Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Даму даңғылына түскен Түркістан

Даму даңғылына түскен Түркістан

Салыстырмалы түрде алғанда Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жоғары деп айтуға негіз жеткілікті. Халық санының өсуін, жұмыссыздықтың төмендеуін айтпағанның өзінде жыл сайын жаңадан пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекеме ғимараттарының артуы айғақ болар дүниелер.

Өткен жылғы Арыс оқиғасы, биылғы Мақтаарал, Төлеби аудандарындағы төтенше жағдайлар облыстың экономикалық өсіміне тұсау бола алмады. Керісінше облыс тұрғындары бір жұдырықтай жұмылып, қиындықтарға қарсы тұрып, оны жеңіп келеді. Нәтижесінде жүздеген жаңа үйлер бой түзеп, қиын жағдайда қалған тұрғындардың көңілін жұбатты. Осындай сәттерде тұрғындарды тығырыққа тіремей, қиындықтардан алып шығуда облысты басқарып отырған Өмірзақ Шөкеев пен оның командасының етіп отырған еңбегі орасан.

 

 Кентау кемелденіп келеді

Төтенше жағдайларды қалпына келтірумен қатар облыста даму даңғылына да жол ашылуда. Бұған бір ғана Түркістан қаласының соңғы бір-екі жылдың өзінде қаншалықты оң өзгерістерді бастан өткергені дәлел бола алады. Түркістанмен егіз қозыдай өсіп келе жатқан Кентаудың да көркіне көрік қосылуда.

Жуырда кезекті апталық мәжіліс отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласы Түркістанмен бірге дамитынын баса айтты. Сол жиында Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов шаһардың даму жоспарларымен бөлісті. Кентауда биыл бірқатар инвестициялық жобалар іске қосылмақ. Олар: Қотыр бұлақ елді-мекенінде салынып жатқан күн сәулесінен қуат алатын электростанция құрылысы, полиэтиленді құбыр, радиатор шығару цехтары мен «Темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты».

«Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Шаға және Ораңғай ауылдарында бір мектеп күрделі жөндеуден өтті. 36 жол жөнделіп, жаяу жүргінші жолдары салынып, көшелер жарықтандырылуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен бір мектеп күрделі, 35 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Көшелер мен бір көпір, жаяу жүргінші жолдары жөнделіп, саябақтар абаттандырылды. Аталған бағдарлама аясында 300-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланған», – деді Кентау қаласының әкімі.

Өмірзақ Естайұлы кезінде өндірісі өркендеген өңір болған 65 жылдық тарихы бар Кентау қаласын Түркістанмен қатар дамытуды мықтап қолға алуды тапсырды. Қала басшысына Кентауға қарасты ауылдық округ халқының әлеуметтік, құрылыс, инфрақұрылымдық мұң-мұқтаждары мен өзекті мәселелерін дер кезінде шешуді жүктеді. Ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік және өндірісті дамытып, инновациялық жобаларға басымдық беруді міндеттеді.

 

Түлеген Түркістан

Бүгінде қаланың көркеюі бірінші кезекте бой көтерген сәнді ғимараттар мен саябақтардан байқалады. Осы мақсатта отандық және шетелдік белді құрылыс компаниялары Түркістан қаласында тұрғындардың таңдауына сай сан түрлі үлгідегі баспаналар тұрғызып жатыр. Жыл соңына дейін Түркістанда жетпіс нысан пайдалануға тапсырылады деген жоспар бар. Нәтижесінде 2430 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 3604 жеке жер учаскелеріне инфрақұрылым жүйелері жүргізіледі. Қаланың сәулеттік келбетіне баса мән беретін өңір басшысы мердігерлермен кездесіп, көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеуді жүктеді. Қолға алған жұмысты жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді.

2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына қомақты қаржы бөлінген. Оның ішінде қырық арендалық тұрғын үй құрылысы, тұрғын үйлер құрылысы үшін отыз инженерлік инфрақұрылым нысандары, сексен сегіз кредиттік тұрғын үй құрылыстары жүруде. Мемлекеттік бюджет есебінен сатып алу құқығынсыз арендалық қырық көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы да қарқынды жүруде. Жыл соңына дейін 978 пәтерлі 18 тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Сондай-ақ, әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді дамыту бағытында жеті қабатты 48, 72 және 84 пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл бойынша 1452 пәтер жыл соңына дейін тапсырылып, талай адам баспаналы болмақ.

Құнды қағаздарды сату есебінен қаладағы әкімшілік іскерлік орталығында жаңадан 7, 9 және 12 қабатты 64 тұрғын үй салынуда. 3987 пәтерлі көпқабатты үйлердің құрылысын жүргізуге 14,2 миллиард теңге бөлінген. Осылайша облыстағы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының сапалы орындалуы қатаң бақылауға алынған.

 Әуежайға қарап, қаланы таны

Бір кездері қаланың қақпасы – теміржол вокзалдары есептелетін. Әрине, тасымал саласында шойын жол әлі де маңызын жойған жоқ, дегенмен, саяхатшылар тарапынан ұшаққа деген сұраныс күрт көтеріліп келеді. Ал түркі әлемі қасиетті санайтын Түркістан үшін әуежайдың орны тым бөлек. Осы тұрғыдан алғанда  Түркістан қаласында әуежай құрылысы кезек күттірмейтін мәселе екені белгілі. Осыны жіті түсінген аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы облыс орталығында салынып жатқан халықаралық әуежайдың және онда баратын автомобиль жолының құрылысын тексерді. Қаладан 16 шақырым қашықтықта орналасқан әуежай халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен бой көтеруде. «YDA Group» түрік компаниясы салып жатқан Түркістан халықаралық әуежай жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда құрылыс алаңында инвестордың 102 арнайы техникасы мен 300-ден аса құрылысшы тынымсыз еңбек етуде.

Жалпы, әуежай 900 гектар аумақты қамтиды. Онда терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар салынбақ. Әуежай терминалы жылына үш миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Әуежайға баратын автомобиль жолының жалпы ұзындығы 16,3 шақырымды құрап отыр. Осы тұста айта кеткен жөн, Түркістанның туризм әлеуетін арттыру мақсатында облыста арнайы бағдарлама әзірленіп, 2025 жылға дейін турист санын бес миллионға жеткізу көзделгені маңызды жоба. Сонымен қатар, халықаралық әуежайдан екі күнде бір рет Түркістаннан Меккеге тікелей ұшақ ашу көзделгені бұл саланың маңызын онан сайын арттырмақ. Бұл мәселе былтыр желтоқсан айында өткен Түркістан облысының Мәскеудегі күндері барысында айтылған-ды. Іс-шараға туристік компаниялар, туризм саласындағы қоғамдық бірлестік ұйымдары, қауымдастықтар мен мемлекеттік ұйымдар қатысқан болатын.

Аталған нысандардың құрылысын өз көзімен көрген Өмірзақ Естайұлы жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын, бірақ мұнымен тоқтап қалмай, жұмысты одан да ширата түсу керектігін баса айтты.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика