Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Бәйдібектегі «сақалды құрылыс» қашан аяқталады?

Бәйдібектегі «сақалды құрылыс» қашан аяқталады?

Басталған істің аяқталуының тым ұзаққа созылуы, яғни «сақалды құрылыстардың» тұрғындардың жүйкесін жұқартатыны түсінікті. Әсіресе, ол құрылыстар жолға қатысты болса. Өйткені, бүгінде жол қызметін пайдаланбайтын адам жоқ. Ал жиі пайдаланатындар үшін – бас қайғысына айналған десе де болады. Ұзаққа созылған жол құрылысы жолаушылардың жүйкесін ғана емес, көлігін де тоздырып, қалтасына салмақ салатыны талассыз.

Жол азабын тартқан Бәйдібек ауданының тумасы Бақытжан Жұмәділдаев жанайқайын әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жеткізеді. «Бәйдібек ауданының кіре беріс, шыға беріс жол бойына назар аударып, қолға алатын әкім-қаралар бар ма екен? Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков мырзаның назарына мына суреттегі «жабайы, сақалды құрылыс» нысандары ауданымыздың немесе «Шаян» ауылының символы ма? Ауданымызға келіп жүрген облыстық мәслихаттың депутаттары да сізге мына нысандарды сүріп тастап, ойрандап өзен жағасын қазып, аяқсыз қалған шұңқырларды күл-қоқыспен көміп тастасаңыз жөн болар еді деп айтпады ма?

Аудан билігін бес елді мекеннің тұрғындары қандай ауыз су ішіп отырғандары қызықтырмаса да аудан орталығының кіре беріс қақпасы ойландырмағаны ма? Ержігіт Шәріпбекұлы сіз аудан тұрғындарымен тығыз байланыста болсаңыз ауданның осындай жағдайларымен толықтай таныс болар едіңіз? Сіз күніне бірнеше рет қабылдайтын кеңесшілеріңіз бен орынбасарларыңыз сізге бұндай ескерусіз қалған жағдайларды көрсетпеуге тырысып жүргендері ме?»

 

Жалпы, Бәйдібек ауданының жаңа әкімінің ең бірінші назарға алуы тиіс салаларының бірі – осы жол құрылысы екені даусыз. Өйткені, мұнда осыдан екі жыл бұрын басталған жолдарды жөндеу жұмыстары әліге дейін созылып келеді. Соған қарап, бәлкім сапалы атқарып келе жатқан шығар деген ой келеді. Бірақ, жергілікті тұрғындардың уәжі бұған сәйкес келмейді. Өйткені, асфальтті қақаған қыста, қар жауып тұрған уақытта да жүргізген кездер болған. Айталық, Ақбастау ауылының жоғары жағындағы көшенің қақ ортасының 200 метрге жуық бөлігіне асфальтті түн ортасында келіп, төсепті де кетіпті. Не басы, не аяғы жоқ бұл асфальт жолдың сапасы да сын көтермейді. Қар жауып тұрғанда төселген жолдың қайбір сапасы болады дейсіз?!

Әрине, жолдар жергілікті, облыстық, республикалық маңызды болып бөлінеді. Бірақ, бұл аудан басшылары үшін сыныққа сылтау іздеуге себеп болмауы тиіс. Аудан басшысы сол аудандағы бар жақсы мен жаманға жауапты болғаны жөн. Біз жазба иесі Бақытжан Жұмәділдаевтың өзімен хабарласқанымызда әкімдерден көңілі қалған ол мердігер компанияның басшысы Шаянға келді дегенді есітіп, одан жолды қашан бітіретінін жеке сұрау үшін іздеп жүргенін айтты. Ал шындығында бұл тұрғындардың емес, атқарушы биліктің шаруасы емес пе? Жергілікті тұрғындар жауапсыздыққа шағынар болса, арызқой атанып шыға келеді. Сонда қарапайым халық не істеуі керек? Келеңсіздікке көз жұмып отыра беруі керек пе?

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика