Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Ескі де болса жаңа еді, жаңа да болса ескіге айналды

Ескі де болса жаңа еді, жаңа да болса ескіге айналды

Оқырманның есінде болса газетіміздің өткен жылдың тамыз айындағы бір санында Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылына кіре берісте салынып жатқан қақпаға қатысты «Арка үшін қыруар ақша шығындаудың қаншалықты қажеттілігі болды?», «Жалған ақпар жарға жығады. Немесе жаңа арка төңірегіндегі шындық неге жасырылады?» деген тақыраптарда мақала жарияланған еді. Бұл мәселеге байланысты сол кездегі аудан әкімі Бақтияр Мамаев үндемей құтылған-ды.

Содан бері де он ай уақыт өтіпті. Жуырда Қарабұлақ ауылына тағы бардық. Бұл жолы тұрғындар өтінішімен қан сасыған көшелерді басшылықтың назарына салу болатын. Жолай өткен жылы жарамды арканы бұзып, орнына тұрғызылған жаңа қақпаны тамашалап көргіміз келді. Әрине, біз жақсыны көргіміз келген, бірақ тұрғызылғанына бір жыл толмаған қақпаның қазіргі жағдайы көңіл құлазытады.

Оқырманға түсінікті болу үшін бір жылға шегініс жасап, былтырғы жазылған мақаланы еске түсірсек. Сол кезде редакцияға хабарласқан Әбдірахман есімді азамат «Сенесіз бе, Қарабұлақ ауылына кіре берістегі арканы бұзып, орнына жаңасын орнатып жатыр. Оның құны 16 миллион теңге екен. Ескісі де мықты еді. Арнайы құралмен бірнеше күнде әзер бұзды. Елге қызмет етіп тұрған нысанды бұзып, орнына басқасын салу мемлекет қазынасын желге шашу емес пе? Әлде Сайрам ауданында одан басқа мәселенің барлығы шешіліп қойып па? Бұл сомаға 7-8 көп балалы анаға шағын үй салып беруге болар еді. Ал, Сайрам ауданында ондай отбасылар аз емес», – деген болатын. Әрине, Әбдірахман нақты санды емес, ел аузында айтылып жүрген цифраны айтқан болуы мүмкін. Осыған байланысты біз нақты соманың қанша екенін білмек болып, тиісті мамандарға хабарласқанымызбен, сауалымыз жауапсыз қалған болатын. Соған қарағанда жоғарыда айтылған соманың аспаннан алынбағаны байқалады.

Ендігі жерде былтыр ғана тұрғызылған жаңа, дұрысы – жаңа да болса ескі қақпаның қазіргі жағдайына тоқталайық. Негізінде қақпаның жанына орындықтар қойылғанына қарағанда бұл жер адамдардың тынығып отыруына лайықталып істелгені анық. Алайда, қақпа маңын жайлаған сасық иіс адамдарды аулақ жүруге мәжбүр етеді. Ал жүргізілген құрылыстың сапасы сын көтермейді. Жаңа деген арканың кафельдері құлап жатыр. Кірпіштер мүжіле бастаған. Жоғары жағына орналастырылған темірлер желмен тербеліп, ұшып кетуге шақ қалып тұр. Бұл – көп ұзамай жаңа қақпаға жөндеу жұмыстары қажет болады деген сөз. Сонда қаншама жылдан бері міз бақпай, бұзылмай келген, тағы бірнеше жылдарға қызмет етуге жарамды қақпаны арнайы техникамен бұзып, орнына тұрғызған жаңа қақпаның бір жыл өтпей жатып ұсқынсыз күйге түсуіне кім кінәлі? Мұндай көзбояушылық кімге қажет болды? Осындай түкке тұрғысыз жобаларды жүзеге асыруға құмар шенеуніктердің көздегені не?

Іс бітті, қу кетті. Сайрам ауданының әкімдігі енді оны жөндеуге қанша қаржы жұмсар екен? Осындай сапасыз атқарылған жұмыстарды көргенде қазына қаражатының сұраусыз қалғанына қынжыласың. Қарапайым халықтың маңдай терімен келген қазына қаражатына шенеуніктердің жаны ашымайынша, мұндай келеңсіздіктердің тоқтамайтыны түсінікті. Ендеше, Сайрам ауданының тізгінін ұстағанына көп бола қоймаған Ұласбек Сәдібеков мырза осы мәселені жіті бақылауына алса екен дейміз. Осы істе жемқорлыққа жол берілген болса, кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс.   

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика