы бар елдерге қауіпсіздікті қатаң сақтауға, кез-келген уақытта төтенше жағдайға дайын болу керектігін ұғындырды.
Осы тұрғыда Шардара су қоймасының жағдайына да алаңдаушылардың табылатыны заңдылық. Стратегиялық маңызы зор бұл нысан «Сардобадан» бірнеше есе үлкен, соған байланысты одан келер қауіп те орасан. Баспасөз беттерінде соңғы уақытта Шардараға қауіп төніп тұр деген мағынадағы мақалалар жиі жарық көріп, оған әркім әртүрлі пікір білдіріп жатқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Алайда, су қоймадан келетін қауіп туралы сөз болғанда көлденең көк аттының емес, білікті мамандардың пікіріне құлақ асқан жөн.
Сонымен, Шардара су қоймасына қатысты шынында да қауіп бар ма? Егер бар болса, ол қауіптің алдын алу үшін не істеу керек? Бұл сауалды осы салада көп жыл еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған мамандарға қойған едік. Ендеше, маман пікіріне бірге құлақ асалық.
Абай МҮТӘЛИЕВ, Шардара су қоймасының басшысы:
«Апаттық су қашыртқысын салуды ұсынамын»
«Шардара су қоймасы жайында қысқаша мағлұмат келтірсем, бұл ауқымды, стратегиялық маңызы зор нысан 1967 жылы сыйымдылығы 5 миллиард 200 миллион текше метр суға мөлшерленіп салынған. Қазір бұл нысан «Қазсушар» РМК теңгерімінде. Шардара су қоймасы егістіктерді суландыруға, электр энергиясын өндіруге, су тасқындарымен күресуге және балық өнімдерін өндіруге негізделіп құрылған.
Өздеріңізге мәлім, таяуда Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасы жарылып, екі елге үлкен шығын әкелді. Осы оқиғадан кейін ел арасында «Шардара су қоймасына да қауіп төніп тұр» деген ақпараттар көп тарап кетті. Мен мұны асыра сілтеу, қаңқу сөз деп есептеймін. Рас, нысан 1967 жылы салынғаннан бастап қауіпті аймақ болып табылады. Өйткені, ол жерде үлкен көлемде су жиналған. Су тілсіз жау болғандықтан, ол кез келген уақытта қауіпті болып саналатыны сөзсіз. Бұған таңқалып, үрейленіп, дабыл қағудың қажеті жоқ. Үлкен жұмыстың қиындықтары да үлкен болады. Сондықтан да, қазір қауіпсіздік үшін ел аумағында ғана емес, халықаралық дәрежеде мәселелер көтеріліп жатқанын айтқан жөн.
Ал, су қоймасының қазіргі кездегі өзекті мәселелеріне келер болсақ: 1) Шардара су қоймасының көрші Өзбекстан мемлекетімен шекаралас аумағындағы Арнасай су реттегіш торабы арқылы апатты жағдайда су тастау мәселесі бар. Яғни, Өзбекстан тарапы екі жаңа бөгет салып, бұрынғы Айдаркөлге өтетін су өткізу барынша шектеліп, жаңадан салынған бөгеттер Өзбестанның рұқсатымен суды қабылдап өткізеді. Бұл апатты жағдайда айтарлықтай үлкен қиындық болары анық. 2) Шардара су қоймасында тасқын болдырмаудың алдын алуға байланысты жаңадан секундына 1500 текше метрлік апаттық су қашыртқысын (аваринный канал) салуды ұсынамын. Яғни, Шардара су бөгетінен төмен орналасқан жерлерді су басу қаупі болғандықтан, осы апаттық қашыртқы нысанының қажет екенін астын сызып айта аламын».
Тәңірберді АҒМАНҰЛЫ, Шардара ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Қызылқұм массивін игеруге белсене қатысқан еңбек ардагері:
«Қоймадан дарияға төтелей ағатын канал салу қажет»
-Қазіргі таңда Шардара су қоймасының жағдайы туралы әңгімелер көтеріліп жүр. Яғни, су қоймадан қауіп бар ма, жоқ па деген сауалды әркім әртүрлі мазмұнда талқылап жатыр. Мен жоғары оқу орнын бітіріп келген сәттен бастап, Қызылқұм тыңын игеру жолында еңбек еттім. Соның ішінде Шардара су электр стансасы жұмысына бастан-аяқ қатысқандықтан, су қоймасының жағдайына бей-жай қарамайтын азаматтың бірімін. Бұл тақырып жөнінде су шаруашылығының маманы ретінде пікірім төмендегідей. Аға буын өкілдері 1969 жылғы қатал қысты ұмыта қоймаса керек. Қар мөлшерден тыс қалың жауып, шаруашылыққа көп шығын келтірген болатын. Шардара су қоймасына да осы жылы үлкен қауіп төнген еді.
Әлі есімде, қоймаға құйылып жатқан судың мөлшері бірден артып кетіп, секундына 5400 текше метрге дейін жетті. Бұл жыл сайынғы көрсеткіштен бірнеше есе көп еді. Ал, қоймадан секундына 3400 текше метр ғана су босатылады. Яғни, Арнасайдан Айдаркөлге қарай 1700, «Қызылқұм» каналы мен су электр стансасының төменгі жағына қарай 1700 текше метр су кетіп жатты. Барынша ашқандағы тастаған судың мөлшері осы. Одан артық жібере алмаймыз. Осылайша секундына 2000 текше метр артық су жиналудың салдарынан қойма арнасы барынша толып, кемерінен асып бара жатты. Бұл үлкен қатер еді. «Не істеу керек?» деген сауал аудан мен облысты былай қойғанда кеңестік үкімет мүшелерінің басты проблемасына айналды. Сол кездегі одақтық Су шаруашылығы министрі Е.Алексеевскийдің өзі Мәскеуден ұшып келіп, Арнасайдың бойында екі күн жатты. Мамандармен талқылай келе күрделі жағдайдан шығудың бірден-бір жолы – Арнасай бөгетін жарып, қоймадағы мол суды құмға қарай, яғни Айдаркөлге ағызу туралы шешімге тоқтады. Өйткені басқа жол жоқ еді. Ертеңіне таңертең Арнасай бөгетін қопарамыз деп тұрғанда жоғарыдан құйылып жатқан судың мөлшері төмендеп, қауіптің беті сейілді. Осылайша Арнасай бөгетін жару ісі жүзеге асқан жоқ. Бірақ, күллі Одақтың мамандарын әбігерге салған, халыққа айтарлықтай қауіп төндірген жағдай болды. Міне, содан бері 51 жыл уақыт өтті. Дәл сондай күрделі, қауіпті жағдай қайталанған емес.
Алайда, бұл қауіп жоқ деп алаңсыз отыруға себеп болмайды. Су тұрған жерде ешқашан да қауіп жоғалмайды. Қырғыз бен тәжіктің, өзбек бауырлардың елдері арқылы келетін дария суына осынау мемлекеттердің мамандары жауапкершілікпен қарайды дегенімізбен, біздер сақтық шарасын ешуақытта қаперімізден шығармауымыз қажет. Халықаралық жағдайлардың шиеленісіп тұрған бүгінгі ахуалында небір апаттардың ойламаған жерден бұрқ ете қалуы әбден мүмкін. «Құдай да сақтанғанды сақтайды» деген халқымыздың даналық сөзін жадымыздан шығармаған жөн.
Айтқан жерден аулақ, су қоймаға 1969 жылғыдай төтеннен мол су құйыла қалған жағдайда не істеуіміз керек? Сол кездегідей Арнасай бөгеті арқылы Айдаркөлге су жіберу мүмкін емес. Себебі, өзбек ағайындар ол жерден су қойма салып алғандықтан, артық суды өткізбейтіні жалпақ жұртқа белгілі. Маман ретінде айтатын бірден-бір пікірім – апатты жағдайда артық су қоймадан дарияға төтелей ағатын канал салуымыз қажет. Сол канал арқылы дарияның төменгі ағысына секундына 1500 текше метр су тастай алатын болсақ, қоймада қауіп болмайды. Ондай апатты каналды Шардара су қоймасынан Жаушықұм алқабы арқылы жүргізу жөнінде бірнеше мәрте ұсыныс жасадым. Егер сондай үлкен каналдың жобасын жасап, жүзеге асырсақ, пайдасы болмаса зиян шекпейміз. Біріншіден, осы канал арқылы Шардара су қоймасына қанша мол су келсе де тастап отыруға болады. Екіншіден, бұл каналды тиімді пайдалана білсек, көп кәдеге жаратуға болады. Мәселен, ауданда туризмді дамытамыз деп отырмыз ғой. Міне, осы үлкен каналды сондай жағдайға неге пайдаланбасқа? Түрлі қайық жарыстарын, басқа да мәдени-спорттық ойын түрлерін осы канал бойында ұйымдастыруға әбден болар еді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда – осы канал арқылы Шардара су қоймасына төнер қауіпті сейілтуге болады.
Құдайберген ЕРЖАН, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты. 1998-2011 жылдар аралығында Шардара СЭС Акционерлік Қоғамының төрағасы қызметін атқарған:
«Даурығуға негіз жоқ»
-Мен апатты қашыртқы салуға (аварийнный слив) негіз жоқ деп айтар едім. Бұл жөнінде Үкімет отырысында жан-жақты фактілермен дәлелдегенмін. Қоймаға қатысты ережені бұлжытпай сақтап, білікті мамандарды тартып, ешқандай дау-дамайсыз су деңгейін тәртіппен, бірқалыпты ұстап отыру қажет.
Жарты ғасырдан артық мүлт етпей тұрған бөгет бірден, өздігінен қирай салады деу ақылға сыймайтын дүние. Оның үсіне, қазір қоймада күрделі жөндеу жүріп жатыр. Оған қоса, қоймаға жиналатын су деңгейі бұрынғы уақыттармен салыстырғанда төмендеп келе жатқанын да ескеру керек. Мысалы, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз секілді бізге дейінгі елдер су қоймаларын салып, өз қажеттеріне суды тиімді пайдалану жұмыстарын қолға алған. Яғни, бізге бұрынғысынша ағып келетін көп су айтарлықтай тежелген. Сонымен қатар, апатты жағдайдың алдын алу үшін көктемгі жауын-шашын, қар еріп, ылғал көбейер уақытта қоймада алдын ала су жинауға арналған бос көлем сақтап отыру керек. Сосын ол суды Сырдарияға белгілі бір тәртіппен тастап отырса, Аралға барып құяды. Ал, басқа уақытта ешқандай қауіп жоқ. Сол үшін апатты су қашыртқысын салудың қажеті жоқ және мұны мемлекет қазынасына артық шығын дер едім. Оған қоса, шет елдің ең мықты деген құрылыс компанияларының салып кеткен нысандарының өзі сыр беріп жатқан кез қазір. Яғни, апатты қашыртқы салып, оның сапасымен алысып жүргеннен гөрі күрделі жөндеу жұмыстарын сауатты түрде жүргізу қажет деп санаймын.
Кез келген елде су қоймасының беріктігін сақтау үшін тұрақты түрде бекемдеу жұмыстары атқарылып тұрады. Мұндай шаралар Шардара су қоймасына қатысты да ұдайы жүргізіліп келеді және бұл тоқтаусыз жалғасады деп ойлаймыз.
Мен күн тәртібіне басқа бір мәселені көтерген болар едім. Қазіргі кезде Шардара су қоймасында қызмет атқаратын білікті мамандар жоқтың қасы. Бәлкім сала ардагерлерінің алаңдаушылығының түп төркіні де осыған байланысты болуы мүмкін. Сол үшін кадр мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Олар өз мамандығымен қатар қазіргі заман талабына сай техника тілін, компьютерді мықты меңгерген болуы тиіс».
Жоғарыдағы мамандарың пікірлерін тыңдап, одан мынадай қорытынды шығаруға болады: дәл қазіргі уақытта Шардара су қоймасына төніп тұрған қауіп жоқ секілді. Дегенмен алдағы уақытта апатты қашыртқы салу керек деген тұжырымның түйсікке тура келетінін және ол қауіпсіздік үшін де, мемлекеттік мүддеге де пайдалануға болатындығын түсінгендейміз. Проблема көтерілген жерде мәселенің шешу жолы қарастырылып, жан-жақты есептеліп, бағамдалатыны белгілі. Тиісті мамандар халықтың амандығын ойлай отырып, көтерілген мәселенің оң шешімін табады деген сенімде болайық…