Ұмыт қалған салт-дәстүрлер

Халқымыз ежелден салтқа жүйрік, дәстүрге бай ел. Көнеден бүгінге жеткен жауһарларымыз ұрпақ тәрбиесінің ұстыны болып саналып, ынтымақ пен бірлікке негізделген. Олардың кейбірі қаймағы бұзылмай бүгінге жетсе, кейбірі дәуір көшінде қалып қойды. Қолданыстан шығып, ұмыт болған осындай дәстүрлерімізді оқырман жадында қайта жаңғыртсақ дейміз.

Аушадияр

Аушадияр — үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Ол жай өлең емес, өзіндік мақамы бар, мазмұны тәрбиелік маңызға ие болған. Бұл жырдың үлгілерін шетелдегі қандастарымыз сақтап, бізге жеткізген. Ал, елімізде қазіргі кезде айтылмайтын, сақталмай ұмыт қалған дәстүр. Жыр жаңа қосылған жастарға арнап айтылады.

 

Көгентүп, жиенқұйрық

Бұл салт тек қыздан туған жиендердің құрметіне арналған. Ондағы мақсат – құдалар арасында жиен немеренің де қадірлі екенін көрсету. Алыс жолға шыққан ата-анасымен бірге еріп келген кішкентай балаларға бұзау, құлын, қозы-лақ атайды. Бұл — көгентүп беру. Атаған көгентүбін кейін бермей кету өнегесіздік, дүниеқоңыздық саналған.

Ал жиенқұйрық сол үйге жиен болып келетін балаға жасалады. Нағашы жұртына келген жиен баланы құда күткендей сыйлап, оның үш қалауын еш қарсылықсыз орындаған. Кей өңірлерде мұны қырық серкеш деп атаған.

 

Біз шанышар

Ертеде қазақ қонақ күтерде арнайы жатын үйін, асханасын, тіпті ат-көлігіне дейін алдын ала сайлап қоятын болған. Қонақтың жағдайын жасап, дұрыс күте алмаса сөгіс естіп, тіпті ондайда айыпқа дейін салатын болған. Мәселен, табаққа салынған еттің ақ тамыры, не қол еттің безі алынбай қонағына тартылса айыбын қоса төлеген.

Халқымыз жазда түскі асын күн шаңырақтың үстінен түскен кезде ішкен. Осы уақытқа тап келгендер үй иелерімен бірге отырып, шайын ішіп, тамағын жеген соң аттанып кетеді. Көбіне қона бермейді. Ал, «біз шаншуға» келгендер ешкіммен сөйлеспей, аттарының ер тоқымын бір жерге жинап,  түскі астан соң да кетпей қояды. Үй иесі қонаққа арнап мал сояды. Қонған адам ертесіне сәске түсте үн-түнсіз аттанып кетеді. Әдетте мұндайда шалдар келеді. Қонақ кеткен соң үйдегілер бар гәпті түсіне қойып, дереу сырмақ қағады. Қайрағын іздейді. Содан сырмаққа шаншылған бізді көріп, қайрақтың жоғалғанын біледі. Бұл «Ұл ержетті, қыз бойжетті, жекжат болайық» дегені. Егер қызы бар үй қайрақты сұрамаса, әлгі қонақ болып  кеткен шалдар келіп құда түседі.

Жалпы, қайрақ — ұлдар қолданатын сайман. Ал ине — қыздардікі. Шалдардың сырмаққа біз шаншуы бізде бір ұл бар, осы шаңыраққа ұл болса дегенді тұспалдап білдіреді. Ал, қайрақты алып кетуі — құда болайық дегені.

 

Балдыз қалың

Балдыз қалың салты бойынша қалыңдығы қайтыс болса болашақ күйеу төлеген қалың малын қайтарып алмай, сол отбасының екінші қызын алуға құқы бар. Егер ол үйдің басқа қызы болмаса, төлеген малдың жартысы қайтарылады. Және күйеу ұрын барып, балдызын алатын болып келіссе, үстіне «балдыз қалың» төлейтін болған. Бұрынғы қалың малдың үстіне түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Егер ұрын келмеген болса, «балдыз қалың» төленбейді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған