Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Отбасы » Сыныптастар сыйы

Сыныптастар сыйы

Шардара ауданы Қоссейіт ауылдық округінде тұратын жалғызбасты, төрт баланың анасы Есболатова Нұргүл 9 маусым күні үш бөлмелі баспананың кілтіне ие болды. Оған 1983 жылы дүниеге келген, өзімен бірге оқыған сыныптастары тосын сый жасады.

1983 жылғылардың биыл мектептен түлеп ұшқанына 20 жыл. Осынау мерейлі датаны қайырымдылықпен ұштастыруды ойлаған сыныптастар 11 жыл бірге оқыған құрдастары, жалғыз өзі төрт перзентті тәрбиелеп отырған Нұргүл Бекжанқызына көмек қолын созуды жоспарлапты. Игі іс жөнінде осы ұйымшыл 11 «а» сыныбының жетекшісі болған, бүгінде сол білім ордасында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген Қайрат Бұқарбаев былай дейді: «2000 жылы Сырдария мектебінен үш сынып түлектері қанат қақты. Бірі орыс, екеуі қазақ сыныбы еді. Бәрі ұйымшыл болды. Сол ұйымшылдықтарынан әліге дейін айнымапты. Мектеп бітіргендеріне он жыл толған уақытта ауылда спорттан жарыс ұйымдастырды. Міне, енді жиырма жылдықта баспанасыз сыныптастарын жарылқап отыр. Ұсыныс өздерінен болған, біз де мұны құп көріп қолдау білдірдік. Өткен жылы әкімдікке келіп жер алып, үйдің іргетасын құйып, құрылысты бастап қойған еді. Биыл баспананы толық бітіріп, сейсенбі күні кілтін салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ, тұрмыстық техникаларды сыйға тартты. Ауыл тұрғындарына құдайы тамақ берді. Түлектердің мұндай бастамасын барша жерлестер қолдап, алғыстарын жаудырды. Ризалық білдірген ауыл қариялары баталарын берді. Осы кезге дейін әр баспананы жалдап келген Есболатова Нұргүл сыныптастарына шынайы ризашылығын білдіріп, жанары қуаныштың жасына толды».

Бәрекелді. Мұндай игі іске ұйытқы болған қайырымды азаматтарға қатысты қанша мақтау айтсақ та жарасады. Ең бастысы, осынау қайырымды шара өзге жерлестеріне де үлгі болып, Қоссейіт ауылында үрдіске айналып келеді. Лайым, жақсы іс жалғасын таба берсін демекпіз.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика